Әлемді әлекке салған арыны қатты індеттің беті қайтар түрі жоқ. Англияда анықталған коронавирустың жаңа штаммы басқа да елдерден табылып, жаһан жұртын әжептәуір алаңдатып қойды. Вирустың бұл түрі біздің елде кездеспегенімен, жалпы Қазақстандағы эпидемиялық жағдай нашарлаған. Қазір еліміз тәуекелі төмен «жасыл аймақтан» орташа қауіпті «сары аймаққа» ауысты.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау вице-министрі, Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов елдегі эпидемиялық ахуал жөнінде баяндап, соңғы мәліметтерден хабардар етті. Оның айтуынша, 13 қаңтардағы жағдай бойынша КВИ-мен ауырған 164 477 науқас және КВИ теріс нәтижелі 46 499 науқас тіркелді. Науқастардың 87%-ы сауығып шықты. Бүгінде ауруханаларда – 5 732 науқас, ал реанимацияда 357 науқас жатыр.
«Қазір тәуекелі орташа аймақта немесе «сары аймақта» Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстары тұр. Сондай-ақ соңғы айда Батыс Қазақстан облысы «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» көшірілді. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта». Атырау облысында сырқаттанғандардың саны айтарлықтай өскені байқалады, дәлірек айтқанда, 3,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысында 1,8 есеге, Қарағанды облысында және Алматы қаласында 1,5 есеге, Маңғыстау облысында 81-ден 315 жағдайға дейін, Түркістан облысында 102-ден 256 жағдайға дейін, Шымкент қаласында 150-ден 195 жағдайға дейін, Қызылорда облысында 48-ден 135 жағдайға дейін ауру жұқтырудың өскені байқалады», деді Е.Қиясов.
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қалыптасқан эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ауруды сырттан әкелу жағдайы азаяр емес. 13 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік шекарада 859 адамнан КВИ анықталды. Зертханалардың қуаты тәулігіне 100 мыңға жуық зерттеу жүргізуге дейін артты.
«Қыркүйек айында Англияның оңтүстік-шығысында генетикалық жолдағы көптеген өзгерістерден тұратын вирустық геномдық жүйелеу арқылы коронавирустың жаңа штаммының алғашқы жағдайы анықталды. Бүгінгі таңда вирустың бұл түрі бірнеше елде соның ішінде Аустралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланды, Ресей және басқа елдерде анықталған. Алдын ала мәліметтер бойынша жаңа штамм вирустың басқа нұсқаларына қарағанда, жас популяциялар арасында белсенді таралады. Бірақ бұл құбылысты зерттеу әлі де жалғасуда. Қазақстанда вирустың бұл түрі анықталған жоқ. Вирустың ауа арқылы берілу механизмін ескере отырып, оны елімізге әкелу қаупін жоққа шығаруға болмайды», деді вице-министр.
Бұдан кейін тиісті ведомство өкілі мектептердегі офлайн оқудың жалғасуына байланысты журналистердің сауалына жауап берді. Соның ішінде мектеп асханаларының жұмысына тоқталды. Асханаларды қолайлы эпидемиялық аймақтарда орналасқан жекелеген аймақтарда ашу жоспарланып жатыр екен. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайту үшін асханаларды ашу алгоритмі егжей-тегжейлі сипатталады.
Сонымен қатар брифингте Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков вакциналауға дайындық барысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, жұмыс тобы шприцтерді дайындау, логистика, тасымалдау және сақтау мәселелерін пысықтауда. Қазір «СК-Фармация» вакциналарды көптеп орналастыруға болатын 4 хаб дайындады. Вакциналарды жүргізу, сақтау және тасымалдау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленуде. Жоспарланған көлем бойынша шприцтер қоры дайындалды.