Өткен жылы 23 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдап, бірауыздан мақұлдаған болатын. Алайда аталған заң жобасындағы бірқатар баптар мен тармақтарға қатысты қоғам белсенділері қайратты қарсылық танытып, қызу талқылау жүргізіп жатыр. Тіпті онлайн-петиция ұйымдастырып, қарсылық білдірушілердің қатарын көбейтіп жатқандар да бар.
Әңгімені әріден бастайық. Ресми мәліметке сенсек, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елімізде құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түсіпті. Оның 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалса, 30 мыңға жуығы әкімшілік іс санатына жатқызылған. Ал қалған жағдайда жәбірленушілер шағымнан бас тартқандықтан құқық қорғау органдары тиісті шараларды қолдана алмаған көрінеді.
Аталған 130 мың шағым елімізде небәрі 8 айда келіп түсіп отыр. Ал жыл соңындағы көрсеткішке үңілетін болсақ, тәртіп сақшылары 2020 жыл көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарға қатысты 43 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарыпты. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер үшін (ӘҚБтК 73-бабы) 13 мыңнан аса құқық бұзушы, соның ішінде денсаулыққа жеңіл зиян келтірген 6,5 мыңнан аса, ұрып-соққаны үшін 3,5 мыңнан аса адам, сондай-ақ қорғау нұсқамаларын бұзған 2 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жағдай – жаға ұстатарлық. Оның үстіне, көп жағдайда полиция қызметкерлері отбасындағы қатыгездерге қатысты қандай да бір шара қолдануға да қауқарсыз болып жатады. Себеп – сүйене қоятын тиісті заңның жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, құқық қорғау органдарының «қолы байлаулы». Ол аз десеңіз, елімізде отбасылық зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты ресми статистика да жоқтың қасы. Полиция органдарына келіп түсетін шағымдардан бөлек, «отбасындағы тирандардың» әлеуметтік желіні дүрліктіріп жүрген бейнежазбалары тағы бар. Бүгінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері осы мәселені де назарға алып, тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Әрине, осы мәселені реттейтін құқықтық нормалар елімізде мүлде жоқ дей алмас едік. Қолданыста Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң бар. Алайда 2009 жылдан бері енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай тұр.
Себебі қолданыстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтауға негізделген екен. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын тек тәртіп сақшылары ғана, оның үстіне зорлық-зомбылық көрсеткен адамдарға қолданады. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық есебі мен мониторингі бір жүйеге қойылған жоқ.
Бір сөзбен айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін түбегейлі реттейтін кез келді. Осы олқылықтың орны қайтсе де толуға тиіс. Тек орнын толтырамыз деп асыра сілтеп алмасақ жарар еді. Мәселен, заң жобасымен танысқан «Немолчи.kz», «Қорғау HR» қоғамдық қорлары, «Единство осознанных КЗ» құқықтық каналы «шаш ал десе, бас алатынның» кебі келді деп санайды.
«Әке, ер жігіт, осы елдің азаматы ретінде аталған заң жобасында ұсынылған нормаларға түбегейлі қарсымын. Сіздер бұл заң жобасымен оқып таныстыңыздар ма? Көп адамдар заңның мәтінін оқымайды. Парламентте не қабылданып жатқанын білмейді. Алайда мәселе балалардың құқығына келген кезде қоғам бірден өре түрегелді. Сіздер бір нәрсені түсініңіздер, мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қашанда қарсымын. Әйелдерді қорғауға әрқашан дайынмын. Ата-аналарымыз бойымызға сіңірген құндылықтармен өмір сүруіміз керек. Ата-ана, отбасы ұғымдары қашанда қасиетті. Оған ешқандай шетелдік ұйымдардың қол сұғуына құқығы жоқ», дейді әлеуметтік желіде пікір білдірген заңгер, қоғам белсендісі Анатолий Ким.
