Нұр-Сұлтанда «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласын қолдау мақсатында өткізілген жиында «Түркі әлемінің тарихи-мәдени атласы» таныстырылды. Бұл ерекше жинақ Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен жарық көріп отыр. Онлайн-оффлайн режімде өткен басқосу барысында іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі болды.
Атлас әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды. Кітапта өте құнды деректер жинақталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Түркі әлемі бірегей өркениет саналады. Өйткені оның мыңжылдық тарихы тұтас Еуразия құрлығын қамтып, Орталық Еуразияның орасан зор кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырды.
«Орталық Еуразияның далалық аймағы жылқыны қолға үйрету, металлургияның пайда болуы сынды көптеген жетістіктердің отаны болды, оларсыз жалпы адамзаттық өркениеттің тарихын елестету мүмкін емес. Дәл осы жерден тектоникалық ауқымдағы саяси оқиғалар басталды, олар әлем тарихының өрбуіне тікелей ықпал етті. Түркі халықтары ғасырлар бойы құрған ұлы мемлекеттер Еуразияның саяси картасын белгіледі. Олар – Ғұндар державасы, Түркі қағанаты, Селжұқтар және Алтын орда, қазіргі түркі мемлекеттерінің – Ресей, Қытай, Үндістан, Батыс Еуропа елдерінің тарихы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған моғолдар мен мәмлүктер империясы», дейді ұйымдастырушылар.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің айтуынша аталған жинақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналып отыр.
«Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы шыққаны белгілі. Атластың жарық көруі сонымен тұстас келуінің де мәні зор деп есептейміз. Себебі мақалада Президент бұл жерді ешкім сыйға тартпағанын, атадан мирас болып қалғанын айтты. Бүгінгі атлас – соның жарқын айғағы. Себебі мұнда 200-ден астам карта мен тарихи құжаттар қамтылған және осы географиялық аумақтағы тарихи-мәдени жетістіктерді паш етеді», деді Дархан Қыдырәлі.
Ұлттық академиялық кітапханасында өткен алқалы жиынға алыс-жақын шетелдерден құрметті қонақтар бейне байланыс режімінде қатысты. Олардың қатарында ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай бар.
Сондай-ақ конференцияға Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты Азамат Зие, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская, Татарстан Республикасы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Айрат Ситдиков та қатысты.
Бұдан бөлек, еліміздегі дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа 20-дан астам мемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар атсалысты.
Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді. Жиынның тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткізіліп отырғанын атап өткен ұйым басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін атап өтті.
ТүркПА үйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының халықаралық қатынастардағы өзара сенімді нығайта түсуде маңызы зор екеніне тоқталды.
«Бүгінде халықаралық қауымдастық соңғы онжылдықтағы ең өткір сенім дағдарысын бастан өткеріп жатыр. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы біздің еліміз аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайта түсуге бағытталған бірқатар бастамалар арқылы оңтайлы жауап бере алады. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы оқиғалар тұрғысынан шындығында да өте өзекті мәселелерді көтерген әрі Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындай түсетін мақаласын айрықша атап өтуге болады», деді А.Мамаюсупов.
Бұдан кейін сөз алған Түркі Кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек деп санайды.
«Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһандық деңгейдегі ғылыми жетістіктер мен мәдени құндылықтардың көпшілігі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікті алып жатқан біздің алып құрлығымызға тиесілі. Сонымен қатар бұл аймақтың ең ірі қақтығыстар алаңына айналған да кездері болды.
Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек және келешегіміздің кемелдігі үшін одан сабақ ала білуге тиіспіз. Бүгінде БҰҰ және барша әлемдік қауымдастық мойындаған түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігі тоқтаусыз нығайып келеді. Бүгінгі конференция сияқты ғылыми форумдар біздің елдеріміздің және көршілес мемлекеттердің ынтымақтастығын кеңейте түсуге ықпал етеді.
Бүгін таныстырылған, түпнұсқа мәліметтерге сүйене отырып Түркі академиясы ыждаһаттылықпен әзірлеген «Түркі әлемінің» атласы бұл бағыттағы алғашқы бірегей басылым болып саналады. Ендігі жерде бұл атлас біздің бірінші жүгінетін сенімді тарихи дереккөзге айналады деп сенемін. Халықаралық Түркі академиясын осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын», деді ол өз баяндамасында.
Әзербайжан Республикасының алғашқы Премьер-министрі, Әзербайжанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Гасан Гасанов қазақ мемлекеттілігінің тарихы мыңжылдықтардан бастау алады деп санайды.
«Қазақ халқының және оның мемлекеттілігінің тарихи тамыры мыңжылдықтардан, нақтылап айтқанда, сақ-скиф дәуірінен бастау алады. Бұл даусыз дерекке Страбон, Геродот, тағы басқа да көне заманғы авторлардың еңбектеріндегі мәліметтер айқын айғақ бола алады», деп атап өтті.
Қырғыз Республикасының экс-мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов әлемде ешкім халықаралық құқықпен танылған ұлттық шекараларды даулауға құқылы емес деп санайды.
«Қазіргі Еуразия кеңістігінің ғасырлар бойғы тарихын және бүгінгі келбетін түркітілдес мемлекеттерсіз елестету мүмкін емес. Әлемнің саяси картасында біздің тәуелсіз мемлекеттер пайда болғаннан бергі отыз жылда, біз олардың заңды халықаралық құқық субъектілері әрі әлемдік контексте тәуелсіз мәдени-экономикалық құрылым ретінде толық қалыптасқандығын батыл түрде айта аламыз. Қазіргі заманда халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық шекараларды өткен тарихтың даулы мәліметтеріне, аңыздар мен мифтерге сүйеніп қайта даулауға ешкімнің қақысы жоқ» деді О.Ибраимов.
Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская конференцияға қатысушыларды түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Атласты жоғары бағалады. Сонымен қатар ежелгі түркі жазба ескерткіштерінің таралуының негізгі ерекшеліктері мен географиясы туралы баяндап берді.
Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов халықаралық конференцияны көрші мемлекеттер арасына іріткі салғысы келетін саяси сайқымазақтардың сандырағына орынды жауап болды деп санайды.
«Бұл конференция және оның терең ғылыми мазмұны халықтар арасына іріткі салып, Қазақстан және Ресей халықтарының достығына мына қаққысы келетін әртүрлі санаттағы саяси сайқымазақтардың жалған әрі негізсіз әрекеттеріне лайықты жауап болды» деді Ә.Ахметов.
Қорыта айтқанда, конференция барысында қатысушылар Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақаласына ғылыми тұрғыда үлкен үн қосты. Осы орайда, бас басылымда жарық көрген мақала өткенді зерделеуде тарихшылардың орны ерекше екенін айқындап, ғылыми салаға тың серпін берді.