• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қаңтар, 2021

Әлеуметтік мәселелерге назар аударылды

255 рет
көрсетілді

Өңірлерге сапарлары барысында сенаторлар халықпен кездесіп, тұрғындарды толғандырған мәселелерге назар аударуды. Сондай-ақ кездесулер кезінде депутаттар Жолдаудан туындайтын міндеттер мен қабылданған заңдарда қамтылған негізгі басымдықтарды түсіндірді.

Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ләззат Сүлеймен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған «Orda-Сығанақ» шипажайындағы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде туризм саласына қатысты мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен қолдаулар туралы жан-жақты әңгіме қозғалды. Аудандық орталық стадионда спортшылармен және нұсқаушылармен кездесу барысында жақында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша түзетулер қабылдау туралы заңның негізгі мақсаттары мен міндеттерін толықтай түсіндіріп берді. Депутаттар аудандағы 600 балаға арналып салынып жатқан орта мектептің құрылыс алаңына барып, құрылысшылармен кездесті. Мектеп құрылысы осы жылы аяқталып 1 қыркүйекте қолданысқа берілетіні айтылды. Сенаторлар Шиелі ауданындағы цемент зауытының жұмысшылармен, аудандық көпсалалы аурухана дәрі­гер­лерімен, Шиелі индустриялық-аграр­лық колледжінің мұғалімдерімен кездес­ті. Шиелі ауданының қарттарымен кезде­суде «Ардагерлер туралы» заңның мүм­кіндіктері мен міндеттері туралы айтылды.

* * *

Сенаторлар Бақтыбай Шелпеков пен Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында газ-поршеньді электр стансасының ұжымымен кездесті, жаңадан ашылған жұмыс орындарын көрді және экономиканы әртараптандыру, индус­трияландыру және отандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару мәселелерімен танысты. Жаңаөзен қаласындағы қант зауытының еңбек ұжымымен кездесуде 2020 жылы Қазақстанда қабылданған жаңа заңдар, оларға енгізілген түзе­ту­лер мен толықтырулар туралы айтылып, қойылған сұрақтарға жауап берді. «Білім-Инновация» лицей-интер­на­ты­ның ұстаздарымен, «Мұ­найшы» мәде­ниет үйінде қала тұрғын­да­рымен кезде­суде педагогтердің қоғам­да­ғы беделі­нің көтерілуімен қатар, олар­дың еңбекақысының ұлғаюы, Жаңа­өзен қа­ласының оңтүстігіне таман 70 шақы­рым­да орналасқан «Кендірлі» аймағын­дағы Тоқмақ жерінде су тұщыту зауыты құры­лысын салу жоспары туралы айтылды.

* * *

Сенат депутаттары Әбдәлі Нұралиев пен Бекболат Орынбеков Жамбыл облы­сын­дағы жұмыс сапары барысында Тараз­­дағы бірқатар нысанды аралап, қа­ланың тыныс-тіршілігімен танысты. Сенат депутаттары №4 орта мектеп­­тің ескі ғимаратын жаңғырту жұмыс­­тары мен Ә.Бөкейханов атындағы №1 гим­­назияға қосымша ретінде салынып жат­қан 300 оқушыға арналған ғима­рат құры­лысын көрді. Коронавирус қаупі сейілмеген шақта инфекцияның тара­луы­на қарсы және емдеу шараларына дайындықты тексеру де назардан тыс қал­мады. Сенаторлар облыстық 200 орынды жұқпалы аурулар ауруханасы және ме­ди­циналық жабдықтар шығаратын «Әмір және Д» зауытының жұмысымен де та­ныс­ты. Білім мен денсаулық сақтау сала­сын­дағы объектілерді аралағаннан кейін «Тараз­энергоорталығындағы» ТЭО-4 қазан­дықтың жұмысын бақылады.

* * *

Сенатор Владимир Волков Алматы облысының Қарасай ауданында мәслихат және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ прокуратура өкілдерімен кездесті. Сонымен бірге Жібек жолы ауылы маңынан өтетін жолды қайта қал­пына келтіру жұмыстарымен таныс­ты. Прокуратура өкілдерімен кездесуде «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне Қылмыстық про­цесте азаматтардың құқықтарын қорғау­ды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жаңа нормаларын тал­қылады. Одан бөлек, кәмелет жасына толмағандарға қарсы қылмыстық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту шаралары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалар және басқа да өзекті мәселелер бойынша сөз қозғады. Сенат депутаты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдерімен де кездесіп, сапалы жол құрылысы үшін қажетті техникамен және құрылыс материалдарымен жабдықтау мәселесін талқылады.

* * *

Сенат депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қызметімен, жоспарлы жөндеу нәтижелерімен, «Tazalyq» жобасымен және өзге де бизнес-жобалармен танысты. Депутаттар зауыт жұмысшыларымен кездесіп, олардың әлеуметтік қамтылу мәселелерін тыңдады. Сондай-ақ олар Атырау қаласындағы кәріздік сулардың булану алаңының жұмыстарымен де танысты. Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС арасында Атырау қаласының сол жағалауындағы «Сасықсай» булану алқабын қалпына келтіру жөніндегі меморандумға қол қойылып, нақты жұмыстар мен олардың орындалу мерзімі көрсетілген «Жол картасы» бекітілген болатын. Зауыт 2022 жылдың аяғына дейін 860 гектар жерді қалпына келтіреді.

Сондай-ақ сенаторлар Атырау қала­сын­дағы «Береке» шағын ауданы мен «Тал­қайраң» елді мекеніндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жат­қан тұрғын үй құрылысының алаңында бол­ды. Талқайраң ауылы маңынан бой көте­ретін жаңа шағын аудандарда 25 мың­нан аса пәтерлі 430 тұрғын үй салу жоспар­ланған.

Сенаторлар Исатай ауданына қарас­ты Қызылүй елді мекеніне газ тарту мәсе­лесімен танысты. Сенат депутаттары жағдайды бұрыннан білетіндерін айтты және елді мекенге газ тарту мүмкіндігін қарастыруға уәде берді. Сондай-ақ сенаторлар Мақат ауданында әлеуметтік нысан құрылыстарымен, Доссор кентінен Мақат ауылына тартылатын кәріз тазарту жүйесінің жұмысын көрді. Ұзындығы 38 км болатын су сору жүйесінің жобаның құны 3 млрд 762 млн теңге болды. Қазіргі кезде жүйенің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптама нәтижесі күтілуде.

* * *

Сенатор Дәурен Әділбеков Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында ауылдық елді мекендерде пай­далануға берілген нысандармен танысты. Олардың бірі – Еңбек ауылындағы күрделі жөндеуден өткізілген «Еңбек» мәдени-спорт кешені. Сонымен қатар  сена­тор «Еңбек» мектебіне және сүт өнім­дері фермасына барды. Кәсіпорын жұмыс­шыларымен кездесуде ауыл шаруа­шылығын дамытуға арналған субсидияларды алу тетіктерін жеңілдету, мал жайы­лымдарына қатысты проблемаларды шешу мәселелері талқыланды.

Депутат Көкшетау қаласында жаңа онкологиялық емхананың жұмысымен танысты. Бұл нысан жергілікті және облыс тұрғындарына емделуге, онкологиялық ауруларды ерте кезден анықтауға және жоғары деңгейде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Депутат Бурабай ауданына да барып, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған нысандардың жұмысына назар аударды. Щучинск қаласында сенатор туристік нысандардың құрылысымен танысып, жергілікті әкімдік өкілдерімен өңірде туризмді дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ депутат Макинск қаласындағы құс фермасының жұмысшыларымен кездесті.