• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 25 Қаңтар, 2021

Індет ауқымы ұлғайып келеді

189 рет
көрсетілді

Елімізде эпидемиялық ахуал күрделеніп барады. Күн сайын бейдауа дертке шалдыққандардың қатары көбейіп жатыр. Қаңтардың 24-і күнгі дерек бойынша бір тәулікте ПТР арқылы 1584 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың басым бөлігі – қаупі жоғары «қызыл аймақта» тұрған өңірлерден. Қазір 7 өңір «қызарып» тұр, 3 өңір – «сары аймақта», қалғаны – «жасыл аймақ».

«Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Эпидемиялық ахуал дабыл қағарлық жағдайға жеткен бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп жатыр. Өңірлердің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулылары шығып, талап-тәртіп қатаңдатылды.

Павлодар облысында өңір­­дің бас санитарлық дәрі­­герінің жаңа қаулысына сәй­­кес қалааралық және ау­данаралық бағытта жолаушыларды тасымалдау тоқ­та­тылады. Павлодар облысы санитарлық-эпиде­мио­логиялық бақылау де­пар­та­ментінің өкілі Ғизат Абешевтің айтуынша, Ақ­су – Павлодар бағы­тын қоспа­ғанда, облыс ішін­дегі қала­аралық және аудан­ара­лық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Қоғамдық та­мақ­тану орындары тапсырысты жеткізу немесе өзімен бірге алып кету режіміне ауыс­тырылады. Сауда орындары, таксилер мен қоғамдық көліктерде санитарлық дезинфекция күшейтіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ал­­дын ала жазылу арқылы қыз­­мет көрсетеді және сенбі, жек­­сенбі, мереке күндері жұ­мыс кес­тесіне тыйым салынады.

Ақмола облысында да өңір­дің бас мемлекеттік сани­тар­лық дәрігерінің жаңа қау­лысы шығып, соған сәйкес ХҚО-лардың, соның ішінде мамандандырылған ХҚО, 1414 call-орталығы және вир­туалды ассистенттердің жұмысы реттеледі. Енді жұ­мыс күндері олар 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, ал сенбі және жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Бұл ретте азаматтарды қабылдау электронды үкімет порталы немесе call-орталық арқылы кезекті алдын ала брондау арқылы жүзеге асырылады.

Індеттің қайта өршіп, кең таралуына сақтық шараларына салғырт қарап, талап, тәртіпті жете ескермеу себеп болып жатыр. Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, карантиндік шек­теулер енгізу және сани­тар­лық талаптарды қатаң­дату кезеңінде елдің денсау­лық сақтау жүйесінің қыз­мет­керлері анықтаған құқық бұзушылықтар саны артты. Жал­пы 3,6 млрд теңге сома­сына айыппұл салу туралы қаулы шығарылды, оның ішінде құқық бұзушылар 3 млрд теңге төледі.

Осындай айыппұлдардың көпшілігі Түркістан облысында (5 014), Алматы қаласында (4 775) және Шығыс Қазақ­стан облысында (1 831) са­лын­ған. Олардың ең аз саны Маңғыстау (204), Павлодар (523) және Жамбыл (590) облыстарында тіркелген. Маска тағу режімін бұзғаны үшін 15 613 жеке тұлға әкімшілік жау­апкершілікке тартылды. Бұл тұрғыда Алматы қала­сы (4 434), Түркістан (4 009) және Шығыс Қазақстан (1 126) облыстары көш бас­тап тұр.