Бүгінгі таңдағы қазақ бейнелеу өнері – әбден толысқан, жоғары деңгейде шыңдалған, толымды өнер. Осы дәрежеге жету үшін де еліміздің мәдени өмірінде, небір күрес пен ізденіске толы процестер жүрді. Еліміздің егемендік алуымен шығу тегімізге, тарих пен өткен мұраларымызды қайта тануға деген белсенділік те артты. Бірақ көп суретшілер замана өзгерістерінің байыбына бара алмай аңтарылып қалғаны да рас. Қазақ бейнелеу өнері қалай дамуы керек деп, бағыт ала алмай тұрған өліара тыныштық орнаған кез еді.
Алғаш болып тыныштықты қазақ өнеріне өзіндік сүрлеуімен келген, аға буын өкілі саналатын кескіндемеші Ә.Сыдыханов бұзды. Ол бірден 1988 жылы постмодернистік бағыттағы «Кескіндемелік таңба» атты дербес көрмесімен екпіндете үн қатты. Еркін ой алған суретшілер санасында әлемдік авангардтың тәжірибесінен басқа да ұлттық образды-пластикалық стилистиканы жаңаша дайындау деген мәселе деген сұрақ уақыт талабында тұрды. Бірақ қоғамда қазақ руханиятына жаңа эстетикалық сапаға деген алабөтен сұранысқа жауап беретін батыл да, белсенді бір тұлғаның шығуы, керек те, заңды да еді. Егемен еліміздің бейнелеу өнеріне ұйтқы болып, туын көтерген суретшілердің бірі, сол кездегі ең жасы – Қазақбай Әжібек болатын. Бейнелеу өнері де әр ғасырда өз жаңалығымен танылады. Бұл өзі қазақ кескіндемесінің қатарына тағы бір қуатты толқын келіп қосылған шақ болды.
Қ.Әжібек студент кезінен өз буынында көшбасшы болды. 1986 жылдан көрмелерге қатысуды бастап, өнер деген ұлы марафонда қалыптасу, жетілу кезеңінен өтті. Өзінен бұрынғылардың шеберліктерін әбден саралап, тыңнан жол іздеді. Тәуелсіздік кезеңі, нарықтық экономиканың басталуы, аға буынның ойсоқты болып тұрған шағы, жас суретші талантының кемеліне келіп айырықша жарқырай түскен кезеңіне айналды. Басқа модернистік бағыттарға бұрылмай, реалистік дәстүрге, реализм эстетикасына жаңалық әкелу қиынның қиыны екенін жақсы сезінді. Оның туа біткен бояуға деген талғамды табиғи таланты осы жерде алып шықты. Қазақ болмысын танытсам деген құлшынысы өмірлік мұратына айналды.
Талантының ерекше қыры – кескіндеме деген ұлы өнердің күрделі екендігін ұқтыра, одан сайын таңдандыра, одан сайын тамсандыра түсетін, бояуды терең сезінетін ерекше қасиеті – ол туа біткен колорист еді. Осы қыры жаңашылдық іздеген от көңілдің тегеурінін танытып, соны серпін, озық сипат берді. Реализмге бояу құдіреті арқылы тебірентетін пәрменді қуат берді. Бұндай дәрежеге шебердің шебері ғана жете алады. Әрбір көрмеге, не конкурсқа қатысқанда Қ.Әжібек қандай жұмыс қояр екен деп бірі асыға күтсе, бірі шығармашылық мысынан іштей қысылып тұратындай дәрежеге көтерілді.
Суретші соны поэтика жасау керектігін жақсы ұғып, соны эстетикалық арсеналда, ұлттық колорит үшін ерекше саздылықпен, өнерді әуен арнасында өрбіте білді.
Мысалға «Таңертең» (к,м.б. 130х220), «Дауыл» (к,м.б. 60х80.1998ж), «Аламан бәйге» (к,м.б. 110х150), т.б жұмыстарында көріністерді аяқтамастан, бірден музыкалық әуенмен сипаттай салатын шеберлігін айтсаңшы. Бояудың гаммасы, тондарының ғажап сиқырлы ұтқырлығы, медитациялық бояулармен бейнелеу тәсілі де терең қалыптасты. Алғаш қазақ кескіндемесінде картинаның музыкалығын көтерген атақты суретші, дархан дарын иесі Сабыр Мамбеев еді. Ұмыт қалған үрдісті қайта кемелдендірген екінші адам, жаңа заман өнерінің көшбасшысы Қ.Әжібек болды.
Қ.Әжібектің шығармашылық жаңалығы бүкіл қазақ кескіндемесін жаңа тарихи белеске көтерді. Ол кез келген тақырыпты типологиялық тұрғыдан қарастырады.
«Наурызда жауған
қарды көр,
Қарды көр де, етім көр.
Қарға тамған қанды көр,
Қанды көр де, бетім көр», –
деп жырланатын ұлы эпостағы нақты бір қыздың портреті емес, бұл жалпылама сипат. Бұл теңеуді кез келген қызға айтуға болатыны сияқты, Қ.Әжібек үшін де «дала», «этноболмыс», «тарих» , «қазақ болмысы» фон, декорация емес, үлкен әуен. Тура қазақ фольклоры сияқты нақты портрет жасамай, жалпылама бейне мәнерлеп көрсетуге ерекше мән беріп салынады. Бірден оған сиқырлы бояумен музыкалық тон қосып, декоративті-ырғаққа бағындырады. Қ.Әжібек бұл жерде композитор, бояумен күй тудырушы, бұл деген – музыкалық этнофольклоризм. Музыка мен бояу үндестігі кереметтей эмоция береді. Медитациялық бояулар әсерін ерекше меңгергендігі сонша қараған адамды үйіріп алады. Екпін алған Қ.Әжібек монументал кескіндемеге де құлаш ұрып ұлттық дүниетаным эстетикасының сапасын жаңа қырымен байытты.
Қ.Әжібектің монументалды кескіндемедегі жаңалығы халықтың эстетикалық түсінігімен көркемсурет идеалының сәйкестігін жаңаша шешуі болды.
Кеңес заманындағы монументалды өнер пластикалық-образдық таныммен, гиперболизация тәсілдерінің типтік ырғақтарымен ерекшеленді және оның идеологиялық сипаты болды. Композиция құру шеберлігімен қоса, қазақ халқының арғы-бергі тарихын терең білетін суретші тарихи шындықпен көркем шындықтың ара қатынасын шешуде колоритті алға қойды. Кеңес заманында аса назар салынбаған түс мәселесі, Қ.Әжібектің шығармалары арқылы қазақ монументал кескіндемесінде жаңа биікке көтерілді.
Аса көлемді «Құрылтай» триптихы, «Абай» (200х300. кенеп, акрил), «Қазақ хандығы» (кенеп, акрил. 160х320), «Қайтаөрлеу» (кенеп акрил.160х340), «Ант беру (кенеп акрил.160х320), Әбу Насыр әл-Фараби (180х290.кенеп, акрил) сияқты жұмыстарындағы ұлттық көркемдік танымды аса бай түстермен сомдады. Қазақ тарихының рухын, қатпар-қатпар қабатын тарихи шындыққа сәйкес топтастыра, көркемөнерде мейлінше терең жеткізе алды.
Монументалды кескіндемеде ерекше колориттік тәсілдерді молынан ұшыратамыз. Тағы да колорит. Ұмыт қалған, табиғи талғамға бағынатын осы түс талғамымен ұштасқан Қ.Әжібектің монументал кескіндемесі барша тақырыптық, мазмұндық түрлік ізденістерді толық қамти алды. Кескіндемеші қай кезеңді бейнелесе де сол кезеңнің болмысын, рухын этнографиялық детальдар арқылы сезіндіреді. Қ.Әжібек шығармаларының негізгі пафосы қазақ тарихына деген шексіз махаббатында, бояу үндестігіндегі шексіз оптимизмінде, жарқындығында. Монументал кескіндемеде ол өзін аса үлкен симфониялық кескіндеме тудырушы ретінде, көркемдік тұңғиық арқылы қазақ монументал кескіндемесінің қадір қасиетін көрсетті.
Қ.Әжібектің тағы бір ерекше қыры тынымсыз ізденгіштігі. Тақырыптық, мазмұндық, тәсілдік барлауға ізденісте оқ бойы алда жүруден басқа стилдік түрлі ізденістерге көп барады. Кең тынысты симфониялық дауысты жұмыстардан басқа, қиял шарықтатар өте сәнді бояулардың үйлесімімен жасаған эстрадалық үндестігі басым картиналар сериясы да жетіп артылады.
Тақырыптық шығармалары энциклопедия деуге тұрарлық, бай этнодетальды көріністер, философиялық ойдың ауқымдылығы, көркемдік талдаудың тереңдігі, әлемдік көркемөнер қазынасы төрінен орын алатын, тек суретшінің елден ерек талантын көрсетіп қана қоймай, қазақ ұлттық көркемөнерінің даму биігі мен кәсіби деңгейін көрсете алатын мерейлі биігіміз болып табылады.
Уақыттың дүбірін саралап, арғы-бергі көркемөнер әлемін сұрыптап, келешекті батыл барлай жұмыс істейтін экспериментшілдігі де сан салалы. Қай тақырыпқа қалам тартса да өзіндік дара қолтаңбасын көрсетіп келеді.
Уақытында аға буынға да, орта буынға да бірдей ықпал еткен, қазақ көркемөнеріне шығармашылық дүбірімен ұйтқы болып, тыңнан жол салған Қ.Әжібек заманауи қазақ өнерінің алапасын асырып, дүйім әлемге танытқан шығармашылық феномен. Осының бәрі табиғи талантымен қоса пайымды парасатында. Оның шығармашылығы суретшінің жеткен биігі ғана емес, қазақ ұлттық бейнелеу өнерінің жаңа эстетикалық сапасы, тарихи белесі. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі өнер тарихының жетістігін белгілеген Қ.Әжібектің шығармалары Ақордадан бастап әлемдік мұражайлар төрінен орын алған.
Қазақ көркемөнері бүгінде тек ұлттық қана емес, дүниежүзілік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Біз талантты Қ.Әжібек сияқты суретшілердің арқасында әлемдік дәстүрдің ыңғайына жығылып жойылып-жұтылып кеткен жоқпыз. Қайта ұлттық көркемөнерді әлемдік дәрежеге көтеріп жаңа келелі міндеттерді белгілей алдық.
Жанарбек Берістен,
сыншы, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты