1984 жыл. Алматы ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек факультетін бітіріп, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Кеңес Одағының қос батыры Қашаған Жаманқараев, Рахымжан Тоқатаевтай ағаларымыздың кіндік қаны тамған Қаракемер совхозына қызметке барған кезім. Бір күні жұмыс орныма есекке мінген, артына қоңыр қодығы ілескен жасы алпыстан асып қалған бір ақсақал іздеп келді.
Шығып амандастым. «Жаңадан келген жас бригадир жігіт сен бе?» деді. «Иә, менмін» деп жөн сұрасып, біраз отырдық. Бір кезде ақсақал: «Айналайын қарағым, бала-шаға бар дегендей сенен жұмыс сұрап келдім» десін. Дала қосымыздың қарауылдары дұрыс қарамай, әндетіп кетіп, оны-мұны қолды боп жүрген еді. Жарайды ақсақал келген екенсіз бүгіннен бастап, станға қарауыл боласыз, серігіңізбен бір сөткеден кезектесіп тұрасыздар деп, жұмысқа қабылдадым да жібердім. Өзі өте ұқыпты, жұмысына мұқият кісі болып шықты. Ісін тыңғылықты атқарып жүрді. Алайда жоғарғы жақтағы басшылардың кейбірі біртүрлі көзқараста болғандай болды. Ол уақытта 9 май жеңіс күні ретінде тойланатын да, соғыс ардагерлеріне сый-сыяпаттар, орден, медаль, түрлі грамоталар берілетін. Ақсақалды сол тізімге де қосып жібердім. Мереке күні алаңда үлкен жиналыс өтіп, ардагерлерге сыйлық берілді де, бұл кісінің аты аталмады. Сызып тастапты. Мен одан хабарсызбын. Мерекеге шақырып қойған өзім болған соң ұялғанымнан конвертке жиырма сом ақша салып, апарып бердім. Мұның себебін кейін білдім. Бұл кісі отан соғысы кезінде немістерге тұтқынға түсіп, «сатқын» деген күдікпен он жылдай итжеккенге айдалып келген екен. Естуін естіп, бірақ ештеңе дей алмай жүрдім. Бір күні үйде көрші тұратын инженер досым Дәулет Әбішовтің бөлмесінде «Подение большого Туркестана» деген кітапты оқып жатыр едім, Салықжан ақсақал қарауылдыққа келген екен маған қарап қойды да, шай демдей бастады. Екеуміз асықпай шай ішіп алдық. Аз-маз үнсіздіктен соң «Мына кітапты толық оқып шықтың ба?» десін. «Иә» дедім. Қария біраз ойланып отырып: «Сувалка деген жерлер бар ма ішінде?» деп тағы сұрады. Кітапты бұл кісі де оқыған екен ғой деп ойладым да қойдым. Ақсақал кітапқа ұзақ қарап отырып: «Осы кітапта жазылған жерлерде немістердің қолында мен тұтқында болғанмын, қарағым», деді. Мен таңдана отырып, жай-жапсарын сұрадым.
Азапты жылдар
«Шырағым, біздің балалық шағымыз ауыр жағдайда өтті. Бесіктен беліміз шықпай жатып көрмегеніміз қалмады. Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан қазақ халқының жартысына жақыны қынадай қырылып кетті. 1937 жылы қазақтың оқыған бас көтерер арда ұлдарының нақақтан-нақақ атылғандары жаныңды жегідей жейді. Осының бәрін көрдік» деп ауыр да азапты күндерді тізбектеп айта бастады.
