Парламент Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесіне басқа да қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру қорытындылары туралы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтті.
Отырысқа саяси партиялардың, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссиялары өкілдері, бейнеконференцбайланыс режімінде аумақтық сайлау комиссиялары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол электоралды оқытуды ұйымдастыру қорытындысы бойынша республика көлемінде 5 180 оқыту іс-шарасы өткізілгенін хабарлады: ОСК деңгейінде – 40 оқыту іс-шарасы, оның барысында аумақтық сайлау комиссияларының (АСК) 1 007 мүшесі және сайлаудың басқа да 1 454 қатысушысы оқытылды; өңірлік деңгейде – 5 140 іс-шара, қатысушылардың жиынтық саны-148 062 адам. Электоралдық оқыту шеңберінде ОСК сайлау комиссиясы мүшелерін оқыту үшін екі оқу-әдістемелік кешен, сондай-ақ сайлау процесінің басқа да қатысушыларының санаттары үшін электоралды оқыту тұжырымдамасы әзірленді. 105 кейстен тұратын ахуалдық тапсырмалар кешені, сондай-ақ АСК және УСК мүшелерінің екі жекелеген санаты үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде екі оқыту модулі бойынша тестілеуге арналған 420 сұрақтан тұратын Тест тапсырмаларының банкі қалыптастырылды.
Бұдан басқа, сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» оқыту фильмі, үш әдістемелік құрал, жадынама мен трафарет (мүмкіндіктері шектеулі және көру қабілеті бұзылған адамдар үшін), жеті ақпараттық плакат (сайлаушылар үшін), сайлау процесіне қатысушылардың барлық санаттары үшін оқыту және ақпараттық-түсіндіру бағытындағы бейнероликтер, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тиісті аудио өнімдер әзірленді. Жоғарыда аталған барлық оқу және әдістемелік материал ОСК интернет-ресурсында орналастырылған.
Сәбила Мұстафина сайлау саласының кадрларын оқыту кезең-кезеңімен келесі бағыттар бойынша жүргізілгенін хабарлады:
Бірінші кезең – ОСК деңгейінде оқыту: 22 оқыту іс-шарасы өткізілді, оның барысында аумақтық сайлау комиссияларының 1007 мүшесі оқытылды. Екінші кезең – каскадты оқыту әдісіне сәйкес: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалдары базасында 166 курс өткізілді, оның ішінде 105-і күндізгі форматта, 61-і онлайн-режімде ұйымдастырылды. Оған сайлау комиссияларының 7 493 мүшесі, оның ішінде 599 АСК мүшесі және 6 894 УСК мүшесі қатысты.
Төмен тұрған комиссияларды каскадты әдіспен оқыту шеңберінде қалалар мен аудан орталықтарында АСК босатылған мүшелері қалалық және аудандық деңгейдегі АСК мүшелері үшін 4 203 оқыту семинарын өткізген, олар одан әрі учаскелік сайлау комиссияларының (УСК) төрағалары мен хатшыларын оқытқан. 3466 семинар шағын топтарда бір күндік күндізгі сабақтар форматында, 737 сабақ онлайн-режімде ұйымдастырылды.
Каскадтық әдістің алдыңғы кезеңінде оқудан өткен УСК басшылары (төрағалар, төрағалардың орынбасарлары және хатшылар) өз комиссияларының қатардағы мүшелерін оқытады. Бүгінгі күні УСК қатардағы мүшелері үшін 2 577 сабақ өткізілді, оның ішінде күндізгі – 2 172, онлайн-режімде – 405.
Сондай-ақ ОСК Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанында орналасқан сайлау учаскелері комиссияларының мүшелері үшін СІМ өкілдерімен екі семинар-кеңес ұйымдастырды.
Сәбила Мұстафина сайлау рәсімдерінің мазмұны сайлау процесінің барлық қатысушылары үшін қолжетімді және түсінікті болуы үшін ОСК барлық жағдайды жасап жатқанын атап өтті. Осылайша, ОСК мүшелерінің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «ҮЕҰ академиясы» алаңында сайлауды бақылаудың құқықтық негіздері бойынша 470 қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде саяси партиялардың өкілдеріне онлайн-семинар өткізді. Сондай-ақ Ортсайлаукомның ауқымды оқыту іс-шаралары: Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясында барлық өңірден 179 судьяға арналған онлайн-дәрістер; еліміздің барлық өңірінен 136 прокурорға арналған Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында онлайн-сабақтар; 50 журналиске арналған «Сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезінде БАҚ-тың заңнама нормаларын сақтауы туралы» бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған онлайн-семинар; республиканың 27 университетінен 114 жас сайлаушыны қамтитын «Әлем елдерінің сайлау жүйелері» интернет-олимпиадасы өткізілді. Сабақты ОСК мүшелері, ОСК аппаратының қызметкерлері, шақырылған дәріскерлер мен сертификатталған жаттықтырушылар өткізді.
Өңірлерде сайлау құқығының базалық нормаларын, сайлаудың халықаралық қағидаттары мен стандарттарын білуге, құқықтары мен міндеттерін ажыратуға бағыттай отырып, сайлау процесінің басқа да қатысушылары санатынан 22 843 адамды қамтитын 771 оқыту іс-шарасы өткізілді.
Сонымен қатар электоралды оқыту шеңберінде сайлау процесіне қатысушылар «Сайлау саласының кадрларын қашықтан оқыту және тестілеу» интерактивті оқыту жүйесі бойынша оқытудан өтті. Пайдаланушының қолжетімділігі мен ыңғайлылығын жекелендіруді қамтамасыз ету үшін Dot интерактивті платформасының мобильді нұсқасы жасалды. Бүгінгі таңда сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы санының 98,4%-ы қашықтан оқыту жүйесі арқылы өтті.
Отырысты қорытындылай келе, ОСК төрағасы Берік Имашев электоралды оқыту сайлау процесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті. Бұл бағытта ОСК айтарлықтай жұмыс жүргізді. Сайлау процесі субъектілерінің әртүрлі санаттарын оқыту шеңберінде өткізілген іс-шаралардың қорытындылары дауыс беру күні сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін сайлау заңнамасы негізінде сапалы жұмысқа айналуы тиіс.