• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Қаңтар, 2021

Меркельдің орнына Лашет келе ме?

226 рет
көрсетілді

Германияда биліктегі Христиан-демократиялық одағының жаңа көшбасшысы таңдалды. Партия басшысы болып 59 жастағы Армин Лашет сайланды. Сарапшылар жаңа көшбасшы алдағы уақыт­та канцлер Меркельдің орнын басады деген болжам айтуда.

Германияның биліктегі Хрис­тиан-демократиялық одағы жұма-сенбі күндері жиын өткізіп, жаңа жетекшіні таңдады. Виртуалды жиын нәтижесі бойынша, партия жетекшілігіне Армин Лашет сайланды. Ендігі кезекте халықты Солтүстік Рейн-Вестфалия федералды жерінің премьер-министрі, 59 жастағы саясаткердің канцлер лауазымына келер-келмесі алаңдатады.

Лашеттің кандидатурасына жиынға қатысқан 991 саясат­кердің 521-і қолдап дауыс берді.

Партия басшылығына үміт­керлер қатарында Фридрих Мерц те болды. Ол 466 дауыс жинады. Үшінші үміткер Норберт Реттген екінші кезеңге өте алмады.

Бұл таңдаудың тартысты болғаны сөзсіз. Өйткені Ангела Меркель кезекті сайлаудан кейін үкімет басшылығын да босататынын хабарлаған-ды. Кезекті сайлау деп отырғаны 2021 жылдың 26 қыркүйегіне жоспарланған парламент сайлауы еді.

Партия басшылығына таға­йын­далған Лашет құттықтау сөзінде Христиан-демократиялық одағы мен олардың әріптесі Христиан-әлеуметтік одағының бірлігі нығая түсіп, серіктестігін алға жетелеу жолында қызмет ететінін хабарлады. «Алдағы сайлауда канцлер дәл осы одақтан таңдалуы үшін көп еңбек ету қажет. Мен екі одақ жұмысы мен бірлігінің ілгерілеуі үшін жұмыс істеймін», деді партияның жаңа басшысы.

Германия саясаткерлері Лашет­­тің Меркель саясатын одан әрі жал­ғастырады деген пікірін ай­тады. Өйткені ол да Меркель сияқ­ты тың әрі мұқият адам.

2018 жылы да сайлауға кандидатурасын ұсынып, жеңіліс тапқан Мерц биыл тағы бағын сынады. Екінші айналымға өткенімен Лашеттен аз дауыс жинап, партия басшылығынан құр қалды.

Неміс саясаткерлері, әлеумет­танушылар мен басылымдары бірнеше айдан бері партияға жаңа әрі жас басшы керек екенін айтып келген-ді. Олар Маркус Зедердің бұл лауазымға таптырмас адам екенін алға тартты. Олардың ойынша, бавариялық Христиан-әлеуметтік одағының көшбасшысы коронавируспен күрес кезінде қажырлы еңбек етіп, пандемия уақытында халықтың әлеу­меттік жағдайының жақ­саруы­на көп еңбек сіңірген. Осы­лайша, ол Германиядағы таны­мал  саясаткерлердің біріне айналды.

Осы орайда Германиядағы  Infratest орталығы халық арасында сауалдама жүргізіп, келешек канцлер туралы болжам жасады. Сауалдамаға қатысқандардың 55 пайызы Зедерді құп көрсе, 35 па­йызы Мерцті, 34 пайызы Реттгенді таңдаған. Ал партияның жаңа басшысы Лашетке небәрі 27 пайыз адам сенім артқан.

Негізі Зедердің жеңіске жетуі әбден мүмкін таңдаған. Өйткені осы тартысқа түскен саясат­кер­лердің барлығы ол туралы жақсы пікірде. Дегенмен канцлер Ангела Меркельдің бұл мәселе­дегі ойы әзірге белгісіз.

Партия басшысы Армин Лашет те Зедердің кандидатурасына қатысты ойланып көру керек екенін айтты. Ал Зедердің өзі бұл сұраққа нақты жауап бермей, қазір­де ол үшін бавариялық үкіметтің жұмысы бірінші орында екенін мәлімдеді.

Нақты шешім айтуға әлі ерте. Өйткені жоғарыда жазғаны­мыз­дай, ХДО қыркүйекке жоспар­лан­ған сайлауда да осы орнын сақтап қалуы керек. Дегенмен сауалдама нәтижесіне қарасақ, халықтың партияға көзқарасы оң секілді.

Биылғы жиын пандемияға орай ерекше өтті. Партия басшысын сайлау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда партия мү­шелері  әріптестеріне компьютерден онлайн режімде дауыс берсе, екінші кезеңде пошта арқылы дауыс жиналды. Бұл күмән тудырмас үшін таңдалған тәсіл болатын. Саясаткерлер жиын үрдісіне еш талас тудырған жоқ.