Оның айтуынша, шетелдік ұйымдар біздің қоғамымызға жат құндылықтарды дәріптеп жүрген көрінеді. Ал лауазымды қызметтерді атқарған көптеген мемлекеттік қызметкерлер шетелдік ұйымдардың мүддесін қорғайды деп санайды. Заңгердің пікірінше, ондай мемлекеттік қызметкерлер шетелдік ұйымдардың мүддесін қорғап қана қоймай, бізге заң жазып бермекші болады. Яғни заңды депутаттар емес, осы азаматтар жазады-мыс.
«Мен бұл заң жобасында мемлекеттің балаларға қалай көмектесетінін, отбасылық-тұрмыстық мәселелерді қалай шешетінін көргім келген. Оны көре алмадым. Қонақ келгенде, дастарқанға қояр дәм-тұзы болмаса әр қазақ ұялады. Сол кезде қонақ өз тамағын ала келеді. Бұл да дәл сондай жағдай. Шетелдік «қонақтар» келіп, сіздерге жаңа заң енгізгіміз келеді дейді. Сіздерде бұдан былай отбасы құрылымының моделі вертикалды емес, горизонталды болады деп таңырқатады. Яғни әке баланы емес, бала әкені тәрбиелейді деп түсінік-танымымызды төңкеріп тастағылары келеді. Неліктен Батыс мемлекеттері бізге өздерінің «заманауи әлемін» таңуға тиіс? Біздің өз әлеміміз, түсінік-танымымыз бар емес пе?! Біздің еліміз бен жеріміз қашанда құрметке лайық», деп ашынады заңгер.
Алайда заң жобасына қарсылық ашынумен ғана аяқталмайтын сынды. Осы жобаға қарсы онлайн-петициялар құрылып, оны қолдаушылардың саны да артып жатқан секілді. Олардың қатарында адам құқығын қорғаушылар мен қоғам белсенділері де бар. Мұны бір жағынан қоғамның құқықтық сана-сезімі серпіліс тауып, ой-пікірін ашық жеткізуінің белгісі деп бағалауға болар еді. Екінші жағынан, петиция мәселесіне немқұрайды қарауға болмайтынын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өткен болатын. Ел Президенті өткен жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау əрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын əзірлеуге жəне оның барлық техникалық мəселелерін шешуге тиіс», деген еді. Яғни бүгінде петицияның өзі – үлкен күш!
Заң жобасына қарсылық танытып, сыни көзбен қарап жатқандар туралы бұған дейін Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның пікірін білген едік.
«Иә, қазір қоғамда заң жобалары белсенді талқылануда. Біздің көптеген азаматымыздың «үйдегі зорлық-зомбылыққа» төзбейтіні және заң жобаларына қолдау білдіретіні қуантады. Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жобаларының жекелеген нормаларын қате түсіндіретіндер де бар. Мысалы, «жыныстық еркіндік», «экономикалық зорлық-зомбылық», «психологиялық зорлық-зомбылық» ұғымдарына қатысты теріс пікірлер қалыптасқан. Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» 2009 жылғы қабылданған заңдағы 4-бапта «жыныстық еркіндік» деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген. Енді, осы ұғымдардың болуы «олардың жыныстық еркіндігіне қысым жасау» себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ «жыныстық еркіндік» – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту – тұрмыстық философиялық пайымдау», дейді Мәжіліс депутаты.
Әйтсе де, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы «жыныстық зорлық-зомбылық» ұғымының заңды анықтамасынан «жыныстық еркіндік» деген сөзін алып тастауды қолдапты.
«Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себептер болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқықтарынан айырылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуі, барлық қажетті растайтын құжаттарды жинауы тиіс. Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр», дейді А.Нұркина.
Депутаттың айтуынша, заң шығару процесі әрдайым дамып, жетіліп отырады. Былтырғы қаңтар-қыркүйек айлары заң жобаларының нормалары елеулі өзгеріске ұшырапты. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаса береді. Заң жобаларының бірінші оқылымда қабылдануы олардың түпкілікті қабылданғанын білдірмейді. Бірінші оқылымда тек заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды. Сондықтан қоғам белсенділерінің үні естілмеді деп біржолата күдер үзудің қажеті жоқ. Отандастарымыздың арыз-талабы, тілегі мен ұсынысы қайтсе де ескерілуі тиіс.