• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Парламент 13 Қаңтар, 2021

Сенаторлар өңірлерде кездесулер өткізді

311 рет
көрсетілді

Аймақтарға сапарлары барысында сенаторлар негізінен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына баса назар аударды, сондай-ақ тұрғындарға Мемлекет басшысының Жолдауында атап көрсетілген міндеттер мен Сенатта қабылданған заңдарда көзделген мәселелерді түсіндірді.

Сенат депутаты Ақылбек Күріш­баев елордадағы медицина қызметкерлерінің жағдайымен танысып, олардың сұрақ­тарын тыңдады. Депутатқа көп салалы медициналық орталық мамандарының шешілмеген әлеуметтік мәселелері туралы айтылды. Кездесу барысында депутат медициналық жоғары оқу орындарында студенттерге практикалық оқуды ұйымдастыруға байланысты та­қы­­рып­­тарды, сондай-ақ Денсау­лық сақ­тау министрлігінің МӘМС жүйесінде дәрі­герлердің қызметтері тарифтерінің мөлшерін талқылады. Сенатор сонымен қатар қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті. Депутаттың айтуынша, шешіл­меген мәселелер көп. «Біз бәріміз Мем­лекет басшысының бастамасымен жү­зеге асырылған бірқатар ауқымды жо­ба­ның басталғанына куә болдық. Атап айт­қанда, біздің медициналық ор­та­лық­тардың заманауи техникалық жаб­дық­талуы жақсарды», деді сенатор.

 * * *

Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданын­да болып, «Нұрлы жер» мемле­кет­тік бағ­дарламасы аясында пайда­лану­ға берілген, көп балалы және аз қам­тыл­ған отбасыларға арналған тұр­ғын үй­лердің сапасымен таныс­ты және жаңа қоныс­танушылармен кездес­ті. Сонымен қатар сенатор облыс­тық ауруханада болып, инсульт орталығын, кардиологиялық бөлім­дегі ангио­графиялық бөлімшені ара­лады және КВИ-ауруханасында болып, денсаулық сақтау саласындағы жағ­даймен танысты. Ол ауданның ме­ди­ц­иналық мекемелерінің заманауи жаб­дықтарын оң бағалады және ауданнан шықпай сапалы медициналық көмек алудың мүмкіндігін атап өтті. Кез­десу барысында дәрігерлер медици­налық кадрлардың, оның ішінде реанима­толог­тардың жетіспеушілігі туралы айтты. Сенатор бұл мәселені жүйелі түрде шешу қажеттігін жеткізді.

 * * *

Сенат депутаттары Мұрат Бақтияр­ұлы мен Ләззат Сүлеймен Қызыл­орда облысы Жалағаш ауданын­дағы 100 төсектік аурухана мен 1200 балаға арналған №201 орта мектепте болып, дәрігерлер мен мұғалімдер ұжы­мымен кездесті. Жұртшылыққа «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Педа­гог мәртебесі туралы» заң ережелері түсін­дірілді. Қатысушылар тарапынан дәрі­гер­лердің жалақысы мен мәртебесі, ұстаз­дардың жалақысы және мектептің онлайн жүйеден дәстүрлі жүйеге көшуі, онлайн жүйесі бойынша білім сапа­сы­ның төмендеп кеткені және тағы басқа өзекті мәселелер көтерілді. Сыр­дария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын­дағы күріш егетін «Абзал и К» меке­месінің жұ­мысшылармен кездесу кезінде Сыр­дария өзенінің суының төмен­де­гені және егін шаруашылығына көпте­ген қиындық туғызып отырғаны айтылды. Енді 2021 жылы егін шаруашы­лы­ғында су тапшылығын болдырмау мақ­сатында қазірден бастап алдын алу шараларын қолға алу туралы және басқа да өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ жалақы мәселесіне қатысты сұрақтар қойылды. Ауыл еңбеккерлері еліміздегі ауыл шаруашылығы мекемелерінің ұжы­мына дивиденд алуды дәстүрге енгізу және кеңінен тарату жайын қозғады. Сена­торлар сондай-ақ Қызылорда облысы прокуратурасында аймақтың құ­зырлы органдар, құқық қорғау және құ­қық­тық қызмет көрсету саласының маман­дарымен кездесті. Онда жергілікті жерлерде заңдарды қолдану кезінде құқық ережелеріндегі бір-біріне қарама-қайшылықтар, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, қабылданған заңдардың кей­біреулерінің мемлекеттік тілдегі нұс­қасының түсініксіз екендігі және заңдардағы жетілдіруді талап ететін тұстар сөз болды.

