Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтың төрағалығына кірісуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕАЭО мүше-мемлекеттердің басшыларына жолдаған Үндеуін солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер қуана қолдап отыр.
Әсіресе ондағы «...біздің елдеріміздің арасындағы өзара саудада сақталып отырған кедергілерді жою даусыз басымдық болып табылады. Бизнестің Үкіметтер мен Еуразиялық экономикалық комиссиядан батыл іс-қимылды күтуі əділ. Еуразиялық экономикалық комиссияның алдында барлық сауда кедергілерін белсенді де транспарентті түрде жою жəне жаңаларын болдырмау, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысындағы алып қою мен шектеулерді барынша қысқартуды қамтамасыз ету міндеті тұр. Мониторинг пен талдау орталық, өңірлік жəне муниципиалдық деңгейлердегі сауда кедергілерін түгел қамтуға тиісті. Бірінші кезекте, күш-жігерді өзара саудаға мейлінше теріс əсер ететін кедергілерге шоғырландырған жөн. Импорт алмастыру жөніндегі ұлттық бағдарламалар, нарықты өз өнімдерімен толықтыру міндеттері Одақтың құқықтық нормаларын мүлтіксіз сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс» деген талаптар кәсіпкерлердің ойларынан шығып отыр.
«Мен Президенттің Үндеуінде көтерілген мәселелерді қолдаймын. Оған тіпті қуанышты екенімді айтқым келеді. Енді Еуразиялық экономикалық комиссия біздің елдеріміздің арасындағы саудада қолдан жасалатын, ашық бәсекелестікке кедергі келтіретін аяқтан шалушылықтарды болдырмайтын шығар. Ондай бөгесіндер әсіресе Ресей тарапынан жасалып келді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссия осы елдегі айтылған бағыттағы жұмысын жандандыруға тиісті деген үмітіміз бар», дейді «Леонтьев» ЖШС бас директоры Сергей Леонтьев. Оның фирмасы Петропавлда жиһаз жасаумен айналысады. Ресей нарығына экспортқа шығарылатын сапалы жиһаздарына түрлі, жасанды кедергілер келтіріледі екен. Соның ішінде қосымша құн салығы екі елде де салынатыны жұмысын тежеп келіпті. Өкінішке қарай, қазіргі індеттің кесірінен фирмасының жұмысы ақсап тұр.
Сапасы жоғары азық-түлік өнімдерін шығаратын «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко да өзінің Президенттің Үндеуіне риза болғанын жеткізді. Оның кәсіпорындарында жасалған астық, ет, сүт өнімдері Қазақстанның барлық ірі қаласына шығарылады. 1997 жылдан бері нарықтың талай қиындығына илікпей, тек дамумен келе жатқан компанияның әсіресе сүт өнімдері қандай бәсекелестікке болсын төтеп бере алатындай жоғары сапалы. Алайда оларды Ресей нарығына шығаруда ондағы бәсекелестер біршама жасанды кедергілер тудырып, бір кезде үлкен дау да туған еді. Соны есіне алған кәсіпкер енді ЕАЭО-ның жаңа төрағасының Үндеуіне үлкен үміт артып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы