• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қаңтар, 2021

Алаш арыстарының «Аманаты»

1575 рет
көрсетілді

Бірде махамбеттік күйші Нұр­мұхамбет Қарасаевтың қып-қысқа ғұ­мыр деректері қолға тиді. Онда кәсібі – өмір бойы шопан болғандығы, ал орындайтын шығармалары Құрманғазының «Қарасай», Шыныбектің «Жекпе-жек», Меңдігерейдің «Ақжелең», Қисаның «Сары алқа», Төлекенің «Балқаймақ», «Қара жорға» атты күйлері делінген екен.

Алғашында аздаған күмәнмен қарадық. Өйткені бұрын-соңды Құрманғазыда «Қарасай» деген күй бар дегенді естігені­міз жоқ. Естігеніміз – «Қарасай» халық күйі. Шыныбек, Меңдігерей дегендер кім? Ақын Қиса Көпжанұлын домбыра­шы болды деп айтады. Бірақ күйі бар демеу­ші еді. Төлекенің аты да сирек айтылады. Сонда ол қай жерде өмір сүрген? Ен­деше, тал бойына осындай адам білмес адамдардың шығармаларын жиып-терген Нұрмұхамбетіңіздің өзі кім?

Міне, осындай сұрақтардың ше­шуін табу үшін аталған күйшіні іздей бас­та­дық. Жүрген жерімізде құлақ түріп, сұрау салдық. Сөйтсек біз іздеген дара­боз ат арытар алыста емес, мына тұрған Таң­дайда (бұрынғы «Бақсай» кеңшары) шопанның ақ таяғын ұстап, зейнеткер атан­­ған қара шаруа екен, 2010 жылы бақи­лық ғұмыр кешіпті. Бірақ қа­рапайым еңбек адамы болса да жеке өзінің, тіпті, әкесі, ата-бабаларының қо­ғамдағы, сон­дай-ақ өнердегі орындары ерек­ше, өнегелі жандар екен.

Ең алдымен, Нұрмұхамбет (лақап аты Нұрмаш) арғы жағын қайдам, соңғы 4-5 аталарынан бері шанақ бетін шаң­датып, қос ішектен құйын өргізген атақты домбырашылар. Соның ең басында Шыныбек күйші тұрады. Оның туып-өскен жері – Ақтөбенің Қобдасы. Ма­­хаббат машақатымен із жасырып, Жайық бойына келіп, қырға шығып, құм жағалап, ақыры тұрақтап қалған-ды. Өзі жас кезінде ат баптап, жиын-тойда бәйге басынан көрінсе, балуандар белдесуінде арқасы жерге тимеген ол домбыра тартуда да мерейі үстем болыпты. Осылайша ортасында ылғи да жекпе-жекпен күй кеш­кен Шыныбектің артында қалған «Жек­пе-жек» күйі біздің заманымызға жетті.

Өзінің еті тірі, алғырлығымен ха­лі де, малы да айта қаларлықтай Бәпи­дің де (кейін ел Бәпіл атап кеткен) күй­дегі үлесі мол. Одан туған Әшен де – өнер­дің өрен жүйрігі. Бірде Сағырбайдың Құр­манғазысы Жылой беттен елге оралып келе жатып, Қаройдың Жарқыншағында отыр­ған Әшен ауылына соғады. Дәл сол сә­тте отағасы үйде болмай, зайыбы Ажар күн кешкіріп қалса да күйеуінің орнын жоқ­татпай, сол бойда мал сойып, қазан кө­тереді. Қонақ жалғыз отырмасын деп ауылдың үш-төрт қариясын алдырып, орта толтырады, әңгіме-дүкен құрғызады.

Шай ішіліп, ет те желінеді. Одан әрі қонақтар аз-мұз әңгіме өрбітеді. Со­дан соң Құрекең қолына домбырасын алып, күй жебейді. Осы кезде бойындағы өнер­дің оты, жастықтың шоғымен қыр асып, қыдырып кеткен отағасы да отауы­на оралады.

