• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Қаңтар, 2021

Наурыз Қылышбаев: Қазақ әлемге қаласымен емес, киелі даласымен танылған

682 рет
көрсетілді

Арттағыны қозғап ағалығын көрсетіп, алдағыны болжап даналығын айшықтап, есжияр әңгіме айтып жүрген жарқын тұлғаларымыздың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ ағамыздың ғұмыр жолы бір мектеп. Жастың да, жасамыстың да құрмет көрсетіп жатқан сәттерін көргенде кеудеңізді қуаныш лебі кернейді. Қашанда жақсының жақсылығын айтып, бар қазақты байтақ құшағына сыйдырып отырады. Пенденің қабағынан-ақ емеурінін аңғарар ағамыз бұл жолы да шешіле берді.

– Наурыз Қылышбайұлы. Әңгімеміздің ақ бастауын Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Ке­мел­ұлы Тоқаевтың жыл басын­да «Egemen Qazaqstan» га­зе­тінде жарияланып, ел ішін­де кеңінен қолдау тапқан «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қа­ласынан ағытсақ?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған мақаласында бүгінгі таңда қалың елді толғандырып отырған мәселелердің бәріне дер­лік тоқталған. «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. ...Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!» деп қайырған тұсы ерекше толған­тады. Шынында да, бұл қазақ не көрмеді, мың өліп, мың ті­ріл­ді. Тәңірдің көзі түзу екен. Азат­тық алдық, халық болып сақталдық. Барымызды асырып, база­рымызды тарқатпау үшін не істеп, не қоярымыздың ұлт­тық жөн-жосығын Президентіміз айшықтап берді. Ендігі міндет – нау­қаншылдыққа ұрынбай, нақ­ты басшылыққа ала білуімізде.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мақаласында: «Ел ішінде де білікті әрі білімді өрендер же­тіп артылады. Біз оларды бас­шылардың жаңа буынын да­йындауға барынша тартып жа­тырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дә­лелі. Жобаның келесі кезе­ңін­де қоғам мүддесіне адал көш­басшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік ор­ган­­дарындағы азаматтар, ең ал­­ды­мен, ұлттық мүддеге бе­рік болуға тиіс» деп атап өтті. Жал­пы, бүгінгі жоғары бұ­тақ­тан тө­менге дейінгі кадр­ларға көңі­ліңіз тола ма? Сіз бас­шылық еткен тұстағы маман­дармен са­­лыст­ырсақ ше? Ита­лиялық сая­­саткер Мадзинидің «Мы соз­да­ли Италию, теперь надо соз­дать итальянцев» деген ұра­ны оралады көкейімізге осындайда.

– Мен үшін саясаткер Мадзи­нидің ұранынан гөрі Қабылиса жыраудың: «Жер ойпаңы білінбес, ебін тауып үй тіксе, ел ойпаңы білінбес, еліне сай ұл туса» деген тұ­жырымы құндырақ. Сондық­тан да Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевтың бұл нұсқауы көңіл­ге қо­нымды. Аталы сөзді ұғып, өсиетті орындай білген ұрпақ та­рихқа қиянат жасамайды. Ұр­пақ сабақтастығының қадір-қасиеті де сонысымен құнды. Олай болса, Қабылиса жырау мен Қасым-Жомарт Кемелұлының кадр жө­ніндегі ой-толғаулары бір бастау­да тоғысып тұр деп түй­сінемін өз басым.

 Бүгінгі басшы кадрды кеңес­тік кезеңмен салыстыру ретсіз болар. Тәуелсіздігіміздің алғаш­қы жылдарымен салыстырсақ, әңгіме басқа. Өтпелі кезеңде ел басқарудың машақаты жетерлік. Бізге сол кезең бұйырды. Оның қиыншылықтарын жіпке тізіп жатпайын. Шаруашылықта өнді­рілген өнімді Үкімет сатып ала алмайтын күй кешті. Қара базарға шығарсаң, халықтың пұлы жоқ. Дағдарыс дегенің осы емес пе? Міне, елімізді осы тығырықтан алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен оның маңына шо­ғырланған бесаспап сардарлары.

– Әулиелер мекені саналар Қаратал өңірінде дүниеге кел­діңіз. Тәуелсіздік таңы аты­сымен Ескелді, Балпық, Жол­­ба­рыс, Қарынбай, Жәл­менде-Пы­шан сынды ардақ­ты­ларымызды ұлық­тау үрдісі бастау алғанда бар шаруаның басы-қасында жүрдіңіз. Ел мен жер, қасиетті топырақ деген мәңгілік ұғым­­дардың мәніне тоқтала кет­сеңіз?

