«Көздерiнде от ойнар, Сөздерiнде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемiн!» Мағжан сеніп кеткен жастарға мемлекет те сенім артып отыр бүгінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту үшін Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау жұмыстары қолға алынды.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы, бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте өздеріңіз сияқты білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен мемлекетімізді одан ары өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуға тиіспіз. Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз керек» деген еді.
Айтқандай, маңызды бастама арқылы ой-өрісі кең, білімі терең, ел үшін еңбек етуге құлшынысы жоғары жалынды жастар резерві жасақталып жатыр. 2019 жылы Республика бойынша резервке іріктелген 300 жастың отызы шығысқазақстандық еді. Солардың бірі бүгінде Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген – Алмат Ақышов. Президенттік жастар резервіне өтіп, жас та болса бас болып жүрген Алмат Талғатұлымен әңгімелескен едік.
– Егемен елде туған соң сіздің ойлауыңыз да, арман-мақсатыңыз да басқа. Ел етек-жеңін енді жиып жатқан кезде ес білдіңіз, оқыдыңыз. Басшылық қызметке топ етіп төбеден түспегеніңізді де білеміз.
– Иә, бабаларымыз көрген қиындықты көрмесек те алмағайып заманның бір шетін көріп қалдық. Несін жасырамын?! Кішкентай күнімізде Өскеменнің шет жағындағы жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Үш баламыз бір үйде. Ортада буржуйка пеш тұратын. Үшінші қабаттамыз, мұржасын терезеден шығарып қойған. Әке-шешеміз болса, бізді асырау үшін таңның атысы, кештің батысы табанынан таусылып еңбек етеді. Кейін Марқакөлдің Шанағатты деген ауылынан үй бұзып алып келіп, қалаға салдық. Сонда ғана, тоғызыншы сынып оқып жүргенде өз бөлмем болды. Ата-анама көмектесейін деп металл тапсырдық, бөтелке жинадық. Тапқан тиынды үйге алып келетінмін. Қысқасы, еңбекпен біте қайнасып өстім. Студент кезде официант, швейцар, кондуктор сияқты жұмыстарды істедім.
Тура бір жыл бұрын Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң, 15 қаңтарда Президентпен кездестік. Содан кейін облыс әкімі Даниал Ахметовтің қабылдауына кірдім. Сонда әкім істеген қызметімнің тізімін қарап отырып, көп жерде істепсің ғой деп жылы жымиды. Сөйтсем әлгі қағазда швейцар, кондуктор болып істегенімнің бәрі жазылып тұр екен. Сөйтіп сол жерден Аягөз ауданына қызметке жіберді. Өмірі болып көрмеген ауданға әкімнің орынбасары болып, жұмысқа бардым.
– «Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет» Бұл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Сіз ше, мемлекеттік қызметте жүріп, халық үмітін ақтай алып жүрсіз бе?
– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жүргенде, ұстаздарымыз «халыққа жақын болу керек» дегенді үнемі миымызға құйып отырды. Оқуды бітірген соң Ұлан ауданы әкімдігіне аппарат жетекшісі болып келдім. Сонда ақылдаса отырып, әкімдік ішінде көлденең тұрған тосқауыл темірді алғызып тастадық. Яғни әкімдікке келген тұрғындар кедергісіз ішке енеді. Бұл психологиялық тұрғыда халықты билікке жақындату еді. Сонымен қатар бірінші қабатқа әкімнің азаматтарды қабылдау бөлмесін жасадық. Сұрақпен келген тұрғындарды әкім күттіріп қоймайды, керісінше, өзі де бір қадам жасап, алдарынан шығады. Тағы бір айта кетерлігі, халықпен бірлесіп, Аягөздегі жылу қазандығының мәселесін шештік.
– Мемлекеттік қызметкерлерге деген халықтың көзқарасы өзгерген. Парақорлық, жемқорлық та жоқ емес. Бұл жөнінде жас кадр ретінде не айтар едіңіз?
– Ертең біреу әкеме келіп, «әй сенің ұлың жарады» десе, ең үлкен марапат мен үшін сол. Сондықтан да өзім адал қызмет етуге тырысамын. Орайы келгенде айта кетейін, коррупцияның үш деңгейі бар екен. Біріншісі – заңнан қорқу, екіншісі – қоғамның көзқарасынан қорқу, үшіншісі – адамның өзінен қорқуы. Мысалы, дамыған мемлекеттер үшіншісіне жетіп қойыпты. Ол жақта көпшілік қызметкерлер ар-абыройын жоғары қояды. Ал біз ше, біз тек заңнан қорқамыз. Дегенмен, заман өзгеріп келеді. Өзім АҚШ, Жапония, Германия сынды мемлекеттерде болдым. Салыстырып қарасам, ол жақта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жоғары екен. Менің ойымша, жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы – жалақыны көтеру. Әйтпесе ұшқыр ойлы, білімді, мінезді, намысты жастар бар. Олар ел үшін еңбек еткісі-ақ келеді. Бірақ отбасыларын асырау үшін жоғары жалақылы жұмыстарға кетіп қалып жатады.
– Кімдерді идеал тұтасыз?
– Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхандарды айтамын, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп ұлт мүддесі үшін өмірлерін бәске тікті. Шын, білімің бола тұра, мінезің болмаса біліміңді қайтіп пайдаланбақсың?! Сондай-ақ шекараны шегелеп, жаңа астана салып берген Елбасымыздың еңбегіне бас иемін. Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай сабырлы, байыпты азамат. Көп жағдайды ашық айтуға тырысады. Облысымыздың әкімі Даниал Кенжетайұлының тәжірибесінен көп үлгі алуға болады. Істің адамы. Әрбіреуіміз адал қызмет етіп, артымызда атымызды қалдырсақ, хатымызды қалдырсақ деймін.
P.S. Иә, «жас келсе, іске» демей ме?! Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен соң елдің ертеңі үшін теңізге тамған тамшыдай болсын үлес қосқан жөн шығар. Мемлекет артқан сенімді жастарымыз ақтап жатса, болашағымыз жарқын болары анық.
Шығыс Қазақстан облысы