Биылғы Парламент Мәжілісі пен мәслихат депутаттарының сайлауына Жетісу жұрты да белсенді қатысты. Аймақтағы 1053 сайлау учаскесіне таңнан келіп, өз таңдауын жасаушылар легі толастамады, деп хабарлайды Egemen.kz
Айтпақшы, бұл жолғы саяси шарада облыс жастары алдыңғы лектен көрінді. Әсіресе кәмелет жасына енді толған бозбала мен бойжеткендер үшін сайлауда дауыс беру әрі қызықты, әрі жауапты міндет болғаны анық. Мәселен, Үшарал қаласындағы Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде орналасқан №49 сайлау учаскесінің табалдырығын аттаған жас сайлаушы Асылан Маханов дауыс беретін күнді асыға күтіп жүріпті. Ол өзі алғаш рет таңдау жасаған партия ел болшағы үшін қызмет ететін заңдардың қабылдауына күш салады деген сенімде.
- Болашақ жастардың қолында дейміз. Сондықтан да мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға әр қатарласым өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын. Бүгінгі сайлау сондай мүмкіндіктің бірі. Себебі, біз өз дауысымыз арқылы ертеңгі күнге жол қалап, бағытымызды айқындауға септігімізді тигізбекпіз. Ал мұндай тағдыршешті сәтте ортақ істен шет қалу азаматтығымызға сын деп білемін. Өйткені, бүгінгі біздің кішкентай қадамымыз болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы болмақ. Бір қуантарлығы, сайлауға халық көптеп қатысуда. Өзім дауыс бергеннен кейін де сырттай бақылап тұрдым. Жастар да, қариялар да келіп таңдауларын жасауда. Ең көбі орта буындағы тұрғындар. Осы ретте жастардың да таңдау жасауға деген ықыласы арта түссе деген ниеттемін, - дейді алакөлдік жас сайлаушы, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті журналистика мамандығының студенті Асылан Маханов.
Сондай-ақ Текелі қаласындағы №1035 сайлау учаскесінде Арайлым Даданбекова да алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Арайлымның жасы он сегізде екен. Ол Текелі қаласында туып өскен, қазір Алматыдағы Тұран университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алуда.
- Бүгін мен үшін маңызды әрі қуанышты күн. Алғаш рет Мәжіліс және барлық деңгейдегі Мәслихат депутаттарын кезекті сайлауына қатысып, өз дауысымды бердім. Бұл менің азаматтық борышым деп санаймын, - деп өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді Арайлым.
Ал Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылының тұрғыны Дана Медерхан сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келді. Дана жаұында ғана он сегіз жасқа болған екен. Яғн, бұл оның алғашқы қатысқан саяси науқаны.
- Мен Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін дауыс беруге келдім. Бұл менің алғашқы рет сайлауға қатысуым. Бұл сайлау маған Отан алдындағы жауапты міндетімді сезіндірді, дейді Дана Медерхан.
Биылғы сайлаудағы жастардың белсенділігін шараға бақылаушы болып қатысқан журналист Лина Кәлемхан да байқаған екен. Ол Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылындағы сайлау учаскесіне «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің атынан тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысты.
- Сайлау учаскесі өз уақытында ашылып, жұмысын бекітілген тәртіп бойынша бастады. Бұл сайлау учаскесіне 713 азамат тіркеліп, 19 адам үйде дауыс беруге өтініш білдірген. Шара барысында ешқандай заңбұзушылықтар тіркелмеді, тұрғындар қарқынды түрде өз таңдауын жасады. Әсіресе жастардың сайлауға қатысуы ынтасы жоғары болды, дейді Лина Кәлімхан.