Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин елордағы #111сайлау учаскесінде Парламент Мәжілісінің депутаттарына дауыс берді, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұл сайлау учаскесі Ұлттық Академиялық кітапхананың ғимаратында орналасқан.
– Парламенттің алтыншы шақырылымы кезінде ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтиже жақсы болды. Көптеген заңдар қабылданды. Партиямыздың Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көтерілген бастамалар мен тапсырмалардың барлығы жан-жақты орындалды. Ал енді жетінші шақырылымның депутаттары осы жұмыстарды жалғастырып, болашақта елімізге қажет заңдарды қабылдайды деп сенім білдіремін. Осы сайлау учаскесіне кіре берісте байқаушылармен кездестім.
Олар сайлау учаскелерінің таңертең ерте ашылғанын, сайлаушылар жоғары белсенділік танытып, жақсы көңіл күймен көптеп келіп жатқанын жеткізді. Сондықтан, сайлау жұмысы әділ әрі ашық өтеді деп сенемін, – дейді Нұрлан Нығматулин.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласындағы 3690 дауыс беруші осы учаскеде тіркеліпті.