 * * *

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп және Динар Нөкетаева Алматыдағы Ұлттық кітапханада болды. Сенатор Нұртөре Жүсіп Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» мақаласында «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуы­ның басты қозғаушы күші болуға тиіс», дегенін атап өте келіп, кітап оқу дәс­түрін қайта дәріптеу туралы айтты. Депутат­тар кітапханадағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі және қалпына кел­тіру, консервация және түптеу қыз­метінің жұмыстарына баса назар аударды. Сирек қорда сақталған көне жәдігер­лермен, бірегей қолжазбалар, соның ішінде XII, XVIII, XIX ғасырда жарық көрген Құран кітабы және басқа да шығыс қолжазбалары топтамасымен танысты. Сенаторлар құжаттарды ғылыми консервациялау зертханасын қалпына келтіру-түптеу секторын, сондай-ақ жазба ескерткіштерді консервациялау және қалпына келтіру мектебін аралады.

 * * *

Сенаторлар Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысы Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының мектебінде болып, білім беру сапасы мен мұғалімдердің жалақысы туралы ойларымен бөлісті. Мұқыр стансасының теміржолшыларымен болған кездесуде осы саланың өзекті мәселелері қозғалды, қызметкерлердің ұсыныстары мен өті­ніштері тыңдалды. Депутаттардың сапары Тасқұдық елді мекенінде одан әрі жалғасты. Тұрғындар ауыз сумен қам­­тамасыз етілмеген, ауылға газ құ­­быры жеткізілмеген. Электр же­лісі де қайта жаңғыртуды талап етеді. Сена­торлар, сондай-ақ Құлсары-Мұқыр тас жолының жағдайына назар аудар­ды. Осы автомобиль жолын қайта жаңар­ту мәселесі депутаттардың бақы­­лауын­­да болғандықтан сенатор Ғұмар Дүй­сембаев осы мәселе бойынша бұ­дан бұрын Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған еді. Де­путат­тар сондай-ақ аймақтағы химия өндірісінде де болып, өңірлік тұрақ­тандыру қорының жұмысымен де танысты. Олар осы қордың тауарлары саудаланатын супермаркеттер желісіне барып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы туралы хабардар болды. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев бағаны мемлекеттік реттеу арқылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың нақты есебін алу жолға қойылуы тиіс екенін атап өтті.

 * * *

Сенат депутаты Әлімжан Құртаев Түркістан облысына сапары барысында аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев­пен және облыстық мәслихат депу­тат­тарымен кездесті. Онда сенатор Жоғарғы палатаның өткен жылғы жұ­мыс қорытындысына тоқталып, қабыл­данған заңдардың маңызы туралы айтты. Сондай-ақ ол өңірдің дамуы­на қатысты мәселелерге назар аударды. Одан бөлек, өңірдегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін Сырдария өзенінен Арыс-Түркістан каналына механикалық су тасымалдау каналын жүргізу және Түркістан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 100 гектар өндірістік жылыжай салу жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған жайылымдық жер, соған байланысты «Жер кодексіне» өзгерістер енгізу қажеттігі және тағы да басқа өзекті мәселелер туралы айтылды. Сенатор өңірге сапары кезінде Түркістан қала­сын газдандыру мәселесіне де ерекше назар аударды. Қазіргі таңда шаһарға газ құбырын тарту жұмысы толық аяқталып, тұрғындар газға қосылуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар Әлімжан Құртаев облыстың бірқатар ауданына барып, жер­гі­лікті тұрғындармен, ардагерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Қазығұрт ауданында Сарапхана және Майлыошақ ауылдарында орналас­қан кәсіпорындардың жұмысымен таныс­ты. Ал Келес ауданының Біртілек ауылында ауылшаруашылық және құрылыс саласында жұмыс істей­тін ұжымдармен сұхбаттасты. Сарыағаш ауданында спорт кешенінің қыз­меткерлерімен кез­десті. Одан бөлек сенатор Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында бол­ды. Барлық кездесуде азаматтар­ды алаң­датқан өзекті мәселелер талқыланды.

