• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қаңтар, 2021

Медициналық сақтандыру мәртебеңізді тексердіңіз бе?

332 рет
көрсетілді

Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесі енгізілгені белгілі. Қазір бұл қызмет екі пакет бойынша көрсетіледі. Алғашқысы – тегін меди­ци­на­лық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында болса, екіншісі – міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру ая­сында.

Осы орайда азаматтарды медициналық сақтандыруды қалай және қай жерден тексереміз деген сауалдың жиі мазалайтыны белгілі. Өзіңіздің сақтандырылғаныңыз туралы ақпаратты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (fms.kz), egov.kz электронды үкімет порталынан (жеке кабинеттегі «Денсаулық сақтау» бөлімінен), телеграмдағы Saqtandyru-bot каналынан, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасынан білуге болады.

Егер ел азаматы әлі сақтандырылмаған болса, онда келесі категориялар арқылы ай сайынғы төлем мөлшерін анықтауы тиіс: 15 жеңілдетілген категорияға жататын азаматтар үшін мемлекеттің өзі төлеп береді. Жалдамалы жұмысшының төлемін жұмыс берушінің бухгалтериясы жарналарды есептеу нысанының 2 пайызы және жалақы қорының 2 пайызы мөлшерінде жүргізеді. Ал ЖК, шаруа қожалығы иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар 1,4 төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде төлеуі тиіс (төменгі жалақы биыл да 42 500 теңге көлемінде сақталды, сол себепті ай сайынғы төлем мөлшері – 2 975 теңге).

Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы өзін өзі жұмыспен қамтушылар мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер де 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 917 теңге (1 АЕК) төлейді. Ал өзге ауылдық жердегі өзін өзі жұмыспен қамтушылар мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер ай сайын 1 458,5 теңгенің төлемін жүргізуге міндетті. Бұл орайда өз еркімен төлем жүргізуші азамат 1 төменгі жалақының 5 пайызын (2125 теңге) МӘМС қорына аударып отыруы тиіс. Ал азаматтық құқықтық негіздегі келісімшарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар өз табысының 2 пайызын аударады. Бұл ретте максималды төлем – 8500 теңге (10 төменгі жалақының 2 пайызы, 425 000 х 2 пайыз = 8500).

Төлемді өзіңізге ыңғайлы жерде – екінші дең­гейлі банктерде және олардың интер­нет қо­сым­ша­ларында, Kaspi.kz мобильді қосым­ша­сын­да, «Қазпошта» бөлімшелерінде, төлем терминалдарында және медициналық ұйымдардың терминалдарында жүзеге асыруға болады.

 

АЛМАТЫ