Үй сыртындағы ағашта бейтаныс бө­тен аттар байлаулы. Екі-үшеуін танып еді. Мына біреу қалбаң құлақ кер аттың тізгіні тартылып, тоқымы алыныпты. Соған қарағанда суып тұрған жайы бар. Тер-жүнінің қатпарланып, іші-бауырының жаранғанына қарағанда қашықтан қара көрсеткен жануарға ұқсайды. Осылай деп ой түйген отағасы отауына беттеді.

Шаңырағынан шалқып-төгілген күй еседі. Құлақ түріп еді, домбыра дыбы­сы бұнікі емес, қағысы да дағдылы үн­нен басқаша, арынды, асқақ. Сонда кім? Бөкейлікте Құрманғазы деген дом­быраның дәулескері бар деуші еді. Мына қағыс маңайдағы жүйріктердің шабысына келмейді. Осындай ой кешкен Әшен өз табал­дырығын имене аттады.

Сөйтсе, шаршы төрде елуді еңсеріп тас­таған еңгезердей ақсары қария домбыра шертіп отыр. Анау-мынау емес, көсік­тей қолымен күреп шалады, орап соғады.

Бұл дауысын шығарып сәлемдесті. Сол сәтте күй шалып отырған қонақ басын көтеріп, қолындағы домбырасын қа­быр­ғаға сүйеді. Содан соң дауысын шы­ғара амандасты. Осы кезде күйші қасында отырған қырма сақалдың бірі қонаққа Әшенді таныстырып, «Бұл осы үй­дің иесі Әшен деген болады» деп еді, Құр­манғазы бірден әңгімеге көшіп «Мал-жаның аман ба, қарағым? Орын-жайың құт­ты, төрің қонақты, бірлік-берекең ұза­ғынан болсын, Әшен! Мен – алыс жол­дан жалғыз-жалпы ат арытып, тұяқ тоздырған жолаушымын. Әңгімені әлі жалғастырамыз ғой. Мен сенің кереге басындағы домбыраңды көріп, қолыма алдым. Үнінен үйлесім көрдім. Соған қара­ғанда өзің де бұл өнер­ден құралақан емес сияқтысың. Кәне, өз қолыңнан тың­дап көрейін, толғашы» деді.

Әуелгіде Әшен тіксініп қалды. «Жаман үйді қонағы билейді» деп, әңгі­мені өзінен бастап, иесіз домбыраға қол артқанына кешірім сұрау да жоқ, күй тарт­шы дейді. Не істесем екен? Әйтсе де ауыл арасы емес, алыстан келемін деді ғой. Не де болса, ыңғайына көшіп, өті­нішін орындайын» деп, төрт-бес күйді түйдектеп бір қайырды да, «енді қонақкәде сізден болсын», деді.

Үні қатқылдау шықты. Бірақ оған құ­лақ асқан Құрманғазы жоқ, қолына өз домбырасын алды. Содан соң Әшенге қарап «Жарайсың, қолың жүйрік екен. Аспабың да сөйлеп тұр» деп домбырасын қағып-қағып жібереді. Әрі-бері күй шақырды. Содан соң бұрын естімеген жаңа күйдің әуенін бастап кетті. Жай, баппен орындалатын шығарманың өн бойында баланың күлкісі, ананың бақыты, мөлдір аспан, шуақты күн сәулесі нұрын төгетін сияқты. Күй аяқталғанда Әшен қонақтың бетіне қарап, сұрақты күйде отырды да «Айыпқа бұйырмаңыз, біз сіз­ді әлі дұрыс танымаймыз. Бірақ домбыра қағысыңызға қарағанда, бөкейлік күйші екеніңізді аңғардық. Ендеше, кім боласыз, қайдан келесіз, қайда барасыз?» деді.

– Ол рас, біз әлі танысып үлгерген жоқ­пыз. Мен былайша айтқанда сіздің ауылға құдайы қонақпын. Атым – Құрманғазы, топырағым, тумысым – өзің айтқан бөкейлік. Әйтсе де аяқ жүруге, көз көруге арналған ғой. Қазіргі қонысым орыс жері – Астрахан бетте. Ол жаққа қоныс аударғаныма да көп бола қойған жоқ. Бәрі де тағдырдың айдауы емес пе? Ел­ді сағынып, бері қарай шығып кетіп едім. Әуелі атажұртымда болып, одан қайын жұрт, Жайық өтіп, Жемдегі кәрі наға­шыларыма бардым. Түрмесінің дәмін көп татқан Текеге де соқтым. Енді елге беттеп келе жатқан жайым бар.

