• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Қаңтар, 2021

Әлемдік балет жауһарлары – «Астана Опера» сахнасында

576 рет
көрсетілді

«Астана Опера» театрының балет труппасы 16 қаңтар күні көрермен назарына Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен ғаламат Гала-балет ұсынады. Мазмұнды бағдарлама аясында театрдың Үлкен залы сахнасында балет солистері Серік Нақыспеков пен Далер Запаров Мариус Петипаның хореографиясындағы Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де және Э.Дельдевез, Л.Минкустың «Пахита» балетінен гран-па нөмірін орындайды.

– Р.Дригоның «Талисман» бале­ті­нен па-де-де әлем бойынша ба­лет­сүйер қауым арасында үлкен атаққа ие болды. Ол барлық халықаралық балет байқауларының бағдарламасына және көптеген әлемдік балет труп­па­ларының репертуарына енген. Осы­нау нөмірдің тамаша сюжеті бо­­йынша алдымызда ежелгі Үндіс­тан­ның тылсым әлемі ашылады. Менің орындауымдағы жел құдайы Вайю аспан рухтары әміршісінің қызы Ниритимен бірге билейді. М.Петипа мен П.Гусевтің хореография­сы айрықша шеберлігімен әрі мәнер­лігімен өзгешеленеді. Біздің орын­дауымыздағы осы классикалық жау­һардың интерпретациясы елор­да­лық көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін, – деп ой бөлісті Серік Нақыспеков.

Ал театрдың талантты солисі Далер Запаров болса бұл күні Э.Дель­де­вез, Л.Минкустың «Пахита» ба­ле­ті­нен гран-памен дебют жасайды. Соны­мен бірге жас балет әртістері София Әділханова, Нұрай Нұрсафина, Евгений Рыбкин, Диас Құрманғазы, Рустам Чахалов осы нөмірде алғаш рет сахна төріне шығады. Далер Запаровпен жұптасып театрдың же­тек­­ші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова өнер көрсетеді. Сәнді де мерекелік гран-па балет кейіпкерлерінің салтанатты үйлену тойын би тілінде баян етеді. Ол бөлшектердің молдығы, нақыш, испандық темперамент және вариациялардың сан алуандығымен өзгешеленеді.

– Менің пікірімше, мейлі алғаш­қы, премьералық орындау немесе репер­туар­лық спектакль болсын, әрқашан бар­лық өнер көрсетулер өзінше ерекше. Қай партия болсын, сахнаға шыққан сайын әртіс ретінде орындалатын бейненің жаңа қырларын, тың дүниелер ашамын. Десе де аталған Гала-балетте сахнаға шығу мен үшін өте маңызды, сондықтан эмоционалдық жағынан күш-қуатым артып, жаңа жылды сүйікті сахнамда жақсылықпен бастауға құштарлығым зор, – деп өз әсерін жеткізді Далер Запаров.

Екі бөлімнен тұратын алуан түрлі бағдарламаға театр репертуарындағы классикалық, неоклассикалық және заманауи қойылымдардан үзінділер енді. Атап айтсақ, Ж.Коралли мен Ж.Перроның хореографиясындағы А.Аданның «Жизель» балетінен па-де-де, Л.Минкустың «Баядер­ка» балетінен үнді биі, М.Пети­па­ның хореографиясындағы П.Чай­ковс­кий­дің «Аққу көлі» балетінен па-де-де және т.б. Сондай-ақ бұл кеште Патрик де Бананың хореографиясындағы «Дала үні» балетінен дуэт орындалатын болады. Еске салар болсақ, осынау ұлттық балеттің әлемдік премьерасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен желтоқсан айында елор­да­лық көрерменге зор жетіс­тік­пен ұсынылған еді.

Классикалық би өнері елорда тұрғындары мен қонақтарына «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов, балет труппасының солисі Анастасия Заклинская, балет әртістері Марико Китамура, Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Жәнібек Ах­ме­диев, Жансерік Ахметов, Бостан Қожабековтің орындауында ұсы­ны­латын болады. «Астана Опера» сим­фо­ниялық оркестрі дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігімен өнер көрсетеді.