Күні кеше кеншілер астанасында үстел теннисінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында небәрі 13 жастағы қарағандылық теннисші Алан Құрманғалиев айды аспанға шығарып, жекелей сында жеңіске жетті.
Финалдық жекпе-жекте ол Батыс Қазақстан облысы атынан тартысқа түскен сақа теннисші Дастан Кенжеғұловты тізе бүктірді. Сөйтіп ол ересектер арасында чемпион болған ең жас теннисші атанып, қазақ спортының шежіресіне өз есімін жазды.
Алан үстел теннисінің әліпбиімен жеті жасында танысыпты. Жас балаға ойынның ұнағаны сонша, ол жаттығу залынан шыққысы келмей, ертеден кешке дейін теннис ойнайды екен. Өзі құралпы балалар бір, бір жарым сағат жаттықса, бұл олардан екі есе көп жұмыс істейтін көрінеді. Баланың мұндай құлшынысын байқаған Эльмира Әлиева сынды сұңғыла бапкер оған бірден назар аударып, қанатының астына алған.
Әлбетте, жеткіншектің мұндай талпынысы өзінің жемісін бермей қоймады. Арада екі жыл өткенде жастары өзімен шамалас балаларды шаң қаптырып, ел чемпионы атанды. Ал бір жылдан кейін Алан өзінен үш-төрт жас үлкен ойыншыларды түгел жеңіп, Қазақстан чемпионатында топ жарды. Сонымен бірге ол үстел теннисінен еліміздегі ең жас спорт шебері атағына да ие болды.
Ел ішінде өзіне төтеп бере алатын қарсылас табылмаған соң, жас дарын халықаралық додаларда мықтылармен күш сынаса бастады. Үстел теннисіне деген үлкен махаббат және ерінбей төккен тердің жемісі Алан сынды алған бетінен қайтпайтын қайсар ұлдың мерейін өсіре түскен болатын.
Сол жылы ол төрт бірдей ірі турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айтқанда, Алматы қаласында өткен республикалық іріктеу жарысында, одан кейін Бішкекте жалау көтерген Орталық Азия бойынша додада топ жарды. Іле, Таиландта болған Азия құрлығының іріктеу турнирінде қарсылас шақ келтірмеді. Сонан соң Оманда өткен әлемдік іріктеу жарысында тағы да жеңіс биігіне көтерілген. Нәтижесінде, Алан Құрманғалиев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) шешімімен Hopes Week құрлықаралық және әлемдік турнирлерінің қорытындысы бойынша 2019 жылдың ең үздік жасөспірім теннисшісі болып танылды!
«Аталған жаңалықты интернеттен білдім, – дейді Аланның өзі. – Әрине, қуанышымда шек болмады. Ол сында ойын үстіндегі ең үздік техника, шарды ұру және оны зыр айналдыру сынды тәсілдер сарапқа түскен екен. Бұдан бөлек, жаттығулардағы ынта мен турнирлер арасындағы тәртіп мәселесі де қаралыпты. Бұл нәтиже менің мерейімді өсіре түсті. Сонымен бірге, әрине, жауапкершілік те жүктейді».
Алан жастығына қарамастан, жаттығу үстінде босаңсуға жол бермейтін өте ықтиятты, жауапкершілігі зор бала екен. Бапкерінің айтқанын екі еткізбей орындайтын тәртіптілігі оны басқалардан ерекшелендіріп тұратын көрінеді. Яғни ойын баласы болса да жаттығуда, турнир барысында өзінің байсалды, сабырлы қалпын мейлінше қатаң сақтай біледі екен.
«Алан – талантты ғана емес, өте еңбекқор бала. Соның арқасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр», дейді оның жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Әлиева.
Жас дарынның анасы Татьяна Перцева ұлының өзіне ұнайтын спорт түрін адаспай тапқанына қуанышты екенін жасырмайды. «Жас кезінде көп ауыратын. Қалай спортпен айналыса бастады, солай аур-сырқау дегенді мүлде ұмыттық. Тәртібі де түзеліп, уақытты тиімді және дұрыс пайдалануды үйренді», дейді анасы мерейленіп.
Алан – текті тұқымнан тамыр тартқан өрен. Атасы Хәкім Құрманғалиев Ұлы Отан соғысында батырлығымен көзге түскен жауынгер болыпты. Тіпті майдан даласында көрсеткен көзсіз ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған көрінеді. Ал Аланның өз әкесі Денис Құрманғалиев құрылысшы болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, баласының бойындағы еңбекқорлық пен табандылық қанда бар қасиет екен. «Мен Аланның бізді ұятқа қалдырмай, өзінің көздеген мақсатына жететініне сенімдімін», дейді Денис.
Алан сынды тума таланттың арманы да асқақ: енді ол Азия, әлем чемпионаттарында жеңіске жетіп, одан кейін Олимптің шыңын бағындыруды алдына мақсат етіп қойған.
ҚАРАҒАНДЫ