Дәм айдап, араларыңызға келіп қал­дым. Ауыл шетіне келіп, ат суытып, жү­рек жалғар үй сұрағанымда, біреулер ар­қама асқан домбырамды көрді ме, әлде бұйыр­мыс па, «Әне бір үй – Әшендікі, өзі – күйші, қонақжай» деп сіздерге жұмсады. Аллаға шүкір, Ажар да – Құдайға қараған келін екен, «отағасы жоқ еді» деп, теріс айналған ештеңесі жоқ, көрпесін салып төр­ге оздырды. Қымызын ұсынып, дәм тат­қызды. Мына ауылдастарың келіп, орта толтырғанша әңгіме өрбіттік, бала-шаға, отбасыңнан хабардар болдым.

Шырағым, төрің кең, жүректерің ашық жандар екенсіңдер. Мұндай құрметті кез кел­ген жерден көре алмайсың ғой. Шын риза болдым. Жаңағы орындаған жаңа күйім де сол құрметтің хиуазы. Келіннен білгенімдей, бауырларыңа ерген Орақ, Мамай есімді екі ұлдарың бар екен. Қыз – көрік және өріс, ұл – ұлтан емес пе? Ұлтаның мықты болсын. Менің тілегім – сол қос ұлыңның артынан тағы бірі ілесіп, қара өсіп, үшеу болсын. Оның аты Қарасай аталса деймін. Сонда Орақ, Ма­май, Қарасай батырлар сенің қорғаның ғой. Күйімнің де аты – Қарасай, – деді күй­ші Құрманғазы.

Мынандай жақсы тілек үй иелерімен қоса, қонақтарды да қуантты.

– Иә, естуіміз бар. Құрманғазы деген аты­ңыз да таныс. Қош келдіңіз, ертең ар­найы қонақасыңыз болады. Бүгінгіңіз, алыстан шаршап, шалдығып келген со­лығыңызды басуыңыз, атыңыздың да ая­ғы суысын, – деп Әшен де, ауылдастары да Құрекеңе қолқа салады. Осылайша ол шектілер ауылында тағы да бір-екі күн жатып, күй тартты, арғы-бергіден көр­генін айтып, көңіл көтерді. Соңында бейтаныс ортаны қимай қоштасты.

Айтқанындай артынан Әшен күйшінің бәй­­бішесі – Ажар жүкті болып, тағы да бір ұл тапты. Атын Құрманғазы есімді Құ­дайы қонақтың өтініші бойынша Қарасай ата­ды.

Әшенде бұлардан басқа да ұлдар бар. Солардың бірі оның екінші әйелі – Шәйім­нен туған Меңдігерей. Ол да әуел­ден күй үшін туған дүлей-ді. Қолына дом­быраны екі жасында алып, немере туы­сы (екеуі құрдас) Батыс Алашорданың ірі өкілі Қаратілеуов Сәлімгереймен Жым­питы, Ойыл, Орынбордағы күндерін бір­ге өткізді. Сәлімгерей де домбырашы еді. Бірақ Меңдігерейдің күй өнеріндегі шебер­лігін ылғи да мойындайтын. Тіпті Жан­ша, Халел, Аспандияр (Кенжин) және басқаларымен кездесіп қалғанда осы құрдасын ортаға алып, алқақотан күй тыңдайтын. Кейін олар басына іс түсіп, бүлікші алашордашылар атанғанда Орын­борда кездесіп, Сәлімгерейдің үйіне жи­налды. Кезіндегі қиын жағдайды тал­қылады. Өздерінің қолға алған істің ақ­тығы, туған халқының тәуелсіздігіне ар­налған ізгі ойдағы жұмыс екеніне сенді. Бұл ісімізді дәл қазір алға апара алмасақ та кейінгі ұрпақ жалғастырады, соған сенеміз деген сөз айтылды.

