Алматыдағы сайлау қалыпты ырғағымен аяқталуға таяп келеді. ТМД миссиясының бақылаушысы, Қырғыз Республикасының өкілі Бермет Дүйшенбиева шаһардағы сайлау процесіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz
Қалада отандық және халықаралық бақылаушылар Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын өткізуді бақылауда.
– Біз таңғы сағат 7-ден бастап, учаскелердің ашылуынан бері осындамыз. Сайлау барысында 6 учаскеде болдық, брифингтен кейін учаскелерді тағы аралаймыз. Бақылау процедурасы кезінде біз учаскелерде болдық, ешқандай заң бұзушылықтарды көрмедік. Жалпы дауыс беру тиянақты өтуде, белсенді сайлаушылар жетерлік. Өзіміз мониторинг жүргізген барлық учаскелерде сайлау процесінің инклюзивтілігі сақталды, яғни барлық жерде мүгедектерге арналған пандустар, шақыру нүктелері бар. Сонымен қатар, жергілікті, қоғамдық бақылаушылардың, саяси партиялар бақылаушыларының өкілдерін де кездестірдік. Жалпы, дауыс беру өте сабырлы өтуде, деді бақылаушы.
Бермет Дүйшенбиева сайлау учаскелері комиссиялары мүшелерінің және сайлаушылардың барлық санитарлық нормалардың сақталғанын атап өтті.