«Ертеде Қаракемер ауылы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы болатын. Осында жұмысшы-шаруа (РАБФАК) мектебі болды. Ол кезде облыстағы үлкен әрі алғашқы білім ұясы еді. 1939 жылы осы оқу орнын бітірдім. Одан мұғалімдер дайындайтын екі айлық курсты тәмамдап, Сталин атындағы колхозда сауатсыздықты жою мектебінде басшы болдым. Нарынқол ауданына жаңадан ашылған үлкен мектепке директор қызметіне жіберуге бұйрық шығып, елге ас-ауқатын беріп, кеткелі жатқанымда әскерге шақыру келіп, 1940 жылы 22 жасымда әскерге алындым. Белоруссияның Шепетова стансасында шекара қызметіне лайықты әскери дайындықтан өттік. Литваның Лодзиесь қаласында Балтық әскери округінің №107 атқыштар шекара отряды топтасқан еді. Мені сонда байланыс отрядына қалдырды. Әскери тәртіп, қызығы мен қиыншылығы қатар күндер өтіп жатты. 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталды деген суық хабар радиодан саңқ ете қалды. Сол күні ерекше округке қарасты 3-комендатура орналасқан заставада күзетте тұрған едім. Таң алакеуімде түсі суық сұр истребительдер аспанға қаптап шыға келді. Бомбалау басталысымен застава бастығы Юршенкомен рация арқылы байланысқа шықтым. «Бұл неміс истребительдері. Әуе шекарасы бұзылды. Мен орталықпен байланысқанша сабыр сақтаңдар» деген бұйрық алдық. Кеңес Одағының кеңістігіне еніп кеткен неміс фашистерінің истребительдері шағын заставаның үстінен бомбаларын қарша жаудырып өте шықты. Штаб бастығы капитан Тизянков әрбір постты атпен аралап, «комендатураға жиналыңдар» деген асығыс бұйрық берді. «Сондағы бар қару жарақты бөліп алып, шекараны соңғы оқ қалғанша қорғаймыз» деп ауыз жиғанша, тас жол бойынан неміс-фашистерінің мұздай қаруланған мотоциклистері мен танктері де келіп жетті. Біздің атқан оқтарымыз бен жарған гранаталарымыз немістің қалың әскеріне әсер ете алмады. Алдарынан оқ атқан шекарашыларға қарсы оқ жаудырып, біздерді көздеріне ілмеген күйлері сансыз техникалар өтіп жатты. «Бұл Гитлердің әскері. Брест бітімі жасалғанына қарамай соғысты бастаған сияқты. Біз қоршауда қалдық. Мен комендатурада боламын. Сендер орманға жетіп бекініңдер!» деген командиріміз Юршенко комендатураға қарай тартты. Онда жетіп үлгермей-ақ алдынан жаудың қалың әскері қоршауға алды. Ол жауға тірі берілгісі келмеген күйі өзін-өзі атып өлтірді. Сол сол-ақ екен, біздерге оқ қарша борады. Атыса шегініп, орманға кіріп үлгердік. Екі күн бойы атыс, бізге арттан көмек келмеді. Жаудың қалың әскері қоршауға алып, қыратындарды қырып, тірімізді ұстап, машинаға тиеп, Литва мен Польшаның шекарасындағы тас қамалға әкеп қамады. «Кейін білдік бұл «Сувалка» деп аталатын тұтқындар лагері екен», деп ақсақал ауыр күрсінді.
Менің көз алдыма лагерьге қамалып жатқан тұтқындар елестеді. Ол лагерьде қанша тұтқын болды екен деген көкейімде сұрақ тұрды, бірақ сұрамадым. Осы аралықта мен көтеріп отырған мәселе жөнінде әріптесім Меңдібай Сүменовтің Атырау газетіне жазған мәліметтеріне таңғалмасқа шараңыз жоқ. «КСРО Қорғаныс министрлігінің 1990 жылы жаңғыртқан дерегі бойынша, осы шамада олардың саны 3млн 900 мың адамға жетіпті. Ал француз тарихшысы Н.Верн соғыстың барлық кезеңінде алты миллионға жуық кеңес жауынгері тұтқынға түскенін айтады. Солардың жартысынан астамы концлагерьлерде қаза тапқан. Түркістан легионында барлығы 100 мың шамалы жауынгер болған». Жалпы, соғыс басталарда Қазақстанда 6,2 млн халық болса, соның 1,2 миллионы майданға аттанады. Содан 350 мың адам хабарсыз кеткен.
