«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев бастаған үгіт-насихат тобы Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы «Азат Ет» кооперативінде болып, оның қатысушыларымен кездесті. Аталған іс-шара «Ауылдан ауылға» акциясының аясында өтіп, Қазақстандағы кооперативтік қозғалысты қолдауға бағытталды.
«Азат Ет» – Қазақстандағы мал шаруашылығы саласындағы жұмыстың тұрақтылығын көрсететін және бірлескен қызметтің барлық дәстүрін сақтаған алғашқы әрі әзірше жалғыз кооператив. «Ауыл» партиясының деректері бойынша кейінгі 10 жылда елімізде шамамен 2700 кооператив құрылыпты. Алайда олардың тек 0,1%-ы ғана жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, тұрақты жұмыс істей алды.
Осы партияның мүшесі, «Іскер демеу» қоғамдық қорының басшысы Анас Баққожаевтың айтуынша, кооперативтерді құру кезінде алғашқы қаржылық көмек мемлекет тарапынан болуы тиіс. Себебі жеке қосалқы шаруашылықтарды (ЖҚШ) тек идея төңірегінде біріктіру мүмкін емес. Соны ескере отырып, 2019 жылы «Самұрық-Қазына» холдингінің қаржылай қолдауымен Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Азат Ет» кооперативі құрылды. Қазіргі уақытта кооперативтің бордақылау алаңында 140-тан астам жеке қосалқы шаруашылықтан алынған 400-ге жуық ірі қара мал бар.
Партия жетекшісі Ә.Бектаевтың айтуынша, кооперативті ауылшаруашылық техникасымен жабдықтау жеке қосалқы шаруашылықтардың жем-шөпке деген сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Малды бірлесіп ұстау және бордақылауды ұйымдастыру мал өсірудің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік туғызды. Жоба ауылдық аумақтардың экологиялық жағдайын жақсартуға да оң әсерін тигізеді. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайлауға көшіру есебінен ауылдық елді мекендердің жайылымдары тозудан қорғалуда.