• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қаңтар, 2021

Қостанай архивіне Татарстаннан құнды құжаттар әкелінді

386 рет
көрсетілді

Қостанай облысының архивіне Татарстаннан құнды құжаттар әкелінді. Сонымен қатар архив қорын көбейту мақсатында арнайы жобалар қолға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Аақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz

Азамат Кашиев «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі кешенді жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, былтыр архив саласын қаржыландыруға айтарлықтай мән беріліп, 610,7 млн теңге қарастырылды. «Оның ішінде жергілікті бюджеттен қосымша 107 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

40 компьютер, А3 форматындағы планшетті сканерлердің 17 данасы, 40 күлгін-шамды сканер сатып алынды. Мемлекеттік архивтер қоры 392 құжат, 652 фото, 9 аудио, 50 видеомен толықтырылды. Сондай-ақ Татарстан Республикасының архивтеріндегі Қазақстанға, жалпы Қостанай өңірінің тарихына қатысты құжаттар әкелінді», - дейді басқарма басшысы.

Бүгінде Қостанай облысының мемлекеттік архивінде ХV-ХІХ ғасырлар аралығындағы өңірдің саяси, әлеуметтік және экономикалық тарихы туралы деректер өте аз. Сондықтан архив қызметкерлері Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор, Тройцк қалалары мен Татарстан Республикасындағы әріптестерімен ынтымақтастық орнатып, өзара іскерлік қарым-қатынасты дамытуда. Соңғы 2 жылда облыстық архивке Қостанай тарихына қатысты бірталай құжат әкелінді.

Оның ішінде 1919 жылғы Қостанай милиция бөлімшесінің, 1919 жылғы Қостанай қалалық партия комитетінің хаттамалары, Қостанай облысы аудандарының шекараларын анықтауға қатысты құжаттар, аудандық және қалалық ұйымдардың қызметі, шіркеу жазбалары сияқты құнды құжаттар бар. Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бөлім басшысы Салтанат Нұртасқызының сөзіне қарағанда, Татарстаннан 1700 беттік құжаттар әкелінді.

Оның ішінде Қазан университетінің кітапханасындағы сирек қолжазбалар мен кітаптар қорынан ІІ Екатерина патшайымның 1789 жылы қырғыз-қайсақ ордасының бодандыққа адалдығы үшін берген алғысы бар. Бұдан бөлек, ІІ Екатерина патшайымның 1771 жылы 17 қаңтарда Нұралы ханға қалмақтардың наразылық бас көтеруіне жол бермеу туралы жазған хат-хабарламасы, 1829 жылдың 29 мамырында Орынбор генерал-губернаторының Жантөре Жәңгіров сұлтанға алғыс хаты табылды.

Қазан мұрағаттарынан қазақ халқынан шыққан алғашқы дәрігер Мұхамеджан Қарабаев пен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге қатысты тың құжаттар анықталды. Архившілер Алтынсарин мен Ильминскийдің өзара жазысқан хаттарының толық көшірмесін алып, облыстық архив қорын толықтырды. Қазір бұл құжаттар цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр, олар көпшілікке қолжетімді болмақ.

Архивтер басқармасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 21 мемлекеттік архив пен облыстың 294 мекемесінде «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» жүйесін енгізді.