 * * *

Сенат депутаты Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысына сапары барысында Орал қаласындағы облыстық перинаталды және реабилитациялық орталықтың жұмысымен танысты. Жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесуде ол 2020 жылы өңірде жаңа туған сәбилер мен ана өлімінің көбейге­ніне алаңдаушылық білдірді. Облыс­тың денсаулық сақтау басқармасы келтірген деректерге сүйенсек, 2019 жылы ана өлімі бір-ақ рет болған. Ал өткен жылы мұндай қайғылы жағдай үш рет тіркел­ген. Депутат алдағы уақыт­та мұндай жағдайды болдырмау үшін жүйелі шара қабылдау қажет­тігін айтты. Соны­мен қатар Ләззат Рысбекова перинатал­ды орта­лықтың медициналық қызметкер­лерімен кездесіп, нысанның жабдықталу жағ­дайына назар аударды. Өңірге сапары кезінде сенатор машина жасау зауытына және консервіленген өнімдер да­йындайтын кәсіпорынға барды.

 * * *

Сенат депутаты Рысқали Әбді­керов Қарағанды облысының Шахан ауылына барды. Сапар бары­сында ол қазандықтың және жылу желісінің құрылысымен танысты. Жергілікті тұрғындармен кездесуде депутат Сенаттың өткен жылы атқарған жұмысы туралы айтып берді. «Сенат заңдарға азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі қылмысты азайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деді сенатор. Сонымен қатар сенатор былтыр күрделі жөндеуден өткізілген аула клубының жұмысына назар аударды. Бұл жерде жас кәсіпкер тиісті грант ұтып алып, «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін жаңғырту» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Аталған жоба Шахан ауылында жұмыссыздықты қысқартуға өз септігін тигізіп отыр. Одан бөлек бұл бастама мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың қазақ тілін еркін меңгеруіне жағдай жасап келеді. Сапар кезінде Рысқали Әбдікеров Шахан ауылдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен және облыс әкімдігінің өкілдерімен кездесіп, ағымдағы мәселелер мен өңірдегі түйткілді жайттарды талқылады.

 * * *

Сенатор Владимир Волков Алматы облы­сының Елтай ауылдық округіне бар­ды. Сенатор жергілікті мәслихат, әкім­дік өкілдерімен және байланыс оператор­­ларымен кездесіп, ауылдық жерлерді жыл­­дамдығы жоғары интернетпен қам­тамасыз ету мәселесін талқылады. Жер­гілікті тұрғындар салыстырмалы түрде сымсыз желінің сапасы кабельді интернеттен төмен екенін айтты. Өз кезегінде телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері Елтай ауылдық округінің елді мекендерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамту бағытында атқарылған жұмыс­тарға тоқталып өтті. Соның нәти­жесінде округке қарасты Береке ауы­лында 20 үй кабельді интернетке қо­сылған. Ал ауылдың мұндай интернет қол­жетімсіз жерлерінде жаңа техноло­гия­ның көмегімен сымсыз желіге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған орай Ақсеңгір стансасының жанынан биік мұнара орнатылуда. Сонымен бірге Исаев ауылының орта мектебі де интернетке қосылғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар сенатор 2 жыл бұрын салынған полиция пунктіне барды және өңірдегі құқық қорғау қызметінің жұмысымен танысты.