Тағдыр тауқыметін молынан тартқан спортшылардың бірі – Елена Мухина. Көзі тірі болғанда атақты гимнасшы былтырғы жылдың соңында 60 жасқа келетін еді. Алайда жаттығу барысында ауыр жарақат алған ол айықпас дертке шалдығып, ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатып қалды. Ал ол 2006 жылдың 22 желтоқсанында жарық дүниемен қош айтысты. Ол небәрі 46 жаста еді.
Елена Вячеславовнаның тағдыры адам қызығарлықтай емес. Мәскеуде туып-өскен ол анасынан екі жасында айырылды. Бәріне кінәлі әкесі. Араққа сылқия тойып алған ол абайсызда өздері тұрып жатқан үйді өртейді. Шарпыған жалынның құшағында қалған анасы мерт болады. Одан кейін-ақ әкесі оңалмады. Вячеслав басқа бір келіншектің етегінен ұстап, белгісіз жаққа кетті. Ал кішкентай бүлдіршіннің тәрбиесімен әжесі айналысты. Сол Анна Ивановнаның мейірімі мен шапағатының арқасында Елена ел қатарлы білім алып, спорттың сиқырлы әлеміне бойлады.
Спорттық гимнастиканы серік еткен қаршадай қыз уақыт оза өз қатарының алды болды. Алғашында Антонина Олежко мен Александр Эглитаның қол астында жаттықса, кейіннен Михаил Клименконың үйірмесіне ауысты. Күн санап шеберлігі шыңдала түскен Мухина көп ұзамай майталман мамандардың қырағы назарына ілікті. Тіптен оның 1976 жылы Монреальда алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысуы да мүмкін еді. Бірақ «тәжірибесі аз» деген желеумен Елена Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарыстан шет қалды. Бапкерлердің таңдауы өзге гимнасшыларға түсті.
Жоғарыдағы жағдай 16 жасар қыздың жігерін жасытқан жоқ. Ол күрделі элементтерді бірінен кейін бірін мінсіз орындап, өзінің мықтылығын түбегейлі мойындата бастады. Қысқа ғана мерзім аралығында халықаралық аренада ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. 1978 жылы Францияның Страсбург қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатында үш алтын медальді мойнында жарқыратып, барша жұрттың назарын өзіне аударды. Тарқатып айтсақ, Елена көпсайыс пен еркін жаттығуда алдына жан салмады. Командалық бәсекеде де бас жүлдені олжалады. Екі жаттығуда күміспен күптелді. Нәтижесінде, әлемнің абсолютті чемпионы атанды. Аталған жарыста Мухина Монреаль Олимпиадасында бес рет жеңіс тұғырына көтерілген аты аңызға айналған румыниялық гимнасшы Надя Команечидің өзін артқа тастады.
Жалпы 1977-1978 жылдары Мухинаның жұлдызы жарқырай жанды. Жоғарыдағы табысынан бөлек, ол КСРО мен қарт құрлықтың теңдессізі деп танылды. Әлем кубогында алтын тұғырға көтерілді. Оның жеңісті жолы осылай жалғасып жатты. Алда – Мәскеу Олимпиадасы менмұндалап тұрды. Сол жарысқа Елена жатпай-тұрмай дайындалды. Кеңес Одағының бас шаһарында өтетін ғаламдық додада Мухинаның шоқтығы биік болатынына ешкімнің де күмәні жоқ еді.
Елена өте еңбекқор еді. Ол еркінсу, босаңсу дегенді білмейтін. Залда жанын салып жаттығады. Бапкері де тым талапшыл әрі қатал еді. Ол түрлі эксперименттер жасауды ұнататын. Шәкірттерінің ащы терін әбден сығып алғанша дамыл таппайтын. Міне, Мухина сондай мектептен өтті. Михаил Клименко оны әу бастан аса күрделі тәсілдерді орындауға бейімдеді. Ал орындалатын әдіс неғұрлым күрделі болса, жарақат алу қаупі соғұрлым жоғары болатыны түсінікті ғой. Бірақ бапкері ондай «майда-шүйде» нәрселерге аса мән бермейтін. Мысалы, 1975 жылы КСРО халықтары спартакиадасында Мухинаның мойын омыртқаларына зақым келді. Ондай жағдайда жаттығу былай тұрсын, жүріп-тұруды өзі қиын. Оған қарап жатқан Клименко жоқ. Ол күн сайын Еленаны ауруханадан алып кетіп, жаттығу жасататын.
Уақыт оза Еленаның өзі де анау-мынау жарақаттарды елемейтін болды. Қабырғасы қайысып, саусақтары сынып, миы шайқалса да мыңқ етпейтін. Клименконың қаһарынан қорыққаны соншалық, Мухина ешкімге байқатпай нашатырь спиртін иіскеп алатын да түк болмағандай жаттығуын әрі қарай жалғастыра беретін.
1980 жылдың 3 шілдесі. Мәскеу Олимпиадасының басталуына екі аптадан аса уақыт қалды. КСРО құрамасы өзінің соңғы оқу-жаттығу жиынын Минскіде өткізіп жатты. Бірде шұғыл шаруалардың шығуына байланысты Михаил Клименко дереу Мәскеуге ұшады. Дәл сол күні Мухина жалғыз өзі томарға шығып, аса бір күрделі сальтоны орындауға бекінді. Орнынан секірген Елена әуеде 540 градуске айналамын деп, ағаттық жіберді. Соның салдарынан жерге басымен оңбай құлады. Залда үнсіздік. Атақты спортшы ес-түссіз еденде жатыр. Жаттықтырушылар 03 нөміріне қоңырау шалды. Шұғыл жеткен жедел жәрдем машинасы оны дереу ауруханаға алып кетті. Көп ұзамай гимнасшы қыздың мойын омыртқалары қатты зақымданған деген суыт хабар жетті.
20 жастағы спортшыны ажал тырнағынан аман алып қалу үшін дәрігерлер барын салды. Әйтеуір, Елена көзін ашып, есін жиды. Бірақ спорт та, басқасы да жайына қалды. Әйгілі спортшы аяғынан тік тұра алмай, өмір бойы мүгедектер арбасына таңылды. 28 жыл бойы ол төсек тартып жатып, 2006 жылдың 22 желтоқсанында қайтыс болды. Міне, кеше ғана миллиондаған көрерменнің көзайымына айналған атақты гимнасшының қайғылы тағдыры осындай.
Ал бапкері ше? Шәкірті төсекке таңылып жатқанда ол халін сұрап бірде-бір рет не үйіне, не ауруханаға келмеген деседі. Бірақ Елена Мухина көз жұмған соң Михаил Клименко да көп өмір сүрмеді. Ол шәкіртінен кейін бір жылдан соң, яғни туған күнінде дүниеден озды. 2007 жылдың 14 қарашасында ол 65 жасқа келген еді.
АЛМАТЫ