• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қаңтар, 2021

Талғам таразысы ізімен...

693 рет
көрсетілді

Бүгінгі оқырман классикалық шығармаларды немесе мотивациялық һәм психологиялық кітаптарды таңдаса, ол оның талғамына байланысты. Яғни талғам дегеніміз – көзқарас. Адамның эстетикалық ой биігі. Бұл талғам дегеннің өзі кейде екіұшты ойға қалдырады. Мәселенки, қазіргі қоғам, егер оқыса, адамның табысты әрі бай өмір сүруіне, бизнесті ілгерілетуге және отбасындағы түрлі қиындықтарды еңсеруге үйрететін кітаптарды оқиды: классиканы емес.

Осы құбылысқа қарап, пайым­дасақ, біріншіден, дүниежүзінде де, елімізде де мотивациялық һәм басқа да «үйретуші» кітаптарға сұра­ныс өте жоғары. Өйткені олардың жар­намасы жақсы және адамдар үшін де негізгі құндылықтардың емі сол жанрдағы кітаптар болып отыр. Психологтердің сөзінше, бұл қазіргі қоғамдағы адамдардың рухани әлсіз екенін білдіреді. Яғни қай салада болмасын, әрқашан біреудің айтқан амалын тыңдауға, істеуге дайын тұрады. Тіпті, өмірдегі қиын­дықтармен де өз бетімен күресе алмайды: рухани иммунитеті тө­мен. Әрине бұл – біржақты пікір. Алай­да жұрт жапа-тармағай оқып жатқан ол кітаптар, қалай де­сек те, тұрмыстық деңгейден аса ал­­май­ды. Ал эстетикалық тал­ғам­ды қалыптастыратын көркем шы­ғар­малар емес пе?.. Демек, айнала­мыз­да талғамы қатып, семген адамдар баршылық деген сөз.

Әлемдік нарықта көркем әдебиет пен «тұрмыстық» кітаптардың жарнамасы да, сатылуы да, оқылуы да бір деңгейде. Классикалық дүниелердің артта қалып, шетелдік «үйретуші» кітаптардың алға озғаны бізде ғана. Соңғы уақытта қазақ авторлары да бизнесті дамытуға, ақша табуға ­баулитын кітаптар жазып жүргенін айта кетейік. Тіпті ел алдында жүр­ген танымал жұлдыздардың өзі өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бір кітап жазуды әдетке айналдырыпты және олар жақсы сатылады. Әлгі «талғамы қатып, семген» оқырмандар осы типтес кітаптарға құмар-ақ. Әлқисса. Кез келген да­мыған елдерде барлық жанрдағы кітаптар жазылады һәм оқылады.

Қазақ қоғамындағы негізгі кіл­типан – көркем дүниелердің дең­гей-дәрежесінің төмендеп, оқыр­ман назарынан тыс қалуы болып отыр. Маркетинг пен менеджмент­ті әдебиетке араластырмай көркем шығарма оқылмайтынына бүгінде әбден көзіміз жетті. Өйткені әде­биет бұрынғы соқпақпен келе жат­қан жоқ. Оның бүгінгі жолы бұрынғысына әрі ұқсайтын, әрі ұқсамайтын өзгеше жол. Бұрын тек кітап оқуға баулыса, қазір қай кітапты оқу керек дейтін мәселе маңызды. Ақпараттық-білім қоғамы оқырманға сан салалы, қажетті-қажетсіз дүниелерді ұсынып, ерік­сіз таңдау жасауға мәжбүр ете­ді. Әрине осы тұста талғамның рөлі зор. Кейбір шығармалардың дең­гейі эстетикалық талап-ті­лек­терге сай келмесе де, бағы асып, жаппай оқылып жатқанын кө­ре­сіз. Неге? Өйткені жоғарыда атал­ған қос өнердің – маркетинг пен менеджменттің игілігін көрген­дік­тен. Батыс елдерінде мұның бә­рін әдеби агенттіктер атқарады. Елі­мізде оның механизмі таныс бол­ғанымен, әлі қалыптаса қойған жоқ.

Бүгінгі нарықта қандай тауар болса да медиа мен жарнаманың құдірет-күшіне бағынатынын ес­керсек, халыққа классиканы қол­дан, жоспарлы түрде оқыту керек пе дейсің... Алайда бұл амал-шар­ғылардың бәрінен бұрын оқыр­ман­ның талғамы, эстетикалық ар-ұяты биік тұрмай ма?..

Талғам мәселесі хақында сөз қоз­­ғағанда оқырман көзқарасынан әлдеқайда терең жазушы талғамын айтпай кетуге болмас. Лев Толстой күнделігінде: «Осыдан бір жыл бұ­рын ғана жазылған романым маған жиіркенішті. Тіпті ақымақтың ісі секілді. Кімге керек ол? Не үшін жаз­дым?» деп толғанады. Уақыт өткен сайын өз шығармалары өзі­не түкке тұрғысыз болып көрінуі, тіп­ті әлем классиктерінің өзінде де басым. Мәселен, Флобер, Баль­зак, Джордж Санд осы қатарда. Бұл, әрине, ең алдымен автордың іш­кі түйсігінің, таразысы мен тал­ға­мының биіктігінен болар. Одан ке­йін араға уақыт салып, қо­­ғамдағы кез келген құбылыс, өзгеріс қашанда сол ортаның мү­шелеріне, әсіресе жазармандарға ықпал ететінінен де бар. «Қоғамға түскен әрбір сызат жазушы жүрегі арқылы өтеді», дейді Вольтер. Жазушы қабілеті тек өзіне ғана тән эстетикалық нәзік иірімдер ар­қылы қоғам дертін сезіне алмақ. Яғни әр қаламгердің талғам-та­ра­зысы жазған шығармасының көр­кемдік деңгейімен тығыз байла­нысты болса керек. Белгілі бір кезең әдебиетінің сипаты да, ең алдымен, осы автор талғамының дәрежесімен айқындалмақ. Бүгін­гі есепсіз шығып жатқан кітап­тардың мазмұны сол талғам-тара­зы­ның көрінісі сияқты. Тек осы көп «көркем» шығармалардың әсе­рі­нен классика мен «тұрмыстық» кітап­тардың аражігін һәм өлшемін біл­мей қалмасақ болғаны.