Nur Otan партиясының өкілдері өңірлерде халықпен кездесуді жалғастыруда. Кеше партия сайлауалды штабының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында болды.
Партия өкілдері Чапаев ауылындағы «Қызылжар сүт» базасында өңірдің ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшыларымен бірге саланы дамыту мәселелерін қарастырды. «Бүгінде азаматтарымыздың 40%-дан астамы ауылда тұрады. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында біз ауылдың әлеуетін барынша іске асыруға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға одан әрі жағдай жасайтын боламыз. Таяудағы 5 жылда Nur Otan жаңа инвестициялық жобалар мен фермерлік шаруашылықтар құру есебінен ауыл шаруашылығында 500 мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Ауылда кооперацияны ынталандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды кеңейту, заманауи цифрлы технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылданады», деп атап өтті сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.
Бескөл ауылында партия мүшелері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірге қоныс аударған отбасылармен кездесіп, облыстың алдағы даму жоспарын талқылады. Атап айтқанда, өңірде 65 мың жаңа жұмыс орнын ашу, мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу, 142 ауылдың 115 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, мұқтаж азаматтарға арнап 2,5 мың пәтер салып, жалпы 1,6 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Nur Otan партиясының Республикалық сайлауалды штабы Павлодар облысына да барды. Партия белсенділері «Қазақстан Алюминийі» жұмысшыларымен кездесті. Таяудағы 5 жылда Nur Otan облыста кемінде 45 мың жаңа жұмыс орнын ашу, 100-ден астам ауылдың 45 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 1,6 мың км автожолды жөндеу, мұқтаж азаматтарға 9 мың пәтер ұсына отырып, 2 млн шаршы метр тұрғын үй салу секілді жобаларды міндет етіп қойып отыр.
Бұдан кейін мұғалімдермен кездесуде сайлауалды штаб мүшелері білім беру саласын дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. Б.Байбектің айтуынша, Nur Otan партиясы өңірде 83 мектеп салу мен күрделі жөндеуді қамтамасыз етеді. Ел бойынша 800 жаңа мектеп салынады және шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда қолданыстағы 5 мың мектеп жаңғыртылады. Әсіресе мұғалім кәсібінің беделін арттыруға баса назар аударылады. Педагогтердің жалақысы 2 есе өседі.
Партия өкілдері Новочерноярка ауылының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындардың айтуынша, Чернояр ауылдық округіндегі түйткілді мәселенің бірі – ауыл ішіндегі жолдардың сапасы. Осыны ескере отырып, Nur Otan партиясы аудандық сайлауалды бағдарламаға 19 ауылдағы, оның ішінде Новочернояркадағы жолдарға жөндеу жүргізуді енгізді.
«Жалпы, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында өңірде 170 ауыл жаңғыртылады», деді Б.Байбек.