Қазақстан Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар елордадағы электртехникалық зауытына барды. Спикерлер партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және қолдау жөніндегі мәселелерге назар аударды.
«Белгілі болғандай, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров теледебаттар кезінде экономикалық реформаларға, Қазақстанда халық экономикасын құру қажеттігіне назар аударды. Біз елдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай шенеуніктер айтқаннан әлдеқайда басқа екенін жақсы білеміз. Әзірге бізде квазимемлекеттік, трансұлттық компаниялар басым. Ал экономиканың нақты секторы дамымай отыр», дейді кандидат Жамбыл Ахметбеков.
ҚХП мүшелері мемлекет экономиканы дамытудың жаңа моделін қабылдауы тиіс деп санайды. Ол халықтық болуы керек. «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығы қоғамның өмірлік маңызды қажеттіліктерін қанағаттандыруы, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуы, еңбек өнімділігін арттыруы және экспортты әртараптандыруы тиіс. Отандық кәсіпорындар өнім сапасын жақсарту, сұранысты арттыру үшін үнемі жұмыс істеуі керек. Жұмыс берушілерді ынталандыру тетіктері мен құралдары қажет», деді Ж.Ахметбеков.
Кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, «Астана электртехникалық зауыты» ЖШС-індегі еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді.
Сондай-ақ Ақтөбеде Қазақстан Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ирина Смирнова өңірдегі білім беру саласының қызметкерлерімен кездесті. «Қазақстан Халық партиясы сапалы білімді қолдайды. Жоғары білім тегін болуға тиіс деп санайды. Біз білім саласын қауіпсіз мемлекеттің негізі ретінде қарастырып отырмыз. Сондай-ақ ол қазіргі ақпараттық қоғамдағы тұлғалық дамудың тірегі болмақ. Білім беру – мемлекеттің жүйе құраушы институты. Сапалы әрі қолжетімді білімге салынған қаржы – елдің адам капиталына құйылған инвестиция», дейді И.Смирнова.
Оның айтуынша, білім саласындағы проблемаларды шешу кез келген мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстан Халық партиясы балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға, балалардың демалысын ұйымдастыруға және сауықтыру бағытында заң жобаларына бастамашы болуға әзір. «Біз қауіпсіз әрі қайырымды балалар ортасын құрғымыз келеді. Балалар спортын дамытып, мәдени-сауық ұйымдарын ілгерілету, қазақстандық балалардың денсаулығы мен шығармашылық әлеуетіне мемлекеттік қолдау көрсету тетігін кеңейту міндеті тұр. Бұл болашақ үшін керек. Біздің партиямыз мемлекет балаларды қосымша спорттық секциялармен және түрлі үйірмелермен қамтуға кепіл болуы керек деп есептейді. Мұндай үйірмелер мен секциялар жылына 200 сағаттан кем болмауы тиіс. Бұл талап облыс және қала әкімдерінің жұмысын бағалаудағы негізгі көрсеткішке айналуы керек», дейді И.Смирнова. ҚХП-ның үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылған шара барысында И.Смирнова партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды.