• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Желтоқсан, 2020

Жетінші ғасырдан жеткен кітап

800 рет
көрсетілді

Елорда төрінде орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында VII ғасырда жазылған, өте құнды жәдігер «Мусхаф аш Шариф – Құран Кәрім» кіта­бының факсимилесі сақтаулы тұр.

Ұлттық орталықтың ғылыми-әдістеме жөніндегі орынбасары Қайыржан Күзембаевтың айтуына қарағанда, 13 ғасыр бұ­рын жасалған қасиетті кітап­тың көшірмесін Түркия елінің Ыс­танбұл қаласында ірге теп­кен Ислам тарихы, өнері мен мәде­ниетін зерттеу халықара­лық ғы­лыми орталығы (IRCICA) 2018 жылы сыйға тартқан кө­рінеді.

Бұл жәдігер ауызекі тілде «Оспан құраны» деп аталады. Өйткені, бұл кітап мұсылман әле­мінің үшінші халифасы Ос­пан Аффан тұсында жасалған. Себебі, ислам діні жарты әлем­ге тарағандықтан, араб емес ха­лықтарға Құранды дұрыс оқыту үшін қырағат қажет болды. Сөйтіп, бірінші халифа Әбу Бәкірдің кезінде хатқа түсіріліп, екінші халифа Омардың қызы Хафсаның қолында сақтаулы тұрған жалғыз Құран жеті нұс­қамен (қырағат) көбейтіліп, мұ­сыл­­ман діні жеткен жерлерге жіберілген.

Кезінде бұл кітаптың бір данасы Османлы империясының сарайында, екіншісі Басрада сақталғаны жайлы дерек бар. 1402 жылы Әмір Темір Османлы сұлтаны Баязидті талқандап, қайтарында Басраның орталық медресесінде тұрған кітапты Самар­қанға алып келген екен. 1868 жылы қала орыс отар­лаушыларының қолына өткен тұс­та, шіркеу қызмет­кер­лері қасиетті кітапты қолға түсіреді. Кітап ақыры Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфманның қолына тиеді. Ол кітапты Санкт-Петер­бург­тегі Империал қоғамдық кітап­ханасына жолдайды. Қазан төңкерісінен кейін Құран РСФСР Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Лениннің шешімімен Бүкілресейлік мұсылман ке­ңесіне жіберіледі. Одан кейін 1941 жылы кітап Ташкентте Өзбекстан халқының тарихи мұ­ражайына беріліп, мұнда 1989 жылға дейін тұрыпты. Кітаптың тұпнұсқасы қазір Өзбекстан Республикасының діни басқар­масы орналасқан Барақ хан медресесінде сақтаулы тұр.

Ал Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында тұрған көшірме Ыс­тан­бұлдың «Топ Капы» мұра­жайында сақталған нұсқа. Бұл жәдігер куфи каллиграфиясымен жазылған, 408 беттен тұратын, салмағы 10 кило, көлемі 40 х 44,5 сантиметр мөлшерінде – ис­лам мәдениетінің тарихы үшін аса құнды жәдігер ретінде қадірлі.