Зулаған уақыт... Күні кеше сияқты еді, депутаттық көк куәлікті қолға ұстап, өзімізге бөлінген кабинеттерге орналасып, Парламентке жаңа келген әріптестерімізбен танысып, етене араласып-құраласып жатқанымыз. Жаңа шақырылымдағы алғашқы кеңейтілген отырыс, алғашқы комитет жиналысы, алғашқы жұмыс тобы, алғашқы фракция жиналысы... Бәрі де көз алдымызда. Келесі жылдың басында, қазіргі Мәжілістің өкілеттік мерзімі бітіп, жаңа сайлау өткізілген кезде сол күндерге дәл бес жыл толады екен. Жалпы, кезекті шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған күннен басталып, жаңа шақырылған Мәжілістің бірінші сессиясының жұмысы басталған күні тоқтатылатыны белгілі. Жұмысымыз жалғасып жатыр. Әйтсе де, жаңа жылдың алдында тұрғанда өткен кезеңге қайта бір қайырыла қарап, алдын ала қорытындыларды шығара бастауға қазірдің өзінде әбден болады деп те ойлаймын.
Өмірдің қай саласында да уақыт деген зулап өтеді ғой, ал оның осындай жауапты қызметте жүргеніңде тіпті бөлекше сезілетінін анық айтамын. Парламент елдің барша халқы мен өңірлерінің өкілдерінен сайланған өкілетті орган екені белгілі, сондықтан да биліктің үш тармағының бірі ретінде мұнда жұмыстың қайнап жататынын бұрыннан мемлекеттік қызметкер болғандықтан жақсы білетінмін. Соның өзінде де парламенттік қызметтің қаншалықты қауырттығын, қаншалықты жауаптылығын дәл осы жылдарда соншалықты сергек сезіндім дей аламын.
Әрине Мәжіліс сынды аса ауқымды құрылымның жұмысын бір адамның көзімен ғана қарап сөз ету қиын-ақ. Сондықтан тек цифрларды сөйлетіп көрейік.
Алтыншы шақырылым кезінде Парламенттің қос палатасының 23 бірлескен отырысы өткізіліпті. Оларда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдаулары жария етілгені, ел өміріндегі ең маңызды мәселелердің қаралғаны, сондықтан да орны бөлек екені белгілі. Осы жылдарда Мәжілісте 61 рет «Үкімет сағаты», 6 рет Парламенттік тыңдау, 70 дөңгелек үстел, 18 конференция өткізілген екен. Мұндай ірі ауқымды іс-шаралардың әрқайсысы қандайлық тыңғылықты дайындықты талап еткенін көзіқарақты әрбір адам біледі. Бүгінде бұл тетіктер Мәжіліске атқарушы биліктің жұмысына бақылау жасау құқын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр дей аламыз. Осы арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменді Парламент қалыптастыру туралы тұжырымдамалық тапсырмасы тыңғылықты орындала бастады деудің артықтығы болмайды. Бұл бағыттағы жұмыстың алдағы шақырылымда да жалғаса түсеріне сенеміз.