Ал енді майдангер қарт тұтқындағы әңгімесін айтқанда ұстамдылық танытып, жігерленіп, босаңсығысы келмегенімен көкірегі өксікке, көзі жасқа толып отырғаны байқалып-ақ тұрды. «Темір тордың ар жағында өрімдей жас сарбаздар тұтқында жатырмыз. Қатыгездікті сол жерде көрдік. Сәл қарсылық көрсетсең немістер ойланбастан атып тастайды. Бір жаның үшін бәріне үнсіз көнесің. Арып-ашып, жұмысқа жегіліп, азапты күндер сырғи берді. Бір күні қора тазалауға шығатын болып, Ахмет деген досым екеуміз қашуға уағдаластық. Командирдің мінетін аты керемет ақылды, жанына жақындата қоймайды. Құлағын жымырып, тебуге ыңғайланып, оқыранып тұрады. Аттың оқыранғанынан немістер күдіктенуі мүмкін. Амалымыз таусылып, атты ала алмай, екеуміз еппен қорадан шығып, немістердің көзінен тасалана, қашып шықтық та, орманға қарай бет түзедік. Біздің бағымызға қарай сол күні қар жауып, боран көтеріліп тұрған еді. Кешкі қараңғылықпен екеуміз зымырап келеміз. Кеткенімізді біліп, әп-сәтте дабыл қағылып, немістер бізді іздей бастасын. Артымыздан қуғын түскенін сезіп келеміз, иттердің даусы жақындай бастады. Енді не істеу керек. Біз тұтқында тұрған хутордың шетінен ұзап та қалғанбыз. Орманға жақын ауылдың сыртында өзіміз малдың қиын шығаратын үлкен төбе болатын. Соған қарай тарттық. Жан деген не деген тәтті десеңізші, немістер жақындаған соң барар жер басар тау жоқ, сол биік қи төбеге келіп тірелдік те жанталасып астын үңгіп қазып, екеуміз де кіріп үлгердік. Немістердің жетегіндегі иттері арсылдап келіп, олар да біз жатқан жерге тірелді. Қар жауып, боран болғанның пайдасы ізіміз жабылған болу керек. Біздің осында жатқанымызды иттер біліп тұр. Арсылдап болар емес, жүрегіміз аузымызға тығылып біз жатырмыз. Неміс солдаттары ештеңе көрмеген соң, иттерін тартып алып, әрі қарай кете барды. Қанша жатқанымыз белгісіз қидың асты жылы болған соң буынымыз босап, ұйықтап кетіппіз.
Ең бастысы тұтқында емеспіз. Кейін аздаған партизандар тобына қосылдық. Немістерге қарсы әрекет жасап жүріп, қайта қолға түстік. Азаптау қайта басталды», деп ақсақал қатты күрсініп алды.
«Қолға түскен соң бізді Польшаның Грозный қаласындағы үлкен тұтқындар тобына қосты. Біраз уақыттан кейін атақты Түркістан легионына әкелді. Негізі бұл жерде көпшілігі ортаазиялықтар екен десе болады. Аш, жалаңаш, айлап жылдап жуынбаған, үсті басы толған бит, азып-тозған тұтқындар. Неміс лагерьлері талайды жалмады. Бірде бәрімізді қатар-қатар сапқа тұрғызды. Алыста төрт адамның қарасы көрінеді. Байқасам екеуі автомат ұстаған неміс солдаттары да, бірі ұзын бойлы офицер, ал біреуі жай киініп алған орта бойлы азиат екен. Әр жерге тоқтап бірдеңелер айтып келеді. Біздің қатарымызға да келіп тоқтады. Басында қара фетр шляпа, үстінде қара былғары плащ. Орта бойлы азиат бізге қарап: «Ағайындар, туыстар, мен бүгін сіздердің жағдайларыңызды көруге әдейі аралап келемін. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бұл соғыс. Соғыс болған соң мұндай жағдайдың болуы заңдылық. Қиыншылыққа мойымай, сіздер шыдаңыздар, әр нәрсеге шыдам керек. Құдай қаласа бұл да бітеді. Сіздерді бәрінен азат етеміз. Алла жар болсын!» деп осы сөзді тағы да орысша, өзбекше, татарша, бірнеше тілде қайталап әрі кете барды. Орта бойлы, толықтау, маңдайы кең әрі тақыр басты кісі екен. Сөйлегенде қалың қасы, қияқ мұрты қоса қозғалып, іштей тебіреніп, өзегін өкініш өртеп тұрғаны да аңғарылады».
