Еуропалық одақ әр мүше-мемлекетте 80 жастан асқан адамдар мен қарттар үйінің қызметкерлерінің кем дегенде 80 пайызын, ал жазға қарай ересек тұрғындардың кем дегенде 70 пайызын коронавирусқа қарсы вакциналауды жоспарлап отыр.
Одақтың пандемияға қарсы вакцина қолдануға рұқсат бергеніне бір ай болды. Бай елдердің вакцинаға оңай қол жеткізуі және індетпен күрестегі басты үміттің барлығына бірдей берілмеуі көп сынға ұшырады. Соған байланысты Брюссель жаңа жоспар жасады.
Еуропалық одақтың комиссары Маргарита Шинастың айтуынша, пандемияның соңы жақын болуы мүмкін, бірақ оған әлі толық қол жеткен жоқ. Вирустың жаңа штаммдарының пайда болуы мен аурулар санының артуы әлемді әлі де алаңдатып отыр. Ол қазір Еуропа бұрынғыдан да батыл әрекет етуі, бірлік пен қырағылық таныту керек екенін баса айтты.
Бұл әрекеттердің барлығы туризм саласына иек артқан Еуропа елдерінің тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіруге жасаған әрекетімен байланысты. Мемлекет және үкімет басшылары бұл жоспарды тағы да талқылайды.
Еурокомиссия сондай-ақ вакцина салынғанын растайтын құжат енгізуді ұсынып отыр. Сонда ғана ЕО шекарасында еркін қозғалысқа рұқсат беруге болатынын меңзеген ұйым басшылығы бұл мәселені мүше елдердің басшыларының талқысына салмақшы.
Дайындаған
Рабиға НҰРҒАЛИ