Осы кезде аталған оңды іске өзі бел ше­шіп араласпаса да, алашордашылардың ылғи ортасында жүріп, жүрегімен сезінген Меңдігерей қолына домбыра алып, тарқар күйін тартады. Жігерге толы, арындап, асқақ орындалатын жа­ңа шығармаға елең еткен Сәлімгерей әп дегеннен үн қосып, «Мынауың мен есті­меген күй ғой, аты қандай?» дейді құр­дасына.

– «Аманат», – дейді Меңдігерей.

– «Аманат»... Жоқ, бұл Алаштың аманаты ғой.

– Дәл солай.

– Ендеше, бұл күй өлмесін. Өйткені бұл осы арада отырған тек біздің ғана емес, күллі Алаштың аманаты ғой, – деді Сәлімгерей.

Бұл пікірді басқалары да қолдады. Кейін жаңа саясат Алаш басындағылар ғана емес, оған ниеттестердің артына шам алып түскенде, «Аманат» күйінің авторы Меңдігерей, оның ағайындары да қара тізімге ілікті. Сәлімгерей Қаратілеуов, Халел мен Жанша, Аспандияр Кенжин де атылып кетті. Ал Меңдігерей біраз уа­қыт Орынборда болса, артынан Орал, Гурьев, Елтай, Таңдайда бұқпантайлап күн кешті. 1944 жылдың сақылдаған сары аязды күндердің бірінде Таңдайға қарасты Бәшенқұл қауымы мекенінде отырған Қарасайдың үйіне келді. Әңгімені әріге созбай, жастайынан алдына жайғастырып, күй тыңдатқан Нұрмашты шақырып алды да «Балам, домбыра тартшы?» деді. Нұрмашта қар­сылық жоқ, білгенін жел­­­діртті. Біразы әке­сінен, қалғаны сол Мең­дігерейдің өзі­нен үйренген шығар­малар. Сол баяғы «Жекпе-жек», «Сары алқа», «Қара жорға»...

– Жақсы, балам! Өте жақсы. Енді саған мен тағы бір күй үйретейін, тыңда, – деп домбырасын қолға алды. Содан соң өзінің «Аманатын» шерте бастады. Бір рет, одан соң екінші рет орындады. Үшін­шіге көшкенде Нұрмаш: «Аға, мына күйіңізді енді мен орындайыншы», деді.

– Қалай?

– Бұл күйді сіз бұрын да орындап жүрсіз ғой. Бірақ ешуақытта атын айт­қан емессіз. Мен сол кезде-ақ үйреніп ал­ғанмын, – деп еді.

– Дұрыс айтасың. Мен оның атын ешкімге айтқан емеспін. Енді сен оны үй­реніп ал. Күні туып, кезі келгенде орын­дарсың. Күйдің аты – «Аманат». Осы күй үшін мен біраз қуғын көрдім. Әлі де қуғындамын. Әйтсе де сен оны ұмытпа, – деп күй тарихын айтып берді.

Аттанарда Қарасай інісіне қарап «Сен мына баланы сақта. Қолы шебер, талабы бар ұл ғой. Қара жұмысқа салып, киелі өнер­ден алшақтатпа. Өнерлі баланы қор қыл­ма» деп тапсырды. Содан соң көп кідір­мей жүріп кетті. Артынша оның «Жалғансай деген жерде кенеттен қайтыс болды» деген хабары жетті.

Әйтсе де Алашорданың лаңы Шыны­бек­тен тараған ұрпақты айналып өтпей, өт­кен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін бой жазып, еркін көсілуіне мүмкіндік бер­меді. Бар-жоғы төрт сыныптық білімі бар Нұрмаш (Нұрмұхамбет) әкесіне көмекші болып, шопан атанды. Елуінші жылдардың ортасындағы өнерге деген жаңаша бетбұрыс оны да өрістен оралтып, сахна төріне шығарды. Меңдігерей ағасынан үйренген талай шығарманы халыққа танытты. Тіпті 1957 жылы облыс орталығында өткен өнер фестивалінде Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев алдында әңгіме басында сөз еткен күй­лерді орындап береді. Тағы да алпыс­тан астам күйді білетінін айтады. Бұл академикті қатты ойландырады. «Ой, шы­­рағым, сен бізге керексің. Алматыға жүр, арнаулы білім алып, шеберлігіңнің жетілуіне көмектесеміз. Бізге керегі – сенің жалпы білімің емес, шеберлігің, өнерің. Дина шешеңде бір кластық білім жоқ. Бірақ қазір ол – халқымыздың ұлы күйшісі» дейді академик.