Мен шыдамсызданып, «Жаңағы кісі кім болды сонда?» дедім.
«Оны кейін білдік, ол – Мұстафа Шоқай деген азамат екен», деп ақсақал орнынан жеңіл қозғалып, жан-жағынан қарағыштап қойды.
Ақсақалдың айтуынша, негізі немістер алғашында тұтқындарға қару беріп, кеңес әскеріне қарсы соғысуға айдайды. Бірақ олар қарсы оқ атпай, біразы кеңес әскерлері жағына қашып өтеді. Содан немістер жағы концлагерьдегі тұтқындарды ұрып-соғу, ату деген жазаларды күшейтеді. 1943 жылдың қоңыр күзінің соңғы айы. Днепрдің ар жағында немістер, бер жағында кеңес әскері. Бір күні есебін тауып, жанында үш тұтқын бар Салықжан ағалар лагерьден қашып шығады. Бірақ кеңес әскерлеріне қосыла алмай орманда бас паналап, партизандық әрекеттермен айналысады. 1944 жылдың көктемінде кеңес жауынгерлері Днепрден өткен кезде бұлар орманнан шығып, дала штабына өз еркімен келеді. Бар жағдайды толығымен баяндайды. Бұларды қарсы алмақ түгілі сол жерде тұтқындап, Херсон қаласындағы түрмеге жабады. «Немістерге өз еркіңмен берілгеніңді мойында» деп қорлық пен азаптың соры қайта басталады. Күндіз-түні тергеу, қорлап, өлімші күйге жеткізіп, ұрып-соғу, естен тандыру. Бұл қорлыққа шыдамай өліп кеткендер де болады. Неше жерден шындарын айтса да бітпейтін сенімсіздік. Болмаған соң «бүйткенше өлейін» деп Салықжан аға да қалтасындағы кішкентай кездікпен тамағын орып жібереді. Кезекші келіп үлгеріп, кездік өңешті жартылай кесіп, бір ай госпитальда жатып емделіп шығады. Немістің тұтқынында болып, бар қиындыққа шыдаған Салықжан қарияның Кеңес өкіметінің қорлығына шыдамай, өзіне-өзі қол салуы мені терең ойға қалдырды. Имандай сеніп жүрген өкіметке бірінші рет күдіктендім. Сенбейін десем, қария ағынан жарылып, ақтарылып отыр. Осыдан кейін кеңес азаматтарының әрбір әрекетіне ойлана, сынай қарайтын болдым, бірақ ашық айтуға болмайды.
Ажалы жоқ Салықжан аға аман қалады. Тергеу қайта басталып, ұру, қорқыту, еріксіз мойындату жалғасады. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған Салықжан аға, тергеушінің айтқанын орындап, берген қағаздарына қол қоя беруден басқа амалы қалмайды. Ақыры әскери трибунал 1944 жылдың маусымында «сатқын» деген жазамен 10 жылға соттайды. Коми АССР-ның Пегер лагеріне апарады. Ең сорақысы, бұл жерде көрген қорлықтары неміс лагерінен де асып кетеді. Ол жерден 1951 жылдың 25 қарашасында бостандыққа шығады. Еңбекші қазақ ауданы, Қаракемердің тумасы әскери қызметте болған Ахметкерей Ағыбаев деген ағамыз сол жылдары аталған лагер басшыларының бірі болып, Салықжан ағаны танып, бостандыққа шығуына ол кісі де көп көмек көрсетеді. Кейіннен түрмедегі еңбек ақысын компенсациялап артынан жібертеді. Салықжан аға «Өмірімде бір кісіге борышкер болсам, ол осы Ахметкерей ағам еді» деп отырды.
Салықжанның әкесі Қасен ол уақытта алпыстан асқан еді. Бір күні түс көреді де, бәйбішесі Мәрияға: «Мен бүгін түс көрдім. Бір дорба талқанды тастың астынан алып жатыр екенмін.Ұлым Салықжаным тірі екен. Ол қалай да елге аман келеді. Ұрпақ өрбітеді. Оны сен көресің, мен көре алмаймын» деген екен. «Жазым болса, быламыққа тіс сынады, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі, ажалсыз қалады» деп бабаларымыз айтқандай, сол сәуегейлігі дәл келіп, 1940 жылдың қаңтарында 22 жасында әскерге алынған жас сарбаз 1951 жылдың 25 қарашасында 34-ке қараған жасында тозақы күндерді басынан өткеріп еліне қайтады.