– Әркім балалық шақ, жастық кезеңін қимастықпен еске алады. Өткен өмірді тек таршылық, қыспақ ауанында бағалайтын адамдардың қатарына қосыла алмаймын. Сөз жоқ, уақыт көшімен бірге өскелең талап та артады. Адам – тарихтың бас кейіпкері екенін мойындайсың мұндайда. Ел мен жер, қасиетті топырақ, ататек ұғымын біз көбіне ауыл ақсақалдарының бас қосқандағы әңгімесінен естіп өстік. Тартым­ды әңгіменің түп мақсаты ата­тек, рулық шежіре арқылы елдікті бе­кіте түсу еді. Бастысы, сананы аз­дырмай, дәстүрді тоздырмай, ұр­пақ сабақтастығын жалғастыру деген ұғымға саяды. Бұл – мың­даған жылдар жотасында түзілген ұлттық аманат. Аттестат пен дип­ломның не екенін білмей-ақ шынайы өркениет негізін қа­лап, саналы ұрпақ тәрбиелеудің үлгілі мектебін мирас етіп кеткен Жолбарыс әулие, Ескелді, Балпық би, Қабылиса жырау, олардың жолын жаңғыртқан Қарынбай, Назар, Жәлменде би, жиырмасыншы ғасырдағы биліктің бір тармағын дөңгелеткен Қошым, Саяқ, Пышан болыс сынды ел ардақтыларының өсиетін біздің санамызға сіңірген сол «кешкі мектептің ұстаздары» – ата-анамыз бен игі жақсылар.

«Жолбарыс бата бермей же­ңіс болмас» дегендей, әулие­нің пікірін, ағалық ақылын бас­шы­лыққа алып отыратын Ескелді, Бал­пықтың ел басқару тәсілі за­ман­дастарына үлгі болған. Айта­лық, Ескел­дінің «Елің үшін еңбек еткенің, мұратыңа жеткенің», Бал­пықтың «Әділдік болмаған жерде Алла­ның да ризашылығы болмайды» деген ұлағатты қағидаларына зер салсаңыз, еңбек деген ұлы атау­дың құдіретіне бас иесіз.

– Бабалар аманатына да, ата-ана өсиетіне де перзенттік адалдық танытқандығыңыз жұрт­шылық жадында. Облы­сы­мыздың төрт бірдей ауда­нында басшылық қызмет атқа­рып, Қаратал, Ақсу, Көксу аудан­­­дарының Құрметті азама­ты атандыңыз. Бұл өзі маман ретінде қалыптасу, азамат ре­тін­де толысу әрі кемел­де­ніп, ел құр­метіне шынайы бө­ле­ну ке­зе­ңіне ұласты деп баға­лай­мыз.

– Ізгілік, бауырмашылдық, әдептілік аясында сәулетті қо­ғам құру – бұқара үшін де, көш­басшысы үшін де оңайға түспей­ді. Халықтың қолымен жасал­ған байлықты өз игілігіне бұйырт­қы­зу шаралары қалтқысыз орындалып отырса, тұтынушылық пиғылдан гөрі рухани сананың үстемдігіне жол ашыларын жасынан мойындаған ұрпақтың санатынанмын. Еңбекпен келген толағай табыс қоғамның көл-көсір қорына айналып, ел игілігіне бағытталса, билік беделінің арта түсеріне сенген адамның бірі­мін. Ал енді жұртшылық сеніміне селкеу түсірмеуімнің сыры киелі ел, туған жер, қасиетті топыраққа адалдығым, бабалар аманатына беріктігім. Адал болу өте қиын. Нәрестенің тұсауын тоқішек, ала жіппен кесудің мәнісі де осында болса керек.

Отбасы келешегінің кемел болуы үшін отбасының ағымды тірлігі мемлекет мақсатымен ұштасуы шарт. Сонда ғана ұлт бір­тұтастығы, ел қауіпсіздігі, салт-дәстүр сақталуы, қоғамды құр­меттеу, табиғат тіршілігіне қия­нат жасамау секілді мәңгілік қағидаттар бұзылмайды.