Осы бес жылға жуық уақыт ішінде Мәжілістің 186 кеңейтілген отырысында 1207 заң жобаларына тікелей қатысты мәселе қаралыпты. 1207 мәселе... Бір сан, бір сөз. Тіпті сөйлем деуге де ауыз толмайды. Ал осылардың әрқайсысы қаншама қиындыққа түсетінін, қаншалықты дайынға қажет ететінін, жүйке жұқартатынын шамалау қиын емес. Солардың ішінде алты бірдей кодекстің қабылданғанын ерекше атау керек. Әлеуметтік салаға осы жылдары бөлекше назар аударылды, көп балалы отбасыларға жаңа жәрдемақылар белгіленді, атаулы әлеуметтік көмектің пішіні өзгертілді, педагог мәртебесі туралы, бейбіт жиналыстар туралы заңдар қабылданды. Заң жобасын салалық комитеттің (Мәжілісте жеті комитет бар) отырысының өзіне дайындау үшін қаншалықты жұмыс атқарылатынын көзге елестетіп қараңыз: тапсырылған тақырыпты шұқшия зерттеп, арнаулы әдебиетті оқып, тиісті министрліктен талдамалы материалдар алдыртып, мамандарды шақыртып, ақылдасып жатамыз, лауазымды тұлғаларға сұрақ қойып, жауап алып, бір жауапқа көңіл толып, бір жауапқа көңіл толмай, кейде тіпті қайтадан жиналамыз. Ал Парламент депутаты ретінде Мәжілістің кеңейтілген отырысына мәселе дайындаудың, қаралатын заң жобасын жеріне жеткізіп әкелудің жауапкершілігі тіпті басқа. Жобаны жеріне жеткізудің қаншалықты қиындығын мынадай мысалдармен-ақ айтуға болады. Жекелеген заң жобалары бойынша жұмыс тобының отырыстары қырықтан астам рет өткізілген кездер бар. Бұл не деген сөз? Бұл сол жұмыс тобының апта сайынғы отырыстары шамамен бүкіл сессия бойына, яғни он шақты айға созылған деген сөз. Экологиялық кодекс солай дайындалды. Әр жұмыс тобының отырысы аз дегенде екі жарым-үш сағаттай уақыт алатынын (төрт сағатқа созылған отырыстарды да білеміз) ескерсек, сонда бір заңның жобасын алдын ала талқылауға 120-дан астам сағат уақыт кеткен болып шығады. Бұл айтуға ғана оңай. Ол отырыстардың стенограммалары жүздеген бетті құрайды. Кейбір заң жобаларына депутаттар тарапынан енгізілген түзетулер саны 900-ге жуықтаған екен. Халықты қатты толғандырған маңызды құжат Денсаулық сақтау кодексі болды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуре Аманжолова жетекшілік еткен жұмыс тобы Үкіметтен келген жобаға 715 түзету енгізген. Оның сыртында ілеспе заңдарға енгізілген 160 түзету тағы бар. Мәселенің көкейкестілігіне байланысты аз уақыттың аясында жұмыс тобының 42 отырысы өткізілген. Қатты талқыланған сондай жобалардың бірі – Экологиялық кодекске 715 түзету енгізілген.
Заң жобасына мұншама көп түзету енгізілуі екі жайды көрсетеді. Біріншісі – Үкімет тарапынан келіп түскен жобаның шикілігін, екіншісі – депутаттардың жауаптылығын. Бір ғана мысал келтірейік. Күні кеше ғана, 23 желтоқсанда өткізілген кеңейтілген отырыста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мемлекеттік сатып алу туралы заңның Үкіметтен түскен жобасына түзетулер енгізу арқылы өткізілмеген деп табылған сатып алу бойынша бір көзден сатып алу жөнінде шарт жасасу мүмкіндігін жоюға тура келгенін айтып, салалық министрді сынады. Нұрлан Зайроллаұлы бұған шенеуніктердің конкурстық құжаттамаларды сапасыз дайындауының салдарынан жол берілетінін, конкурсты өткізілмеді деп тану арқылы бір көзден сатып алуға жол ашылатынын қадап айтып, заңға депутаттар енгізген түзетулер мемлекеттік сатып алудың тиімділігін арттыратынын, түптеп келгенде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесетінін атап көрсетті. Жалпы, Төрағаның әр мәселеге егжей-тегжейлі қарайтыны, қай тақырыпты да қопара зерттейтіні, әр сөзін шегелеп сөйлейтіні біздің бәріміз үшін мемлекетшілдіктің мағыналы мектебі болды деп разылықпен айта аламыз. Ол кісінің биылғы «Үздік парламентарий» атануы осы сөзіміздің бір дәлелі дер едік. Төрағаның іскерлігі мен беделі 2019 жылғы күзде Еуропа мен Азия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесін өткізу кезінде де келісті көрінді. Сол алқалы жиынға қос құрлықтың 65 елінен парламенттік делегациялар келгені, олардың 41-ін парламент спикерлері басқарғаны, сондай-ақ 14 халықаралық парламенттік ұйымдар басшылары қатысқаны көп жайды аңғарта алады.
