• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 25 Қаңтар, 2021

Салымшылар табысы 1,2 триллион теңгеден асты

166 рет
көрсетілді

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 2021 жылдың 1 қаңтарында 12,9 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіреді.

2020 жылы салымшылар шоттарына 1,2 трлн теңге таза инвестициялық кіріс түскен. Бұл 2019 жылмен (641,8 млрд теңге) салыстырғанда екі есеге артық көрсеткіш. 2020 жылы инфляция 7,5 пайыз болған кезде табыстылық 10,92 пайызды құраған.

Жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Ұлттық Банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және тағы басқа құралдар кіреді.

«Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 4,7 трлн теңгеге жетті. 2021 жылдың 1 қаңтарына зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 34,5 пайыздықұрады. Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ, таза инвестициялық табыс 5,5 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 602,90 пайыз болды. Ал инфляция 496,65 пайыз. Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 106,25 пайызға тең» делінген БЖЗҚ хабарламасында.

БЖЗҚ хабарлауынша, инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.