• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Таным 12 Қаңтар, 2021

Қаратөбеде қайта жаңғырған тарих

447 рет
көрсетілді

Өткен ғасыр басында қазақты ел болдырудың қамына кіріскен алашшыл азаматтар қол­да­рынан келген істің бәрін атқарды. Айталық, 1917 жылдың аяғында Орынборда өткен жал­пы­қазақ сиезінен кейін Алашорда үкіметі негізгі іс-қимыл атқару орталығы ретінде Семейді таңдаса, күнбатыс алашордашылар 1918 жылдың ақпан айында Жымпиты уезіне қарасты Қаратөбе кентінде кезекті жиын ашып, батыс өңірде атқарылуы тиіс істерді талқылады. Бұл жиын тарихқа «Қаратөбе сиезі» деген атпен қатталды.

 

Осылай тарихта аты қалған Қаратөбе кенті – облыс орталығы Орал қаласынан 260 шақырым қашықта орналасқан көне қоныс. Әрі бағзыдан бері атам қа­­зақ ірге көміп, тамыр жайған құтты мекені.

«Қаратөбе сиезі ХХ ғасырдың басында Орал қазақтарының үшінші бас­қосуы болатын», деп жазады алаштанушы апамыз Дәметкен Сүлейменова. Яки, алғашқы сиез 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтсе, екіншісі сиез осы жылдың маусым айы­ның басында Ойылда өткен екен.

Бұл реткі үшінші сиезді шалғайда жатқан Қаратөбеде өткізуге басты себеп, осы тұста Орал орыс-казактары қаладағы мемлекеттік банк пен азық-түлік қой­ма­сын, ауруханаларға дейін түгел қа­ру­лы күшпен басып алса, Орынбор-Таш­кент теміржолы большевиктердің ба­қылауына өтіп кетті. Осы алағай-бұла­ғайда Семейдегі орталықтан қол үзіп қалған күнбатыс алашордашылары ке­зекті жиынды қауіпсіз орта қалың қазақ ішінде ұйымдастыруды қолай көрген сыңайлы.

Өңір тумасы жас зерттеуші Ертай Бимұхановтың дерегіне сүйенсек, тарихи жиынды ұйымдастырушылар: Жа­һанша Досмұхамедов (заңгер), Халел Досмұхамедов (дәрігер), Аспандияр Кен­­жин (мұғалім), Есенғали Қосболатов (дәрігер), Х.Мерғалиев, Сәлімгерей Қа­ра­тілеуов (агроном), Молдағали Жолды­баев (мұғалім), Иса Қашқынбаев (дәрі­гер), Нұрғали Ипағанбетов (дәрігер), Қуанай Қосдәулетов қазіреті, болыс Са­лық Омаров, Төлеген Иманғазиев (мұ­ға­лім), Қуанышәлі Тінәшұлы, Есқали Бал­та­ұлы т.б. тұлғалар екенін айтады.

Сондай-ақ аталмыш тақырыпты ұзақ жыл зерттеген, байырғы журналист, өлке­танушы марқұм Қайыржан Хасанов аға­мыз жазып қалдырған мәліметке жү­гін­сек, сиезге қара қазақтың қамы үшін қайғы жеген арыстар, нақтырақ айтқанда елге танымал беделді, билігі жүріп тұрған атқамінерлер мен дін иелері, бұқара сыйлайтын ақсақалдар шақырылған еді дейді. Қонақтарды күтіп алу, оларды ас-сумен қамдау жайын Жымпиты уезіне қарасты Сабынкөл болысы Макар Төкешов пен жергілікті пошта бастығы Сәттіғали Құтқожин бас­таған атқамінерлер атқарып шыққан екен. Атақты батыр Сырым Датұлының шөбересі Салық Омарұлы жиынға қа­ты­сушылардың барыс-келіс, жүріс-тұ­ры­сына арнап 200 бас жылқы берген кө­рінеді. Жиынды өткізуге орталықтан шал­ғайлау шеткері биіктеу дөңнің үс­тінде орналасқан, Шәріп деген кісі сал­дырған мешіт үйі таңдап алынған екен.

Бұл басқосу жайлы жазушы Сәкен Сейфуллин 1927 жылы жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы басылымында: «Қаратөбеде болған сиезге Орал облысының бар оқы­ған қазақтары жиналды. Бастықтары – екі Досмұхамбетұлы. Сиез мешітте өтті. Мешіт лық толған адам. Үй іші әбден булықты. Есік берік. Сиезге кіре алмаған жай бұқара халық анталап мешітті қор­шап алған. Ашық терезелерден бастарын сұғып, талас сөздерді тыңдады. Қара­латын мәселелердің зоры: әскер жасау, үкімет құру, үкіметке қаражат ақша жи­нау. Әскер жасауға, үкімет құруға қар­сы сөз болған жоқ...» деген мәліметті кел­тіреді.