Туған елдей ел болмас
Салықжан ақсақалдың өмір жолдары жөнінде үлкен мақала «Жетісу» газетіне шыққанын естіп, 2006 жылы Қазыбек інім екеуміз ақсақалға амандаса бардық. Тоқсаннан асқан қария үйінде демалып жатыр екен. Күлипа апамыз, «Әй, Салықжан тұр-тұр, Қошан балаң келді» деп оятты. Жасы келсе де, бар жағдайда сергек ақсақал орнынан тұрып, қарсы алып, «отыр» деп жанын нұсқады. «Үлкен жаңалық естіп, өзіңізді құттықтап келіп отырмыз, ақсақал», дедім мен. Алатаудың ұшар басында отырған қарт қырандай бір қозғалып, қызылжиектеніп сығырайған көзін жартылай аша маған қарап, білегімнен ұстап біраз отырды да: «Қошан қарағым, баяғыда саған айтқан әңгімелерім есіңде болар?». Әрине, есімде деп қолдап қойдым. «Есіңде болса, саған біраз әңгіме айтқанмын», деді.
Азапты жылдарын ақтарған ақсақалдың әңгімесі менің әрі қарай ізденуіме түрткі болды. Соғыс кезінде тұтқынға түскен сарбаздар, лагерь, Түркістан легионы, Мұстафа Шоқай туралы жазылған материалдарды қалт жібермеуге тырыстым. Бұл ізденіс, біріншіден естіген әңгіменің ақиқатына көз жеткізу болса, ең бастысы, жазықсыз жапа шеккендер туралы кейінгі ұрпақтың біле жүруіне титтей де болса үлес қоссам деген азаматтық парыздан туған ұстаным еді. Ақсақалдың айтқандары, еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған журналист Дархан Өмірбектің дәлел-дәйектерімен астасып жатқандай көрінді.
«Тарихшы Богуславскийдің айтуынша,1941 жылғы желтоқсанда Германия, Венгрия, Румыния, Италия және Словакия елдері КСРО-ға хабарлама жіберіп, тұтқындармен алмасуды ұсынған. Кремль бас тартқан. Тарихшы сондай-ақ Халықаралық Қызыл крест комитетінің КСРО Сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотовқа жіберген екі телеграммасын тауып алған. Бірінде швейцариялық банк есебінен неміс тұтқынындағы Кеңес солдаттары үшін Африкадан азық-түлік алдыруға мүмкіндік бар екені айтылса, екіншісінде сол тұтқындарға қант таратуға болатыны жазылған. Бірақ ол үшін КСРО тарапы да өздеріндегі неміс солдаттарына сол шамадағы азық-түліктің берілуіне рұқсат етуі керек болады. Кеңес билігі сірә бұған да келісім бермейді. Келіссе, Қызыл Крест өкілдерінің елге кіруіне рұқсат беріліп, неміс солдаттары ұсталған лагерьлердің жайын көрсетуге мәжбүр болар еді. Оның үстіне Сталин жауға берілмеуді, берілген адамның көзін жоюды талап еткен. 1941 жылғы 16 тамыздағы №270 бұйрығы бар. «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» дейтін ұстаным осыдан кейін пайда болса керек. Демек, миллиондаған Кеңес солдатының неміс лагерінде қаза болуына белгілі бір деңгейде Кремль де жауапты болды.
Көріп отырғанымыздай, бір ғана қарияның әңгімесі Кеңес өкіметінің жасырған қаншама құйтырқыларын әшкереледі. Салықжан ағаға жолықпағанымда талай шындықты білмей, Кеңес өкіметі керемет еді деп мен де жүре берер ме едім, кім білсін...
Әр адамның өмір жолы, оның басынан өткен дүниелері өзінше бір тарих екеніне көзім жетіп, көңіліме түйіп отырдым.