Парламент жұмысы анағұрлым ашық бола түсті. Мысалы, қазір жұмыс топтарының отырыстарына депутаттар ғана қатыспайды. Соңғы төрт жылда заң жобаларын талқылайтын жұмыс топтарының құрамына саяси партиялардың өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері, салалық мамандар, сарапшылар тартылып, олардың пікірлері ескеріліп жүр. Кейінгі кезде Мәжілістің кеңейтілген отырыстары ғана емес, салалық комитеттердің отырыстары да жекелеген сайттарда, порталдарда онлайн түрде көрсетіледі. Үйде немесе жұмыста интернет қосып қойып, Мәжілісте қандай мәселе қарастырылып, кімнің нендей пікір білдіріп жатқанын, қай министрдің сұрақтарға қалай жауап беріп тұрғанын тікелей бақылап отыра аласыз. Заң шығару процесі көз алдыңызда өтіп жатады. Заң жобаларын жетілдіру барысында тек бұқаралық ақпарат құралдарындағы айтылған ойлар ғана емес, әлеуметтік желілердегі комменттер де ескеріледі. Неге? Бұл – заң. Құқықтық мемлекет заңмен өмір сүреді. Заң дайындау барысында сөйлемнен, сөзден тұрмақ, үтірден қателесуге болмайды. Иә, орнымен қойылмаған үтірдің өзі заң мәтіні сияқты аса маңызды құжатта мағынаны бұрмалап тұруы әбден мүмкін. Сондықтан да депутаттар заң жобаларына барынша ықтияттылықпен, жауаптылықпен қарайды. Бір баптың төңірегінде бірнеше сағатқа созылатын пікір алмасу, тіпті кейде қызба-қызу таласқа түсу болып тұрады. Сондай жағдайда да халық қалаулыларының дискуссия мәдениетінің шегінен шыққан кезін көрген емеспіз. Оны мен Мәжілістегі депутаттық этика жөніндегі комиссияның жетекшісі ретінде жақсы білемін.
Өткен мерзімде Мәжіліс ұзын саны 487 заң жобасын қарастырған, соның 431-і қабылданып, Сенатқа жіберілген. Олардың 390-на Мемлекет басшысы қол қойып, күшіне енген. Бұл – ұлан-ғайыр, ұшан-теңіз жұмыс.
Депутаттардың ортақ іске жанашырлығы уақыт талап ететін заңдарға қозғау салудан да көрінеді. Айталық, осыдан біраз жыл бұрын бір топ депутаттар «Волонтерлік қызмет туралы» заңның қажеттілігі жөнінде мәселе көтерген еді. Ондай заңнаманы құрудың өзектілігі мен уақтылылығы осы институттың қарқынды дамуымен және бұл қызметтің жеткілікті дәрежеде нормативтік-құқықтық реттелмеуімен байланысты еді. Кейіннен ол заң дайындалды да, қабылданды да. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Жаһанды жайлаған пандемия жағдайында еліміздегі волонтерлер қозғалысының қандайлық пайда көрсеткенін бәріміз білеміз.
Мәжілістегі партиялық фракциялардың рөлі артуда. Парламенттік плюрализм орнығып келеді. Жекелеген заң жобалары бойынша белгілі бір саяси фракция мүшелерінің қарсы дауыс беруі де қалыпты жай деп қараймыз. Барлық мәселеде бірауызды болу міндетті де емес. Сондықтан да Мәжіліс регламентіне жақында енгізілген өзгерістер мен түзетулерде «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары ойластырылып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 адамдық депутаттық тобы Парламентте елеулі ұйыстырушылық міндет атқаруда. Оның құрамына барлық фракциялардың өкілдері, ешқандай партияда жоқ депутаттар енген.