Орайы келгенде атап өтейік, жиын өткен мешіт мұнарасы 1919 жылдары Кеңес өкіметі орнағаннан кейін құла­тылып, ғимараттың үлкен бөлігі клуб, шағын бөлмелері кітапханаға айнал­ған. Ал қасындағы медресе үйіне ком­сомол ячейкасы орналасыпты. Со­ғыс жыл­дары мешіт үйі аудандық әс­ке­ри комиссариатқа лайықталып, кіші­рей­ті­ліпті. 1962 жылы жеке адамдарға тұрғын үй ретінде меншікке берілген. Осы бір тарихи нысанның фото-сұлбасын өлке­танушы Қайыржан Хасанов ағамыз сақтап қалып, бүгінге жеткізген.

Содан 2013 жылы қараша айында қаламгер Қ.Хасановтың атсалысуымен «Қаратөбе сиезі» өткен орынға биіктігі 2,5 метр гранит тастан ескерткіш тақта орнатылып, оның қасбетіне: «Ұлт тең­­дігін жалау етіп, қазақ халқының жар­қын бо­лашағы үшін тәуелсіз ел болу жо­лын­да жанын пида еткен Алаш қай­рат­керлерінің рухына арналады» деген мәнде сөздер бәдізделген.

* * *

Қараңыз... арада тура бір ғасыр өт­кен­де Қаратөбеде өткен тарих қайта жаң­ғырды. Нақты айтсақ, өткен жылдың соң­ғы аптасында кіндік қаны осы ауылда тамған Ержан және Нұржан Хасанов атты ағайынды азаматтар ғасыр бұрын сиез өткен ескі мешіттің орнына «Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музейі» атты керемет нысан тұрғызды.

Игі іске ұйытқы болған тумаластар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласында «Ту­ған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтілген­дей, «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясын­да атқарылған шаруа дегенді айтады. Расында, «Сен жанбасаң лапылдап, Мен жанбасам лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ» деп түрік ақыны Назым Хикмет айтқандай, ағайындылардың бұл ісін аудан әкімі Жанат Асантаев бастаған ел-жұрт зор ықыласпен қабыл алды.

Маңызды шараның тұсаукесер рәсі­міне шақырылған қадірлі қонақтар қата­рында марқұм қаламгердің жары Ырыс­ты Кәкімқызы, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, Қостанай облыстық Ы.Ал­тын­сарин мемориалдық музейінің ди­ректоры Марғұлан Оспанов, ыбырай­танушы Роза Қуанова, ауданның Құр­метті азаматы Тілекқабыл Сағынұлы, ақын Шолпан Қыдырниязова, Абай Шы­ныбекұлы, танымал журналист-фото­граф Рафхат Халелов, облыстық өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиева және осы жолдардың авторы біз де болдық.

Жаңадан бой көтерген музейдің кө­ле­мі – 500 шаршы метр. Төрт үлкен зал­дан тұрады. Олар: ат шаптырым көрме залы, Алаш залы, өлкентанушы Қайыржан Хасанов залы және Т.Иманғазиев атын­дағы мәжіліс залы. Ал кіреберістегі пос­тамент үстінде алты балдақты қазақы оюмен көмкерілген шаңырақ орналасыпты. «Бұл халқымыздың бірлігі «Алты Алаш» ұғымының символикасы», дейді Ержан Қайыржанұлы. Айтса айтқандай, нысанның көгілдір логотипі көк Ту түстес болса, экспозициядан орын алған жәдігерлер заманауи үрдісте цифрлы форматпен интерактивті ақпараттық тер­минал – әмбебап-трансформер арқылы жасалғаны таңғалдырды. Мұндай көрме залдары, жылжымалы электронды музей өңірлерде жоқ деуге болады.

Әсіресе, музей экспонатындағы «Қа­ра­­төбе сиезі» өткен мешіттің маке­ті ерек­ше. Шап-шағын мешіт-үйдің тере­зесі­нен үңілсеңіз бір ғасыр бұрын өткен жиын­ның куәсі боласыз. Яғни тарихи құ­жат­тарға негіздей отырып сиез бары­сы жай­лы оқиғаны 3D көзілдірігімен дәл сол кез­де, сол жерде тұрғандай тамаша­лайсыз.

Ал Хасанов залында қаламгердің жеке кабинеті һәм тұтынған заттарының сыртында, өлкетанушылық зерттеулері, сонымен қатар Қаратөбенің киелі жер­лерінің интерактивті AR картасы орна­ласыпты (суретте). Бұл инновациялық кар­таға қолдағы ұялы телефонды жақын­датса­ңыз қаламгер туындыларымен танысып қана қоймай, ауданның қасиеті ны­сандары: Мұхит Мералыұлы зираты, Дәуқара батыр қорымы, Қаратау би кесенесі,Ұзақ күйші кесенесі жайлы ­ақ­парға қанығасыз.