2020 жылдың желтоқсан айының соңында Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақыру науқаны аяқталды. Науқан барысында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға аймақтан 4 мыңнан астам адам жіберілді. Осыған байланысты қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев жыл қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорытынды шығару кезінде өткен жылғы шақыру жоспарының жүз пайыз орындалуы, сондай-ақ шақырылушылар мен әскери қызметшілердің коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыруын болдырмауға мүмкіндік беретін санитарлық-эпидемиологиялық шараларды уақытылы жүргізгендігі айтылды.
Сонымен қатар, жоғары білімді әскерге шақырылушылар мен облыста жұмыс істейтін әскери-патриоттық клубтардың қабырғасында оқу мен шыңдаудан өткендердің саны артқан. Атап айтқанда, тек 2020 жылдың күзгі науқанында жоғары білімі бар 180-ге жуық азамат әскерге шақырылған.
Іс-шараның қорытындысы бойынша облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2021 жылы шақыруды сапалы ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар берді. Қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін үздік басқармалар мен бөлімдер, жекелеген әскери қызметшілер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.