• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Желтоқсан, 2020

Жүйрік қыздың жүлдесі

294 рет
көрсетілді

Қазақстандық жеңіл атлетші, Олимпиада чем­пио­н­ы Ольга Шишигина спорттық жеке заттарын елордадағы Ұлттық музейге тарту етті.

Ольга Шишигинаның сыйға тарт­қан жеке заттары Ұлттық музей­дің «Асыл мұра» залынан орын ал­ды. Олардың қата­рында таны­мал спорт­шының 2000 жылы Сид­ней жазғы олимпиадасынан есте­лік заттары, сон­дай-ақ басқа да халық­ара­лық спорт­тық жарыстарда жеңіп ал­­ған ме­дальдары мен наградалары бар.

«Спорттағы жетістік­терімнің бір бөлігін музейге тапсыратын кез кел­ді деп ойлаймын. Медальдар мен ма­рапаттар үйде ғана сақталып тұрмай, музейде сақталғаны жөн шы­ғар. Себебі менің жетістіктерім – ол елімнің жетістігі. Осы орайда ендігі уақытта музейге келушілер ме­нің спорттағы жеңіп алған ма­рапаттарымды өз көз­дерімен көре алады. Бұл заттар менің өмірімнің бір бөлігі десем де болады. Мұн­да Кеңес Одағы заманынан күні кешеге дейін­гі мен қатысқан жарыстардан ес­теліктер бар»,  деді Ольга Шишигина.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ спорт және мә­дениет саласының өкіл­дері қатысты.

Олимпиада чемпионы Ұлттық музейге барлығы 45 жеке затын сыйға тартты. «Ольга Шишигина біз үшін спорттағы жар­қын же­ңістің символы. Жер­лесіміздің Сидней Олим­пиа­дасындағы же­ңісі әлі күнге есімізде және ол спорт тарихында мәңгі қалады. Бұл кісі ота­­нымыздың патриоты және спортпен қатар еліміздің дамуына да өз үлесін қосып келеді», дейді Ұлттық музейдің ди­ректоры Арыстанбек Мұха­медиұлы.

Айта кетсек, аталған іс-шара «Ұлттық музейге сыйға тарту» жобасы аясында ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – елімізге және әлемге танымал тұл­ғаларға тиесілі құнды жә­не естелік заттарды сақ­тап, оны кейінгі ұр­паққа жеткізу.