Тоғыз жасымда әкем қайтыс болып, ауылдық кітапхананың еден сыпырушысы, шешем Нүри­ләнің тәрбиесімен өстім. Ала­тын айлығы он екі сом елу тиын. Соған қарамастан, жо­ғары білім алып, сатылап өс­кен мәртебелі қызметті адал атқа­руыма жағдай жасап, еңсемді көтерген асыл анам. Жауапты қызмет жүлгесіндегі ол кісінің талабы партия талабынан да қатал болды. «Әкеңнің ұстаханасын аруақ шалған. Өзі де тегін адам емес. Ешкімнің қызылына көзің түспесін, сенің кінәңнан бірде-бір әулет тауығының аяғы сынушы болмасын. Мансап іздеуші болма, Алланың бұйыртқан нәсібіне разы бол» дегенді өмірінің соңғы күніне дейін айтып отырудан жалықпады. Осылайша, адалдық пен әділдік, ар тазалығы менің қуатты қаруыма айналды.

– Енді осы арада отбасы, жолыңызды қуған бала­ла­ры­ңыз, әдемі марқа­юыңыз­дың құпиясы жайлы сыр ағытсақ?

– Өмірдің қатал сынағынан өткен әулеттің бірі – Молжігіт­тің әулеті. Атасы Төңірек тоған қа­зып, егін егу кәсібін игерген ал­ғашқы мұраптардың бірі екен. Ре­сейдің отарлау саясатына қар­сы шыққан Кенесары хан 1846 жы­лы Қаратал бойын қыстап, Қыр­ғыз жеріне аттанғанда әкесі Жандыбай он алты жастағы жігіт еді. Көкпарда мертігіп, Кене­сары жасағына ілесе алмай қа­лыпты. Молжігіттің өзі ақ пен қы­­зылдың текетіресінен талай аға­йын-туыс, дос-жаранынан айы­рылған. Сөйтсе де, бірде-бір же­сі­рін, жетімін жылатпай, басы­на пана, алдына мал салып, қа­тарынан қалдырмапты. Содан бертінде қолындағы ма­лының тең жарымын бөліп бе­ріп, баласы Қылышбайды жаңа құры­лып жатқан колхозға мүшелікке енгізеді. Қаратал өңіріндегі Мен­деке-Бәйжігіт атадан тараған ұр­пақ арасында өзі қатарлы жас­тардың алғыры, шаруаға тиянақ­тылығымен ауызға ілінген әкем Қылышбай елу жеті жасында, шешем Нүрилә жетпіс алтысында өмірден озды. «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» дегендей, біраз жерге келіп қалыппыз. Күләш тәтең қасымда. Ұл-қыздар мен немерелер жолымызды қуып, еліне абыройлы қызмет етуде. Жүріс-тұрыстары таза. Шүлдірлеген шөберелер болса, тәтті тілімен май асатып келеді.

– Қашанда ақиқат кеше­уілдеп келеді. Керісінше, өтірік пен өсектің желдей есіп жүрге­ні. Ғұмыр-дарияда ақиқатты айта алмаған, болмаса ақиқатқа жете алмай қыл көпірдің үстін­де қалған шағыңыз болды ма?

– Неге болмасын, болды ғой. Бізге дейін де ақиқатты айта алмай ұлтымыздың небір қайраткер ұлдары өтті өмірден. Қанатын қайырғанмен сағын сындыра алмаған билік олардың атын атауға тыйым салды. Ақиқаттан қо­рықты. Қазақы қалпымызда ұлан-байтақ жерімізді, көркем тіл, салт-дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтап қалғаны­­мыз, айтары жоқ, аға ұрпақ өкілдері­нің ерлігі. Жаумен жағаласты. Дос­пен араласты. Кешегі ақ пат­ша­ның тұсындағы зар заманда Тіленші, Назар, Айту, Бөлек сын­ды аймағымыздың ноқта аға­­лары елдігімізді сақтап қалса, ақ пен қызылдың текетіресінде аға­йынды Байқоржын, Сақбай Қареке, Рақым, Қошым, Пышан, Саяқ болыстар ұлтжандылығы­мен ерекшеленді. Кеңестік кезеңде ­де нар тұлғалар қатары сиреген емес. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Нұрмолда Алда­бергенов, Социалистік Ең­бек Ерлері Әбдіқадыр Дайыров, Зы­лиқа Тамшыбаева, Ұлы Отан соғысының ардагері Игі­бай Ба­зар­баев, одан кейінгі буын Көш­кінбай Жанатов, күрең­бел­дің жас қыраны Базарбай Бек­мұхамбе­тов сынды азаматтар туған халқы ал­дындағы парыз-қарыздарын абыроймен өтеді. Көп дүние жылдар өте жоталана бермек. Ақиқатты дер шағында айтудан гөрі, үнемі іште сақтап жүру қиынның қиыны екен.