«Көрдің бе, қарағым, адам ит жанды болады деген рас екен. Міне, көрмегені жоқ менің өзім Алланың бергенін жасап, тоқсаннан асып отырмын. Мен қиналып жүргенде сен мені түсіндің, саған рахмет!» деп Салықжан ағам басын изеді. Баяғыдағы өзіне таққан айыптың өтеуін жазамен өтесе де, әңгіме айтып отырғандағы көкірегіне тығылған өксігінің, бітеу жарадай болып сыздап, жарылмай кетіп бара жатқанын ишарамен түсіндіргендей болды. Апамыз шай қойып, ақсақалмен біраз әңгімелесіп, қоштасып жүріп кеттік. Бір-екі жыл өткен соң Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылына 9 май мерекесі қарсаңында бір шаруамен барып, бас инженер Дәулет Құнапиұлы досымды жаныма ертіп, ақсақалмен амандасып шықпаққа Талдыбұлаққа соқтым. Өкінішке қарай, Ораз Жандосов, Мұстафа Шоқайдай қайраткерлердің көзін көрген, талай сырды көкірек күмбезіне бүккен көнекөз Салықжан ағамыз тоқсан үшке қараған жасында, өзін жатырқаған жеңіс мейрамына жете алмай 7 май күні дүние салыпты. Артынша алты күннен кейін Ыбырайымқызы Күлипа апамыз да дәруіл дүниемен қоштасыпты. Дәулет екеуміз отырып, ата-апамыздың рухтарына арнайы құран бағыштадық.
Осы әңгіме жанымда сақталғалы да біраз уақыт өтті.
Ақсақалдың отбасын құрғанының өзі бір тарих. Өз аузынан естіген бұл әңгімені де айта кетпесек болмас. Ауылдарындағы Ыбырайым деген кісінің Нүрипа деген қызымен көңіл қосып жүргенде әскерге алынып, хабарсыз кетеді. Бұл кісі елге оралғанда ғашығы тұрмыс құрған, отбасылы, балалы-шағалы болып кеткен. Ақсақалдың айтуына қарағанда, Нүрипаның сіңілісі Күлипа ол кезде екі-үш жаста ғана екен. Салықжан ағамен Нүрипа кезектесіп көтеріп жүрген кішкентай сәби. Сынаптай сырғыған уақыт біраз өтіп, сол кішкентай Күлипа да толықсып бой- жетіпті. Елге келіп, ес жиған соң Салықжан ағаның ағайындары Күлипаға құда түсіп, он алты жастағы Күлипаны 35 жастағы Салықжанға қосады. Құдайға шүкір апамыздың аяғы құтты болып, ағамыз ол кісіден он екі перзент сүйеді. Төртеуі шетінеп кетеді. Бүгінде Айымкүл, Бақыт, Гүлнар, Бақыткүл, Бағдәулет, Гүлмира, Бақытжан, Мейрамкүлдерден ұрпақтар тарап, отбасылы, балалы-шағалы болып, немерелер сүйіп отыр. Үлкен ұлы Бақыт көп жылдар осы Қаракемер совхозында бас гидротехник қызметін атқарып, ел алғысына бөленген, мемлекет басшыларынан марапаттар алған азамат. Мақала жазу барысында інім Қазыбек Тілешұлы екеуміз Салықжан ағаның ұлдары Бақыт, Бағдәулеттерге барып, сонымен қатар сол уақыттың тірі куәгері тоқсан жеті жасар Тілеш Жылқыбеков деген ақсақалдан біраз мәліметтерді алдық. Бақыттың айтуынша, егемендік алған жылдары Мүсінші Дәркембай Шоқпарұлына Мұстафа Шоқайдың мүсінін жасау табысталады. Ол кісі оны көзімен көрген Салықжан ағаға арнайы барып, Мұстафаның бар болмысын жазып алып кетеді. Кейін Қызылордада ескерткіштің ашылуы болғанда Дәркембай Шоқпарұлы Салықжан ағаны алып кетуге келеді. Бірақ денсаулығына байланысты қария бара алмапты.
Кезінде ақсақалдың аманаттап айтқан әңгімелерін жазуды парыз санап, бүгін мен де жеңілдегендей болып отырмын.
Қойшығұл (Қошан) МҰСТАФАҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі