• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сайлау 29 Желтоқсан, 2020

Отандық өндірушіні қолдау қажет

612 рет
көрсетілді

Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Нұр-Сұлтан қаласындағы супермаркеттер желісі мен сауда орындарын аралап, отандық өндірушілердің өнімдері бар-жоғын тексерді.

ҚХП мүшелері қазақстан­дық компаниялар ұсынатын дүкен сөрелеріндегі барлық тауар түрлерін қарап, зерделеп шықты. «Халықтыкін сатып ал» акциясының аясында депу­таттыққа кандидаттар қазақ­­стандық өндірушілердің өнімдерін сатып алды.

Қазақстан Халық партия­сының мүшелері жергілікті тауарлардың құнын көтермеу керек деп санайды. Мұндай өнімдердің бағасын уәкілетті органдар бақылауы керек. Себебі азық-түлік бағасының күрт көтерілген кездері туралы бұған дейін де аз айтылған жоқ. Алайда кейбір отандық өнім­дердің бағасы қымбат екенін қарапайым халық жақсы біледі. «Қазақстанда жасалған» деген белгі соғылған тауарлардың импорт өнімдерінен сәл де болса бағасы жоғары екені жиі айтылып жүр.

Өз отанымызда өндіріліп, ол тауарды тұтынушылар да өз азаматтарымыз болған соң өнімді пәлендей қымбатқа сатудың да жөні жоқ секілді. Дегенмен, кей өндірушілер көп өнім шығарып көп қаражатқа кенелудің орнына аз өніммен-ақ көп пайдаға кенелгілері келетін секілді. Міне, осындай олқылықтың орны толмайынша отандық өнімнің алға баса қоюы қиын. Қарапайым тұтынушылардың қай-қайсысы болсын отандық өндірушіні қолдауға даяр. Тек, бағаны қым­баттатып, көңілге кірбің ұяла­тып алмау керек.

– Биыл пандемия кезінде біз үлкен мәселеге тап болдық. Ол – отандық өндірушілердің өнімдері мен қажетті тауарлар бағасының өсуі. Бір литр өсімдік майының бағасы 700 теңгеге дейін көтерілгенін бәріміз көрдік. Айта кету керек, біз отандық өндірушінің өнімі туралы айтып отырмыз. Бір килограмм қант 300 теңгеге дейін қымбаттады. Мемлекет аза­маттарға қолдау ретінде бөлген 42 500 теңгеге отандастарымыз көп өнім сатып ала алмайтынын жақсы түсінеміз, – дейді сауда орындарын аралаған кандидат Жамбыл Ахметбеков.

Қазақстан Халық пар­тия­сы­ның атынан депут­ат­тық­қа ұсы­нылған кандидаттар ха­лық­тың осал топтарына әлеу­меттік қолдау ретінде бөлі­нетін қаражат мөлшері тым аз деп отыр. Сондықтан әлеуметтік қам­сыздандыру төлемдерінің мөлшерін арттыру қажет деп есептейді. Олардың айтуынша, тұрақтандыру қорлары­ның мүмкіндіктерін кеңейту керек. Қазақстандық өндірушілер тауарларының құны артпауы тиіс. Кандидаттар бұған дейін еліміздің азық-түлік қауіпсіз­дігі Қазақстан Халық партиясы­ның сайлауалды бағдарламасы­ның негізгі тармақтарының бірі болып саналатынын бір­неше рет мәлімдеген болатын. «ҚХП азық-түлік қауіпсіздігін және қазақ­стандықтардың тең құқықтарын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашы­лы­ғы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жекемен­шікке сатуға заңды тосқауыл қою керек дейді. Партияның мүшелері осы мәселе бойынша референдум өткізу қажет деп есептейді. Біз бірінші кезекте қажетті өнімдер мен тауарлардың сапалы өндірісіне қол жеткізуге ниеттіміз. Пар­тияның басты міндеті – елімізді барлық қажеттіліктермен қам­тамасыз ету. Содан кейін ғана өнімімізді шетелге жеткізу», дейді Ж.Ахметбеков.