• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2013

Кәсіби бақытын ҚазТрансОйлдан тапқан

342 рет
көрсетілді

Сейдахмет ақсақалды сырлы Созақ өңірі тайлы-тұяғына дейін жақсы танитын. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, іскерлігі мен алымдылығының арқасында бағы жанып, ұзақ жылдар бойы мектепте директор, аудандық білім бөлімінде басшы болып еңбек еткен Сейдахмет Әбуов бүкіл саналы ғұмырын бала оқытуға арнады. Содан болар, ол кісі ұлы Нұрғалидың да өз жолын қуып, мұғалім болғанын қалады. Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады емес пе? Өмірдің сан тарау жолы Нұрғалиды мүлдем басқа салаға түсіріп, мүлдем басқа мамандықты таңдауға мәжбүр етті. Сейдахмет қарияның мұғалім болады деген баласы ақырында мұнайшы болып кетті.

Сейдахмет ақсақалды сырлы Созақ өңірі тайлы-тұяғына дейін жақсы танитын. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, іскерлігі мен алымдылығының арқасында бағы жанып, ұзақ жылдар бойы мектепте директор, аудандық білім бөлімінде басшы болып еңбек еткен Сейдахмет Әбуов бүкіл саналы ғұмырын бала оқытуға арнады. Содан болар, ол кісі ұлы Нұрғалидың да өз жолын қуып, мұғалім болғанын қалады. Бірақ, адамның емес, Алланың дегені болады емес пе? Өмірдің сан тарау жолы Нұрғалиды мүлдем басқа салаға түсіріп, мүлдем басқа мамандықты таңдауға мәжбүр етті. Сейдахмет қарияның мұғалім болады деген баласы ақырында мұнайшы болып кетті.

Алғашында Шардара ауданында құрылысшы болып азғана уақыт еңбек еткен ол ұзамай әскерге алынып, азаматтық борышын өтеп келді де, туған жерге туын тігіп, Шолаққорғанда қалып қойды. Міне, сол кездері, яғни, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Шолаққорғанда мұнай айдау стансасының іргетасы енді-енді қаланып жатыр еді.

Жасыратыны жоқ, ол жылдары кең далада еркін тыныстап, «Құдай» деп жүрген қазақтардың мұнайда анау айтқандай шаруасы болмайтын. Мұнай айдау стансасының құрылысын жүргізуді қолға алған «Средазнефтегазстройтрест» ме­ке­месінде прораб болып еңбек ететін Талғат Баймаханов деген аза­мат біраз қазақ жігіттерінің осы салаға мойын бұруына мұрындық болды. Әлі есінде, Нұрғали осы стансаға жұмысшы болып қабыл­данған бесінші адам еді. «1980 жылдардың басында осы мұнай айдау стансасының негізі қаланды, – деп Нұрғали Әбу сол бір күндерді сағынышпен еске алады. – 1983 жылдың ақпан айында станса пайдалануға берілді. Ол кезде мекеме Омбы қаласына қарайтын.

1982 жылы жұмысқа орналасқан кезімде стансаның жабдықтарын жаңадан орнатып жатқан. Содан көптеген қиындықтарға кездестік. Жұмысты алғаш бастаған жылдары құбырға мұнай жібергенде мұнай сыртқа шығып кететіндей болып, қорыққанымыздан бәріміз жапа-тармағай тұра қашқан кезде­ріміз болды. Өйткені, құбырдағы мұнай ағысының қысымы күшті, «абайламаса, адамды «орып» түседі екен» деген әңгіме әбден естігенбіз. Кейін бәріне үйрендік қой. Грозный қаласынан, Сібір өлкесінен арнайы мамандар келіп, солардың қасында шәкірт болып жүріп, тәжірибе жинақтадық. Тіпті, өз жұмысымызға ынты-шынтымызбен кіріскеннен болар көп ұзамай-ақ сырттан келген кадрлардың қажеті болмай қалды. Қазақтың жас та жігерлі жігіттері олардың орнын басып, кәдімгі тәжірибелі мамандардай жұмыс істей білді.

Бүгінде бұл мекеме Шолақ­қорған мұнай айдау стансасы деп аталып, «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының, «Шымкент мұнай құбырлары» басқармасына қарайды. Еңбек жолын осы мекемеде слесарь болып бастаған Нұрғали Сейдахметұлы ә дегеннен-ақ іскерлігімен көзге түсті. Содан көп ұзамай-ақ, оператор, аға механик, станса бастығының орынбасары қызметіне жоғарыласа, арада он жыл өткенде, нақтырақ айтқанда, 1993 жылдың қараша айында Нұрғали мұнай айдау стансасының бастығы болып тағайындалды. Әрине, мұның бәрі айтуға оңай, әйтпесе, осынау он жылдың астарында қаншама ащы тер, қаншама ерен еңбектің жатқаны анық.

– «Міне, содан бері отыз жыл­дан астам уақыт өтіпті, – дей­ді Нұрғали Әбу. – Рас, алғаш­қы жылдары бұл мекемеде жұмыс­шылар саны көп еді. Қазір ұжым ықшамдалды. Ол жылдары стан­саның бірнеше әлеуметтік нысандары бар болатын. Елімізде Тәуелсіздік туы желбіреген жылдары ондай нысандардың бәрін жергілікті әкімдіктерге бер­дік. Қазір мекемеде 84 адам жұ­мыс істейді. 26 техника бар. Әйтсе де, біздің мекеме ауданның әлеуметтік жағдайына көмектесуді ешқашан ұмытқан емес. Жыл сайын ұжым болып тұрмысы нашар отбасы балаларының мектепке баруы үшін керек-жарақтар алуына, басқа да жоқ-жітік жандарға қаржылай қолдау көрсетіп тұрамыз. Тіпті, біздің ұжымда жағдайы нашар жандарға үнемі көмектесіп, әлеуметтік жағынан демеп отыруды әдетке айналдырып, бір отбасын қамқорлығына алған жігіттер де бар. Ұжым мүшелерінің бәрі осы жергілікті жердің тұрғындары. Осы мұнай айдау стансасы ашыл­ғанда алғашқылардың бірі болып жұмысқа тұрған көптеген қазақ жігіттері әлі күнге осы жерде еңбек етіп келеді. Яғни, біздің мекемеде бұрыннан қалыптасқан, өз істерін бес саусағындай білетін, өте тәжірибелі мамандардың басы топтасқан. Мысалы, осы стан­саның құрылысын жүргізудің басы-қасында болып, көптеген қазақ жігіттерінің осы мекемеге келуіне септігі тиген Талғат Бай­маханов бүгінде біздің мекеме тікелей бағынатын «Шымкент мұ­най құбырлары» басқармасының басшысы. Темірхан Тілеубаев деген азамат 1984 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Еркін Жайымбаев, апатты қалпына келтіру бекетінің бастығы Нұржігіт Асқаров, сор­ғыларды механикалық жағын жөндеуші Ержан Жұмақов, энергетик Жарқын Абдуллаев, міне, бұлар нағыз өз ісінің білгір мамандары.

Созақ даласында ұзынынан созылып бұл мұнай құбыры о бас­тан «Павлодар-Шымкент» мұнай құбыры» деп аталады. Сіріңкенің шиіндей бір-бірімен жалғасып, ұшы-қиыры көрінбейтін осынау темір құбырлардан ол жылдары Сібір мұнайы тасымалданса, қазір құдайға шүкір, елдің ырысы мен несібесін тасытқан бұл темір арналар Құмкөл мен Шымкенттің арасын жалғастырып жатыр. Оның ішінде «Шолаққорған» мұнай айдау стансасына қарайтын магистральды құбырдың ұзындығы 280 шақырым. Мұндай алып арнаға нағыз жаны сірі, соңғы озық технологияға негізделген жабдықтар қажет екені анық. Содан болар сағатына 3600 текше метр мұнай айдайтын 2 сорғы, одан бөлек сағатына 1250 тек­ше метр мұнай айдайтын 2 сорғы бар. Ал, мұндағы мұнай қой­маларының әрқайсысының сы­йымдылығы 20 000 текше метрді құрайды.

– Әрине, қиындық атаулы кез келген салада бар, біздің жұмыстың ең ауыры – мұнай құбырларында апатты жағдайдың орын алғаны, – дейді Нұрғали Әбу бізбен әң­гімесінде. – Ел іші болған соң түрлі ниеттегі адамдар кездеседі. Бірнеше жүз шақырымға созылып жатқан мұнай құбырын тесіп, оңай олжаға кенелгісі келетін қараниеттілер де бар. Әйтсе де, біз мұндай апаттарды жоюға са­қадай саймыз. 2006 жылдан бастап «СКАДА» деген жүйеге өтіп, жұмыс толық автоматтандырылды. Сондай-ақ, бір сорғы жұмыс істеп тұрғанда қалған 3 сорғы кез келген уақытта оны алмастыруға дайын тұрады. Бұдан бөлек 280 шақырымға созылып жатқан мұнай құбырлары спутник арқылы бақыланады. Егер құбырлар қараниеттілердің қолымен тесіліп, болмаса басқа да жағдайларда мұнай төгілген оқиға орын алса, компьютер арнайы белгі беріп, қай жерде, қанша мұнайдың атқылап жатқанын лезде біле қояды. Міне, осындай озық технологияның арқасында трассадан мұнай ұрлау азайды.

Нұрекеңнің отыз жыл бойғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Н. Әбу­ов ҚР мұнай өнеркәсібінің 100 жылдық мерекесіне орай Құрмет грамотасымен, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың 10 жылдық мерекесіне байланысты мерекелік ескерт­кіш белгісімен, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Ал­ғыс хатымен марапатталып, «Ма­гис­тральды құбыр көлігінің құрметті қызметкері» атағы берілді. Нұрғали Сейдахметұлы өнегелі отбасы иесі. Нұржамал жеңгей екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Екі ұлы да әке жолын қуып, бүгінде осы мұнай саласында жемісті еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Сержан екі мамандық иесі. Біріншісі – заң саласы бойынша, кейінгісі – мұнайшы. Алғашқы мамандығы бойынша прокуратурада, әділет басқармасында жұмыс істеді. Бірақ, кейіннен мұ­най саласына ауысып, әке соқпағына түсті. Ғалымжаны «Бола­шақ» бағ­дарламасы бойынша Ұлы­британияда білім алып, қазіргі таңда Қытаймен шекаралас «Үшарал мұнай құбырлары» басқармасында өзінің мұнай құбыршы мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал, қызы, үйдің еркесі Әсем Ал­маты қаласындағы Байланыс және энергетика академиясының 4-курс студенті. «Дарақ бір жерде көгереді» деген, нағыз еңбек жолын осы жерден бастап, бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін осы мекеменің қалыптасуына жұмсап, аянбай еңбек етіп, аяғынан тік тұрғызған Нұрғали Әбуовтің әуле­тінде мұнайшы мамандығы әкеден балаға мұра боп қалып, жалғаса беретіні ақиқат.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

Соңғы жаңалықтар