Осы кезде Нұрмаштың есіне өзінің ұс­тазы Меңдігерей Әшенов жөніндегі әкесі айтатын мына бір әңгіме оралыпты. Ол жастау кезінде Жайық бойында, құм­­да өтетін түрлі тойда күй тартып, сайыс­­тарға түсіпті. Сондай сәтте Дина шешей­мен де талай рет кездессе керек. Мең­дігерейдің шеберлігіне риза болған күйші ана «Маған Меңдігерейдің майсаң қағы­сы ұнайды. Шебер-ақ, шебер!» деп риза­лық сезім білдірген екен. Кейін Қар­шы­ға Ахмедияровта да кейде сол қағыс қылаң береді.

Нұрмаш Ахмет Жұбановтың жо­ға­ры­дағы ұсынысын қуанышпен қа­былдап, ауылдағы әкесіне жеткізеді. Әйт­се де Сәлімгерейден аузы күйіп, Меңдігерейден қорқып қалған Қарасай қария «Балам, Алашорда арыстары әлі ақталған жоқ. Атыңды шығарамын деп жүргенде арандап, сөзге шатыларсың. Одан да тыныш жүріп, қой баққаныңнан артығы жоқ» деп рұқсатын бермепті.

Бірақ Меңдігерейдің «Аманаты» өл­ген жоқ. Оған тоқсаныншы жылдардың ба­сында тәуелсіздік таңы атып, еліміз еңсе көтергені себеп болды. Шекті Шыныбек күйшінің ұрпағы (Қаратілеуден өрбіген), күні кеше арамыздан өткен халқымыздың ғажайып күйшісі Қаршыға Ахмедияров ұстазы Нұрғиса Тілендиевке барып отырса, ол шәкіртіне Гурьевте 500 адамдық ха­лық аспаптары оркестрінің қалай сах­наға шыққаны, ауыл өнерпаздары жайлы әңгімелеп, «Сол кезде Ахас екеуміз Есбол ауданынан келген Нұрмұхамбет Қарасаев деген жас жігітпен кездесіп, көп ешкім біле бермейтін талай күйді естіп едік. Сол бойда оны Алматыға шақыр­ғанбыз, оқуына келіскенбіз. Бірақ неге еке­нін білмеймін, оның бұл жаққа жолы түс­педі» депті. Сол сәтте Қаршекең жерден жеті қоян тапқандай «Нұреке-ау, ол менің ең жақын туысым емес пе? Әлі бар, шаруа­шылықта ұзақ жыл шопан болды. Қазір зейнеткер» дейді.

– Ендеше, сол ағаңды тап, ол білетін күйлерді жазып ал, – деп тапсырады Нұрғиса.

Қаршыға Ахмедияров 1994 жылы ту­ған ауылына оралып, атажұртын аралайды. Әке-шешесі, ата-бабаларының әруағына зиярат етеді. Туғандарына сәлем береді. Соның бірі – кеңес дәуірінде күр­кіреген шопан атанып, тәуелсіздік жыл­дарында қу таяғын ұстап қалған зейнеткер ағасы Нұрмұхамбет төрге төсегін салып, ерте туған бір марқасын шалып, құ­шақ жайып қарсы алды.

Әңгімені інісі бастады. «Аға, сіздің дом­быра тартатыныңызды, қолыңыздың әжептәуір желі бар екенін білемін. Қой бағамын деп көп бәйгеден құр қалды­ңыз. Сіздің өнерге деген жүрегіңіз ақ қой. Өнерді бәрінен де жоғары қоясыз. Шы­ныбек әулетіндегі көзі тірі күйшінің үл­кені өзіңізді ұстаз санаймыз. Сіз өмір­де өзіңізді Меңдігерейдің шәкіртімін дейсіз. Әкеңіз Қарасай да күйші еді ғой. Солардан сізде не қалды? Менің ұс­тазым Нұрғиса Тілендиев жақында маған: «Сол ағаңда көп нәрсе бар. Кей­бір күйлеріндегі қағыстарды өз шығар­ма­ларымда пайдаланғанымды жасырмай­мын» деп мені сізге әдейі жұмсады» дейді.

Нұрмұхамбет алғашында толқыды. Жанарына жас үйірілді. Содан соң сөз сабақтап, «Өзің білесің, менің айна­лам­ның бәрі – күйші. Бірақ солардың қай­­сысынан да жоғары тұратыны Мең­дігерей ағам-ды. Әкем «ол домбыраны қолына екі, сен төрт жасыңда алдың. Сенің күйдегі ұстазың Меңкең» деп. Әйт­се де ол менің жанымда ертелі-кеш оты­рып, ақыл берген жоқ. Дегенмен ал­дында отырып, талай күйді толғадым. Қолына қарап, қағы­сын үйрендім. Сол мек­теп мені өмір бойы күйге ғашық, жұрт ал­дында асық етті. Білгенімді орындадым. Оным­ды тың­дармандарым әрдайым жылы қабыл­дады.

Дегенмен менде жарты ғасырдан бері келе жатқан ұлы арман, өшпес өсиет бар. Бұл – Меңдігерей ағамның өлер алдында әдейілеп тапсырған «Аманат» күйі. Бұл – арасында Сәлімгерей ағам да бар алашор­дашылардың өсиеті, кейінгілерге аманаты. Оны ұстазым: «Нұрмаш, бұл күйді ұмытпа! Ұдайы орындап жүр», деуші еді. Солай істедім, бірақ топ алдында атын атап, шерте алмадым. Енді оның күні туды-ау, деп ойлаймын. Сен соны үйре­ніп ал да, үлкен топқа жеткізші» деді.

Қаршығаның күткені осы еді. Аға­сының орындауындағы әлгі күйді үнтас­паға жазып, кейін нотаға түсірді. Оны Ма­хамбет аудандық мәдениет бөлімі мен З.Есжанова атындағы балалар саз мектебіне беріп, оқу бағдарламасына енгізуге көмектесті. Д.Нұрпейісова атын­дағы Атырау облыстық академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сол кездегі бас дирижері және көркемдік жетекшісі Орақ Жауыровтың оркестрге бейімдеуінде З.Есжанова атындағы саз мектебі оркестрінің орындауында өнер сүйер қауымға жетті. Қаршығаның өз қол­таңбасымен «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына, профессор К.Сахарбаеваның «Күй-ғұмыр» кітабына енді. Осылайша, Алаш қайраткерлерінің бір аманаты са­нал­ған Меңдігерейдің «Аманат» күйі өз тыңдаушыларын тауып, тарихта қал­ды.

Өнер – өмірде көріп-білу, тәжірибемен қа­лыптасумен бірге әу баста қанмен бері­летін қасиетті жетістік. Бірақ оны дер кезінде танып, дамыта білу керек. Шыныбек әулетінде күйшілік дәс­түр өркен жайды. Олар өнердің өзге тү­рінен де құралақан емес. Мәселен, Аты­рау өңірінде айтыскерлік шеберлікті қай­тадан өрістетіп жүрген Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі, ақын Жәниба Қарасаеваның орны ерекше. Ол өлеңмен бірге қара сөзден маржан теруде көп еңбек сіңірді. Бірнеше кітабы жарық көр­ді. Облыстық, республикалық басылымдарда қоғамдағы түйткіл мәселелерді батыл да еркін қозғап, руханияттың кейбір жайтты ашық айтып жүр. Осы мақаланы жазуда Жәнибамен қайта-қайта әңгімелестік, көп жайтқа қанық бол­дық. Соның бәрінде ол Нұрмұхамбет аға­сының «өнерде жарқырап көріне ал­мадым-ау» деген арманы болғанын тілге тиек етті.

Қазақтың қоңыр домбырасының ша­нағынан шалқыған күй төгіле берсе екен... 

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Атырау облысы