Мұз үстінде із қалдыру оңай ма? Бұл үшін кәсіби шеберлік қажет шығар. Десек те, жақында Құрманғазы ауданының орталығында тұратын Нұралы Бектеміров мұз үстінде мәнерлеп сырғанады. Теңіз жағасында қатқан мұзда сырғанау көпшілікті тәнті етті.
Оның сырғанау сәтін ағасы Әди видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Әрине Нұралы Бектеміров кәсіби спортшы емес. Қазір Абай атындағы орта мектептің 10-сыныбында оқиды. Ол тұратын ауданда спорттың дәл осы түрімен айналысуға лайықты нысан жоқ. Соған қарамастан мектеп оқушысының сырғанау мәнері кәсіби спортшылардың шеберлігінен кем түспейді. Оны әуесқой сырғанаушы деуге болады.
– Үш-төрт жыл бұрын мәнерлеп сырғанауға қызығушылығым оянды. Содан бері шеберлігімді шыңдап келемін. Ынталы жанға мәнерлеп сырғанау қиын емес, – дейді Нұралы Бектеміров.
Спорттың осынау бекзат түрін дамытуды ойлағандар Нұралы Бектеміровтің талпынысына назар аударғанын қалар едік. Бәлкім, оның бағы жанғалы тұрған шығар. Тегінде мұз үстінде де қазақ баласының ізі сайрап жатуы керек емес пе?
Атырау облысы