Жұмыстағы тағы бір жаңалықты бөлекше айтқымыз келеді. Бүгінде Мәжіліс Үкіметтен түсетін заң жобаларын күтіп отырумен, келген құжаттармен жұмыс істеумен шектелмейді. Соңғы кезде депутаттардың заңға бастама болу өкілеттілігі анағұрлым артып келеді. Негізінде, алтыншы шақырылымда бұл істе шын мәнінде сілкініс болды деудің де еш артығы жоқ. Неге осылай деп сеніммен айтып отырмын? Себебі осы шақырылымда Мәжіліс депутаттарының өздері 60 заң жобасын жазып шықты. Неге «сілкініс» деген сөзді қолданып отырмын? Өйткені осы бір шақырылымдағы депутаттар жазған заңдар саны бұнан бұрынғы бес шақырылымның бәрін қосқандағы депутаттар жазған заңдардың санынан да артық... Бұған қосымша түсініктеме беріп жату қажетсіз, әрине.
Парламенттік қызметтің нақты танылар бір қыры – депутаттық сауалдар. Үкіметке жолданған 1149 сауалдың әрқайсысында соны дайындаған халық қалаулыларының мәселені байыппен зерттеуі, көпшілік үшін көкейкесті мәселені дөп басып табуы, проблеманы дер кезінде көтере білуі жатыр. Әріптестеріміз Нұртай Сабильянов, Омархан Өксікбаев, Кәрібай Мұсырман, Артур Платонов, Павел Казанцев, Аманжан Жамалов, Мұрат Теміржанов, Ирина Аронова, Азат Перуашев, Меруерт Қазбекова, Ирина Смирнова, Айқын Қоңыров, Шакир Хахазов жолдаған сауалдар дәйім кәсіби деңгейінің биіктігімен ерекшеленіп тұрады. Сауалдарға қайтарылатын жауаптар да нақтылы, пәрменді бола түсуде. Жылжытпа жауаптарға қанағаттанбаған жағдайда мәселені нақтырақ қарауды талап етіп, қайтадан жауап алдыртатын депутаттар да баршылық. Мен осы мақаланы жазу үшін аппараттан сұратқан мәліметтердің ішінде депутаттарға келген хаттар саны да бар еді. Бұл жағынан да қыруар шаруа атқарылыпты – депутаттар атына 23700 хат түсіп, олардың бәрі де тиісті орындарға жолданған, тиісті жауаптар алынған, хат иелері хабардар етілген. Осы бес жылда өңірлерге 14 рет шығып, ұзын саны 17 мыңнан астам кездесу өткізген екенбіз, оларға 1 миллион 140 мың адам қатысыпты. Елмен етене араласуымыз биылғы пандемияға байланысты біршама бәсеңсігені рас, бірақ бұған қылар қайран да болмай тұр. Айтқандай, Мәжіліс аппараты күрделі эпидемиялық ахуал жағдайында да күнделікті жұмыстың кідіріссіз жүруіне қажетті жағдайдың бәрін жасады. Zoom жүйесі арқылы жұмыс топтарында, комитеттер отырыстарында тиісті министрліктер, комитеттер өкілдерімен байланысуымыз, баяндамаларын тыңдауымыз, сұрақ қойып, жауап алуымыз қиындыққа түспеді.