– Қарап отырсақ, жер бе­тінде тура жол жоқтың қасы екен. Басқаны былай қойғанда, адамзаттың панасы – Жердің өзі Күнді айналып жүреді. Тура жол табу қиын-ау, сірә да?

– Тура жол неге болмасын, бар. «Іздеген жетер мұратқа» деген адам тура жолды тауып та жатыр, бейқамдық танытқанда­ры тура жолдан тайып та жатыр. Үлгіні сол Жер-Анадан алуымыз керек. Жер болса, өзінің ас­ты-үстіндегі байлықты сақтап, тір­шілік арқауына айналдыру үшін күнді айнала қуат алады. Көзі ашық, көкірегі ояу адам өзі­нің ауласынан-ақ құмырсқа жолын тауып, тіршілігіне қы­зық­са көп нәрсені ұғар еді. Жеңіл­дің емес, ауырдың астымен жү­ре­тін құмырсқа бір жазда үш жыл­дық азығын дайындап алады. Төбемізде Құс жолы сайрап тұр. Ұлы Дала төсінде ақ бө­кен­нің жолы бар. Сол қалыпты жо­­лымен жүріп, жайлы қоныс табуымен адам баласын қыстың қыс­пағынан сақтандыруды үйрет­се, имансыз пенделер, кері­сін­ше оған қастандық жасап әлек. Кәсіпкерлікті бал арасынан үйренуге құмартсаң – тура жол­дың алуан түрін табасың. Қазақ ұлты әлемге қаласымен емес, киелі даласымен, төрт түлік малымен танылған. Небір нәубет тұсында қазақты да, мыңғырған малын да Ұлы дала сақтап қалған.

– Рухани кемелділік адам­ның тек интеллект дең­гейіне қарап емес, ішкі әлемі, адами қасиеттерімен де өлшен­се керек. Кезінде жаппай қы­рып жоя­тын қаруды ойлап тап­қан­дар да интеллектілері жо­ғары жандар ғой. Бұған коронави­русты да қосамыз, әрине.

– Дұрыс айтасың. Қандай да болмасын қоғамның дамуына зиялы қауымның қосқан, әлі де болса қосар үлесі ерекше бағаланады. Жеті қазынаға жататын жылқы мен итті қолға үйреткен біздің ата-бабаларымыз екен. Одан қазақ­қа, қала берді, әлем халықтарына зиян келді ме? Жоқ. Екеуі де адамзат баласына адал қызмет етіп келеді. Жеті қазынаға жататын берен мылтық та адамға қызмет етеді. Саятқа шығып тамағын табуға, төнген қауіп-қатерден қорғануда таптырмайтын қару. Бүркіт пен тазыны, қақпан мен тұзақты алмастырған осы қару адам баласының ашкөздікке құмарлығын арттырса, бара-бара садақ пен қылышты алмастырған кезеңінен үстемдік орнауына жол ашылды емес пе?

Оқ-дәріні ойлап тапқан қы­тай­лықтар болса, алғашқы зеңбі­рек­ті қару ретінде пайдаланған испандықтар дейді ресми дерек көздері. Орыстар зеңбіректі 1376 жылы Еділ бойындағы бұл­ғарлармен болған соғыста, ал 1382 жылы Мәскеуді қорғау ке­зінде Тоқтамыс ханның әске­рі­не қарсы пайдаланған. Содан бас­тап отты қарудың алуан түрі кел­ді емес пе өмірге. Неміс ға­лым­дарының көмегімен АҚШ атом бомбасын Жапонияда сынап, жүздеген мың адамның көз жасына қалып, мемлекет бас­шы­ларының сағын сындырса, академик Игорь Курчатовтың же­текшілігімен Арзамаста жасал­ған бомбаның қуаты қазақ жерін­де сыналып, халқымызды қасірет­­ке ұшыратуымен шеріктен шық­ты. Сутегі бомбасын ойлап тап­қан үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Андрей Саха­ров 1989 жылы Советтердің бірін­ші съезінің мінберінен жаппай қырып­-жоятын қарудың еш­кім­ге абырой әпермейтіні туралы шы­рылдап, сол қаруды ойлап тап­қаны үшін кешірім сұрағанына қа­ра­мастан, тоталитарлық биліктің беті бүлк еткен жоқ.

