Кеңес Одағының Батыры атағын үш дүркін иеленген даңқты ұшқыш А.И.Покрышкин «соғыс адам санын азайтады, есесіне батырларды көбейтеді» деген екен. Осы кісі айтқандай, 1941-1945 жылдары ғаламды дүрліктірген алапат соғыс қазақ ұлтына үш генерал сыйлады.
Біріншісі – өзбек ағайындар ортасында өсіп-өнген қандасымыз Сабыр Рахимов 1943 жылы 19 наурызда әскери жоғары шен генерал-майор атағына қол жеткізсе, екінші қазақ – Шәкір Жексенбаев 1943 жылы қазан айында, үшінші қазақ – Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы Жайсанып Мүдәрісұлы 1944 жылдың сәуір айында бұл атаққа ие болыпты.
Осылардың ішінде Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы Шоңай ауылында 1901 жылы дүниеге келген Шәкір Жексенбайұлының туғанына биыл 120 жыл толып отыр.
Жуықта Орал қаласына барған сапарымызда облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында тұрған генералдың кителін көрдік. Жібек матадан тігілген әскери мундирдің иығында генерал-майор погоны және қайырма жағасында алтын-бидай пошымды айырым таңбасы тұр. Сол жақ омырауында «Ленин» орденімен қатар 4 мәрте ие болған «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені және «Отан соғысы», «Қызыл Ту» ордендерінің лентасы көз тартады.
Музей директорының орынбасары Ажар Берікқалиева ханымның айтуы бойынша, бұл жәдігерді генерал 1977 жылы 19 желтоқсан күні осы музейге өз қолымен әкеліп тапсырған екен. Өйткені бұл жылы КСРО-ның құрылғанына 60 жыл толып, даталы той Одақ көлемінде кеңінен атап өтіліпті. Аталмыш мереке қарсаңында Мәскеу қаласында тұратын генерал атамыз жұбайы Нина Ивановнамен бірге Орда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, соғыс ардагері әрі ақын Рахметолла Егізбаевтың шақыруымен туған жеріне келген. Дәл осы сапарында жоғарыдағы жәдігерді музейге тапсырған сияқты.
Бұл оқиғаның басы-қасында жүрген, қазіргі таңда Орал қаласында тұратын Жексенбаевтың немере інісі, техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев, «генералға ауылдастары астына ат мінгізіп құрмет көрсетті, сонымен қатар аудан орталығында халықпен кездесу ұйымдастырды» дейді. Осындағы тарихи сәттен естелік ретінде түсірілген фотолар Ермек Сәтпайұлының жеке қорында сақтаулы екен.