Жер-жаһандағы жалпы қиындықтарға қарамастан «Астана» халықаралық қаржы орталығы 2020 жылды ойдағыдай түйіндеді. Орталыққа жаңадан 287 компания тіркелді. Сөйтіп жалпы тіркелген компаниялар саны 650-ге жетті. Бүгінде АХҚО аясында 49 мемлекеттің компаниясы жұмыс істейді.
АХҚО қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің хабарлауынша, 2020 жылдың қыркүйегінде тіркеу процесі толықтай онлайн режімге көшкен. Тиісінше, тіркеу мерзімі 7 күннен 1 күнге дейін қысқарды.
Сонымен қатар инвестицияларды сату және сатып алу бойынша әртүрлі платформаларға қатысты 5 жаңа қаржылық қызмет енгізілген. Еске сала кетейік, АХҚО-да ұсынуға болатын қаржылық қызметтердің жалпы саны – 35. Бұдан бөлек, кэптивті сақтандырудың 3 жаңа формасы іске қосылған.
Коронавирус пандемиясына байланысты АХҚО-да реттеушілік бағытындағы қолдау шаралары енгізілді. Бұл қаржы орталығы алаңында жұмыс істейтін бизнес қауымдастыққа қиын кезеңдерде өзінің негізгі басымдықтарына назар аударуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ негізгі капиталға қойылатын талаптар мен инвестициялық компаниялардың өтімділік талаптары оңтайланды.
FinTech Lab-та 8 жаңа фирма тіркелген. Бүгінде барлығы 30 фирма бар. Олар краудфандинг, ақша қызметтері, цифрлы активтер және т.б. қызметтер ұсынады. Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитет АХҚО мен Қазақстаннның цифрлы активтері саласындағы заңнамалық актілердің талаптарын үйлестіруге ықпал етті.
Халықаралық қатынастар бағытында да ауқымды шаруа тындырылды. Атап айтқанда, көпжақты екі келісімге қол қойылған. Яғни IOSCO кеңейтілген өзара түсіністік туралы меморандум және сақтандыру қадағалаушыларының халықаралық қауымдастығының (IAIS) көпжақты өзара түсіністік туралы меморандумы бекітілді. Екі келісім де нарықтардың дұрыс жұмыс істеуі мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дүниежүзілік қадағалау саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтеді.
АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы қызметін 2018 жылғы 1 қаңтарда бастаған еді. Осы күнге дейін жалпы 296 істі ойдағыдай шешкен. Оның ішінде 291 іс 2020 жылды қарастырылған.
– АХҚО сотына 12 іс берілді және 9 шешім шығарылды. Халықаралық төрелік орталығында төрелік талқылау мен медиацияны талап ететін 282 іс шешілді. Төрелік істердің саны едәуір өскен. Бірақ істердің көпшілігі медиация арқылы шешімін тапты. Халықаралық төрелік орталығында дауларды медиация жолымен сәтті реттеу нәтижесінде істер бойынша одан әрі төрелік ету немесе сот талқылауы қажеттілігі азайған. Істерге 11 елдің тараптары қатысты. Оның ішінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Ұлыбритания секілді мемлекеттер бар. Негізінен даулар борыштық міндеттемелерге, өзге де қаржы мәселелеріне, қызметтер көрсетуге, еңбек қатынастарына және мүлікке (оның ішінде жер меншігіне) байланысты мәселелерге қатысты болды, – деп хабарлады АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы.
Пандемияға байланысты АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы жұмысты толықтай онлайн режімге көшірген. Барлық даулар электронды түрде шешілді. Оның бәрі eJustice электрондық сот ісін жүргізу жүйесін қолдана отырып жүзеге асырылды. Барлық дауларды реттеу және шешу, сотқа дейінгі және сот тыңдауларын өткізу үшін заманауи бейнетехнологиялар қолданылған.
АХҚО сотында тараптардың мүдделерін сотта қорғау үшін 222 заңгер тіркелген. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Орталық Азия, Африка, Азия, Аустралия және Жаңа Зеландиядан тіркелген 23 елдің (25 юрисдикция) заңгерлері бар.
– 2020 жыл АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы үшін айтулы жыл болды. Жаһандық COVID-19 пандемиясына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, дауларды шешу қызметтері бүкіл әлемдегі бизнес пен іскер адамдар үшін өзінің тартымдылығын дәлелдеді. Жаңа серіктестік қарым-қатынастарды құру және оқытудың ауқымды бағдарламаларын жүргізу нәтижесінде біз сот істерінің санын едәуір ұлғайтуға, сот және төрелік шешімдерді табысты орындауға қол жеткіздік. Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияның заң және іскерлік қоғамдастығын дамытуға елеулі үлес қостық. Біздің қызметіміздің осы кезеңінде басқа халықаралық қаржы орталықтарындағы дауларды реттеу жөніндегі ұқсас орталықтармен салыстырғанда, нәтижеміз күткенімізден асып түсті, – дейді АХҚО сотының және Халықаралық төрелік орталығының тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.