Осы бес жылда ауыз толтырып айтарлық жақсы жаңалық, жанымызды жадыратар жетістік – Мәжілістің мемлекеттік тілді қолдануында шын мәнінде бетбұрыс жасалғандығы. Алтыншы шақырылымда Мәжілісте қазақ тілінің қолданылуы 64 пайызға жетті. Иә, бұл – шын мәніндегі бетбұрыс. Мысалы, төртінші шақырылымда бұл көрсеткіш 40 пайыз болған екен. Тағы да құрғақ сандардың өзін сөйлетейік. Тағы да салыстыра айтайық. Осы бес жылда Мәжілістегі 550 баяндаманың 495-і мемлекеттік тілде жасалыпты. Бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Баяндамалар бойынша мұндай көрсеткіш төртінші шақырылымда 60 пайыз, бесінші шақырылымда 70 пайыз болыпты. Қосымша баяндаманың 550-нің 392-сі мемлекеттік тілде жасалыпты. Бұл – 71 пайыздық көрсеткіш. 3020 сұрақтың 1632-сі қазақша қойылыпты, яғни 54 пайызы. Төртінші шақырылымда 1151 сұрақтың 362-сі (23 пайызы), бесінші шақырылымда 1891 сұрақтың 702-сі (37 пайызы) қазақша болған екен. Айтқандай сұрағын мемлекеттік тілде қоятын өзге тілді әріптестеріміздің қатары да қалыңдай түсуде. Мысалы, Ирина Унжакова, Снежанна Имашева, Наталья Жұмаділдаева, Наринэ Микаелян сұрақтарын қазақ тілінде қойып, қазақ тілінде сөйлеулері үйреншікті жағдай болды. Сол депутаттардың бірінің сұрағына орысша жауап қайтарған қазақ азаматына Нұрлан Зайроллаұлы: «Өзіңіз ойлап қараңызшы, сізге кім қай тілде сұрақ қойып тұр, ал сіз қай тілде жауап қайтарып тұрсыз? Намыс бар ма өзі?» дегенде залда отырған біздің жүзіміз ұяттан жанып кетіп еді. Қазақша таза сөйлейтін Геннадий Шиповских, Шаймардан Нурумов, Фахриддин Қаратаев сияқты бауырларымыз да мемлекеттік тілдің беделін көтере түсуге септесуде. Тиісінше қазақша қойылған сұраққа қазақша жауап қайтару да артып келеді: 1202 рет жауап қазақша қайтарылған. Бұл – 40 пайыздық көрсеткіш. Мұндай көрсеткіш төртінші шақырылымда 20 пайыз, бесінші шақырылымда 28 пайыз болыпты. Өсім айқын. Айырма көзге ұрып тұр. Сонымен бірге қазақша қойылған сұрақ пен қазақша қайтарылған жауаптың пайыздық айырмасы (54 пайыз бен 40 пайыз) анық көрінеді. Мұнда екі себеп бар. Біріншісі – объективті. Өзге тілді лауазым иелерінің бәрі бірдей жауапты қазақша қайтаруға қабілетті емес қазірше. Ол түсінікті жай. Екіншісі – субъективті. Ұлты қазақ лауазымды тұлғалардың арасында да беті шімірікпей, «Разрешите мне ответить на русском языке...» деп бастап, баяғы салып алған соқпағымен тарта беретіндері баршылық. Сондайлардың бірі «Я отвечу на доступном, понятном языке» деп сөйлей жөнелгенінде әріптесіміз Сауытбек Абдрахмановтың сол мезетте сөз сұрап, «Қазақ тілі мына сіздейлер үшін ғана «қолжетімсіз, түсініксіз» тіл» деп тыйып тастағаны есімізде. Алдағы кезде де елім деген, тілім деген депутаттар осы ұстанымнан айнымайтынына сенеміз. Әрине біз келтірген деректердің мемлекеттік тілдің Парламенттегі қолданысы жылдан-жылға артып келе жатқанын, әсіресе соңғы бес жылда бұл істе едәуір сілкініс болғанын даусыз дәлелдейтіні анық.
Сырттан қарағанда бәрі оңай көрінеді. Парламенттегі жұмысты да жеңіл санайтындар табылады. Депутаттық міндеттің салмағын Парламент мүшесінің міндетін бірнеше жыл қатарынан атқарған адам ретінде өзімнің нақты білетінім анық. Сондықтан да бұл эстафетаны біздің қолымыздан алатын болашақ депутаттардың баршасына мемлекетшілдік, азаматтық белсенділік, кәсіби іскерлік, қоғамдық жауапкершілік тілеймін. Осы жылдарда біздің бәріміз үшін өнегелі өмір мектебі болған Мәжіліске разылығымызды білдіреміз, алдағы кезде де саясаттағы сабақтастық сақталып, отандық парламентаризмнің Елбасымыз қалыптастырып берген дәстүрлері дами беретініне сенеміз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мәжіліс депутаты