• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қаңтар, 2021

ТМД миссиясы: Ашық әрі әділ өтті

101 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау барысын байқауға келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылары Миссиясының қорытынды баспасөз мәслихаты өтті. Онда сайлау науқанына жүргізілген халықаралық мониторингтің қорытындылары шығарылды.

БАҚ өкілдерімен кездесуде Миссия төрағасы, Ресей Федерациясының қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі Федералды Жиналысы Федерация Кеңесі Комитетінің Төрағасы Виктор Бондарев ТМД-дан келген байқаушылардың құрамы мен жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстандағы сайлауға ТМД елдерінің парламенттері мен орталық сайлау комиссияларының, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, яғни барлығы 234 байқаушы аккредиттеліпті.

– Біз өз қызметімізді Қазақстанның заңнамасын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құжаттарын басшылыққа ала отырып, сайлау процесіне араласпау және мемлекеттің егемендігін құрметтеу қағидаттарын басшылыққа ала отырып, еркін және тәуелсіз орындадық, – деді В.Бондарев.

В.Бондарев Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындығы мен оны өткізудегі қызметін жоғары бағалады. Сондай-ақ Миссия төрағасы сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту, сайлаушылар тізімімен жұмыс жүргізу, әділ әрі ашық үгіт-насихат жүргізу, пандемия жағдайында дауыс беруді ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелерді айрықша атап өтті.

– ТМД бақылаушылары сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін заңбұзушылықтарды тіркеген жоқ. Миссия Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау ашық, әділ, бәсекеге қабілетті және демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарына сәйкес өтті деген қорытындыға келді, – деді Миссия төрағасы.