Тәуелсіздік алған 30 жылда қол жеткізген биігіміз, сондай-ақ алдағы алынар асуымыз, бағындырар бағытымыз туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың толғамдары жүрекке жылы тиіп, зиялы қауымға, әсіресе тілші-ғалымдар мен жоғары оқу орындарында білікті мамандар даярлауда елеулі еңбек етіп жүргендерге жол көрсетер мемлекеттік маңызы мол мәселеге үн қосуды азаматтық парызым санап, қолға қалам алған жайым бар.
«Тәуелсіздік мерейтой аясында бір туар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге керек» дегені де көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз. «Құрметтеп, көтермесе көрегенді, Қазағым қайдан алады кемеңгерді...» деп аяулы ақынымыз айтқанындай, кемеңгерлеріміздің қайраткерлігін көкке көтеріп, бағалай білсек, елдік, мемлекеттік мүддеге, туған тілді ту етіп ұстауда өзіндік ұстанымдармен ерекшеленген ардақтыларымызды ардақтау арқылы жастарымыздың бойына патриоттық сезімді әбден қалыптастыратынымыз хақ.
Тілші-ғалым ретінде Президентіміздің мемлекеттік тіл туралы ойлары ең алдымен тіл жанашырларының көптен күткен үмітінің ақталуына апарар жол іспеттес көрінді маған. Өйткені, соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жетті», «Тілімізді тұғырына қондырайық», «Қазақ тілін дамытамыз десек...» сияқты ел ағаларының, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге байланысты мақалалары көптеп жарияланып, мемлекеттік тілді дамытуға байланысты өздерінің ұсыныстарын айтып, оның іске асуына мүдделі мекемелердің мән беруін өтінген өзекті ойлар қоғамдық ой-пікір туғызған еді. Мемлекет басшысының бүгінгі мақаласы «халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының жалаң сөзге емес, нақты істерге негізделгенінің дәлелі ретінде көптің көңілінен шығып отырғаны астын сызып айтқым келеді. Мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артқанын, мәселе – ниетте екенін, ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты екенін айтқан ел басшысының пікірі құрметке лайық. Біздің ойымызша, ниетпен бірге, Үкімет мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттілікті де тудыру тетіктерін қарастырғаны дұрыс болар еді.
Ең алдымен, халық қалаулыларынан бастап, барлық мемлекеттік қызметкерлерді өз салалары бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын, атқаратын қызметіне сай тілді меңгеру құзыреттілігі қанағаттандырады деген тестіден өткізуді қолға алатын кез келді деп есептеймін. Елдің де, күтетіні – осы!
«Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады...» деген үндеуі тыл жанашырлар тілегінің ескерілгені деп бағалауға болады. Шынында да, ел бірлігі жарасқан тәуелсіз еліміздің азаматтары мемлекеттік тілді меңгеру парыз ғана емес, міндетім деп түсінетін болса, қазақ тілін тұғырына қондыратын күн де алыс еместігін сендіретіні сөзсіз.
Жастар ағылшын тілін немесе басқа тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам, оны әлдеқашан біліп шығатын еді... Жастарымыз бірнеше тіл білуі өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал», деген Мемлекет басшысының елге жолдауы – халық қолдауына ие болатыны күмән тудырмайды. Президенттің сөзін толық қолдай отырып, Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл- сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл- күйініш»,- деген қағидасын жастардың санасына сіңіруге шаршамауымыз керек. Біздің тараптан қосармыз – шет тілді білуді ана тілінен бастау қажет деген ұстанымды әрқашанда есте ұстағанымыз абзал.
Сонау, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың өзінде, елдегі қиыншылықтарға қарамастан Тұңғыш Президент – Елбасы «Болашақ» жобасын ұсынып, талантты ұл-қыздарымыздың сапалы білім алып, елімізді өркендетуге өркениетті елдердің тәжірибесін таратуда үлгі болады деген үкілі үмітпен әлемнің айтулы университеттерге жіберуі және олардың бұл күндері еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып жатқаны белгілі.
Енді, Елбасының сарабдал саясатын жемісті жалғастырылып жатқанының куәсіндей азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды тапсыруы - Мемлекет басшысының ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін...» деген жалынды жырымен астарласып, жастардың Отанға шексіз сүйіспеншілікпен қарап және халқына қалтқысыз қызмет етуге жол ашу деп бағалауға болады.
Ел тәуелсіз болмай – тіл тәуелсіз болмайды деген қанатты сөздің іске асып, тәуелсіздіктің арқасында мемлекеттік тіліміз де одан әрі дами беретінін нық сеніммен айта аламыз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Филология ғылымдарының докторы, профессор