Қыруар қаржы бөліп дайын­даған сол қару адамзат баласы­ның қауіпсіздігін сақтауда дәрмен­сіз екендігін өзің тілге тиек етіп отыр­ған коронавирус те дәлел­деп отыр. Бұл пәлең де жаңа­лық емес екен. Бұдан да ел болып аман құтылатын шығар­мыз. Алайда адамзаттың бейбіт өмі­рін қамтамасыз етер дамудың тура жолын таппасаң, Тәңірдің қа­һарынан құтылмайсың-ау деген ой көңіл төрін тұмшалайды.

– Жасырары жоқ, қазіргі таңда қазақ халқының бір­лі­гін бұзу, байлығына қол сұ­ғу мәнісіндегі ішкі-сыртқы кү­рес үдей түскен. Алпауыт ел­дер­дің мәдени-ақпараттық экс­пан­ция­сы ел тұтастығы, тіл, дәс­түр-салт, қала берді мі­нез-құл­қы­мызға да ойсырата соқ­қы бе­руде. «Сұм өмір абақты ғой сана­лыға» деп Мағжан Жұ­ма­баев айтпақшы, қазақ таби­ғаты­на қиғаш тағы нендей мәсе­ле­лер қатты толғандырады?

– Ұлттық мәдениетіміздің бас­ты белгісі – үлкенді сыйлау, аталы сөзге тоқтау. «Сөйлеу үшін ойлау керек, жұту үшін шайнау керек» депті ұлылардың бірі. Салт-дәстүрдің төресі – сыйластық, ізет, имандылық. Жол-жоралғысы­­мен сақталған дәстүр арқылы тілі­міз сақталып, мәдениет дамиды, білім мен өнер өрлейді, өмір төрлей­ді. «Даналыққа – дала жақ­сы, балалыққа қала жақсы» дегендей, ұлттық салт-дәстүріміз­дің төркіні ауылда. Сәбиін тал бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындатқан анасы, бабалар рухымен қанаттандырған әкесі өрімдей ұл-қыздарын «Барым да сенсің, нарым да сенсің» деп өсірсе ғана ұлт көгереді!

– Сіз сексен жылдық өмі­рі­ңіздің 63 жылын еңбекпен өр­­­діңіз. Орта мектептен соң екі жыл қатардағы колхозшы, жо­­ғары оқу орнынан ке­йін бір жыл зоотехник, қал­ған жыл­да­ры комсомол, ке­ңес, пар­тия органдарында бас­шы­лық қыз­метте болды­ңыз. Ең­бек қуаны­шы­на бө­лене де біл­діңіз, әйтсе де бо­йы­ңызды қор­қы­ныш билеген ­шақ­­та­ры­ңыз ұшы­расты ма?

– Қорыққан күнім неге бол­масын, болды, әлі де қорқамын. Неден? Бейқамдықтан. Енжар­лықтан. «Сен тимесең, мен ти­мен» деген немқұрайдылық пен немкеттіліктен. Арым да, қолым да таза. Ұйқым тыныш. Ойлайты­ның жастардың қамы болғандық­тан, бүгінгі білім жүйесіне көңі­лің толмайды. Дипломды сатып алады дегенді кезінде әрмен ра­диосы айтты деген әзілді естіп мұр­тымыздан күлетін едік. Сол әзіл енді шындыққа айналғандай ма деймін. Оның барлығын жіпке тізіп қайтейін, айналдырған отыз жылда он төрт министрдің не бітіргенін түсінбей қалдық. Қай заман болмасын мәдени шараның барлығы тәрбие жұмысының ар­қауына айналған. Елдің аңсап күтер тәлімді шараларының көп­шілігі бүгінгі таңда шоуға айналып кеткенінен қорқамын.

Басынан бағы таймаған қа­зақ елінің қуаты – жерінде, күші – бірлігінде. Уақыт биігінен қа­ра­саңыз, елді ұйыстырар бас­ты тетік – бір-бірімізге деген се­нім. Екіншісі – билік тар­ма­ғын­дағы әділдік, үшіншісі – ар-ұят тазалығы. Осының бәрі таби­ға­тында дәуіріміз қойған тың талап, елдік саясатпен үндесіп тұр. Жақ­сының сөзі шамдай жарық, айдай анық. Жаны мөлдір, дарқан жүректі, ақ тілекті жандарға қо­ғам зәру. «Жайылсақ жоқпыз, жұ­мылсақ бармыз» деген ата-баба аманаты мен кәрі тарих сабағы дәл қазір қай кездегіден де құнды. 

 

Әңгімелескен

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»