• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2021

Украина депутаты: Қазақстан сайлауға тынғылықты дайындалған

407 рет
көрсетілді

Украина Жоғары Радасының депутаты, "Слуга народа" фракциясының мүшесі, "Украина-Қазақстан" парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі Евгений Шевченко Қазақстандағы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына халықаралық тәуелсіз байқаушы ретінде қатысып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

– Қазақстандағы Парламент Мәжілісіне депутаттарының сайлауына тәуелсіз байқаушы ретінде қатысу – біз үшін үлкен абырой. Қазақстан бізді әдеттегідей жылы қабылдады. Жергілікті халықтың да Украинаға деген құрметін байқадық, – деді Евгений Шевченко.

Украина Жоғары Радасының депутаты бірнеше сайлау учаскесін аралап шыққанын мәлімдеді.

– Жалпы алғанда Қазақстандағы демократиялық процестің құндылықтары жоғары. Сайлау учаскелеріне кіріп-шығу бойынша ешқандай шектеу жоқ. Адамдардың да елдің саяси өміріне жауапкершілікпен қарайтыны байқалды. Мұны дауыс беруге ағылған халықтың нөпірінен-ақ аңғаруға болады. Әдетте сайлаудың алғашқы сағаттарында мұндай белсенділік өте сирек орын алады, – деді Евгений Шевченко.

Украиналық байқаушылар Қазақстанға бейсенбі күні келген екен. Олар жұма күнгі үгіт-насихат жұмыстарын бақылауға тырысқан.

– Үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде қала көшелерінен анау айтқандай белсенділік байқалмады. Жергілікті телеарналарды қарап үлгермедік. Тыныштық күнінде де тиісті талаптардың ойдағыдай сақталғанына куә болдық. Украинада тыныштық күнінің өзінде астыртын үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатады. Қазақстанда мұндай жағдайды көрмедік. Жалпы, қазақстандықтар – тәртіпті, жауапкершілікті жоғары қоятын халық. Бұл қасиеттерді кез келген істен байқауға болады. Бұл жақсы, әрине. Қазақстан халқынан алатын үлгі-өнегенің бірі осы, – деді "Украина-Қазақстан" парламентаралық ынтымақтастық тобының жетекшісі.

Украиналық байқаушылар сайлау учаскелерінің бірінде ресейлік әріптестерімен кездесіп қалғанын айтты. Олар да сайлау барысының заң бұзушылықтарынсыз өтіп жатқанын жеткізген.

– Иә, әлеуметтік арақашықтықты сақтау бойынша кішігірім кемшіліктерді көрдік. Бірақ бұған түсіністікпен қарау керек және мұндай кемшіліктер сайлаудың өту барысына ешқандай кедергі келтіріп отырған жоқ. Атап өтерлігі, мемлекет есебінен сайлаушылардың бәріне бетперде мен қорғаныш қолғаптары ұсынылуда. Бұл Қазақстанның сайлауға тынғылықты дайындалғанын көрсетеді, – деді Евгений Шевченко.