Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының сайлауына Жетісу жұрты да белсенді дауыс беруде. Жалпы, Алматы облысы бойынша 1 400 038 тұрғын дауыс беруге құқылы болса, олардың 30 пайыздан астамы түске дейін таңдау жасап үлгерген, деп хабарлайды Egemen.kz
Осы лекте облыс әкімі Амандық Баталов та өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан № 974 сайлау учаскесіне келді. Негізінен бір мезетте дауыс берушілер қатары облыс орталығында көп болды. Дерек бойынша, Талдықорғанда 58 сайлау учаскесі бар болса, электорат қатарында 129 641 адам тіркелген екен. Оның ішінде 187 адам үйден дауыс беруге өтініш білдіріпті.
Ал Жамбыл ауданындағы 77 сайлау учаскесінде 103 490 сайлаушы өз таңдауын жасап, дауыс берген.
- Мен еліміздің болашағын айқындауға үлесімді қосып, өз таңдауымды жасадым. Біз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Қазақстанның уақыт көшімен бірге қарқынды дамыды. Бүгінде әлем халықтары біздің елді бейбітшілік пен достықтың мекені деп санайды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс-тіршілігі жыл сайын жаңа белеске көтерілуде. Барша отандастарды, жерлестерді сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырдым, дейді Жамбыл аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Жұмабек Чажабаев .
Айтпақшы, Жетісудағы қарт сайлаушы Сарқан ауданында тұрады екен. Сайлау күні 109 жастағы Алтын әже де өз таңдауын жасады. Қарияның үйден дауыс беруіне жағдай жасап, көшпелі жәшік әкелген сайлау комиссиясының өкілдеріне батасын берген өңірдің қарт тұрғыны Алтынхан Белдеубай;
- Осындай бейбіт күнді халқымыз көп аңсадық. Енді осы тәуелсіздікті бағалауымыз керек. Менің жасым жүзден асып кетсе де, ешқашан сайлаудан тыс қалған емеспін, сайлауға әр азаматтың баруы міндетті. Сайлауда еліміздің болашағы шешілетін күн, оған бей-жай қарамаған жөн. Еліміз аман жұртымыз тыныш, әр отбасына береке-бірлік тілеймін6деді.