• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сайлау 31 Желтоқсан, 2020

Балалар капиталын енгізуді ұсынады

283 рет
көрсетілді

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов «Ауылдан ауылға» акциясының аясында «Жайық агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Үгіт-насихат тобының құрамында облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар болды.

Үгіт-насихат тобы өндірістік кешенмен танысып, мұндағы еңбек ұжымына «Ауыл» партиясының сайлауалды тұғыр­намасының бастамаларын түсіндірді. «Ауыл­­дықтардың» пікірінше, қайта өңдеу кәсіп­орындары агроөнеркәсіптік кешен жүйе­­сіндегі негізгі буын саналады. Бір жағы­нан, бұл кәсіпорындар қосылған құнды қалып­тастырады әрі осы саланың инвес­тиция­лық тартымдылығын арттырады. Екін­ші жағынан, ауыл шаруашылығы өнді­ру­ші­лерінен шикізатты тұрақты сатып алуды қамтамасыз етеді.

Бұл салада бірқатар мәселелер бар. Мәселен, тиімді әрі ұзақ мерзімді несие­лік ресурстар қолжетімсіз. Сондай-ақ са­тылымды қолдау үшін «жылдам» ақшаға деген тұрақты қажеттілік бар. Бұдан бө­лек, қосылған құн салығын төлеу керек. Батыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаттығына кандидат Т.Ескендіровтің айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындары шикізаттың 60%-дан астамын жеке тұл­ғалардан сатып алады. Сонымен қатар қосылған құн салығы ет комбинаттарына жеке қосалқы шаруашылықтарға жақсы баға ұсынуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан шикізаттың едәуір бөлігі тиісті өңдеусіз делдалдар арқылы нарыққа шығады.

К.Машырықов мұндай мәселелер ел Президентінің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға кедергі келтіретінін және осыған байланысты партия агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қосылған құн салығынан босатуды ұсынып жүргенін жеткізді.

Сондай-ақ «Жайық агро» ЖШС-ның еңбек ұжымымен кездесу кезіне пар­тияның әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары туралы да ай­тылды. К.Машырықовтың айтуынша, «Ба­ла нәсібі» балалар капиталын енгізу жәр­демақы түрлерін 7-ден 1-ге дейін қыс­қар­­туға мүмкіндік береді және халыққа түсі­­нікті болады.

– Статистика көрсетіп отырғандай, өткен жылы бір жасқа дейінгі бала күтімі бо­йынша жәрдемақыны жаңа туған бала­лардың тек 65%-ы ғана пайдаланған. Жәр­демақылардың бірнеше түрінің болуына байланысты қателіктер орын алады. Әсі­ресе, бюрократиядан шаршаған ауыл әйел­дерінің мемлекет ұсынған көмектен бас тартқан жағдайлары кездеседі, – дейді К.Ма­шы­рықов.

Кездесуге қатысушылар бала капи­талын енгізу – туындаған мәселені біржо­лата шешіп, әлеуметтік қолдаудың қолже­тімділігін арттырады деген ортақ пікірге келді.

Сонымен қатар аталған партияның кан­ди­даттары өңірлерде бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Мәселен, Павлодар облысында Парламент Мәжілісінің депу­тат­тығына кандидат Н.Арсютин, Павлодар облыстық мәслихатының депутаттығына кандидаттар Б.Аманжолов, Е.Тоқтышақов және партияның сенімді өкілдері Е.Бай­ғұрманов, А.Батыршаев Ақсу ауданы Қал­қаман ауылының тұрғындарымен кез­десіп, партияның сайлауалды бағдарламасын та­ныстырды.