Біздің арамызда Жақау өзінің қарым-қабілетін ерте танытқан әріптесіміз. Балалардың мінез-құлқын, ауылдың кескін-келбетін ойнақы да жеңіл штрихтар арқылы суреттеген алғашқы шығармалары жеке кітап боп жарық көргенде, қатарластарының көбі әлі жазу-сызудың тереңіне бойлап та үлгермеген еді.
Соның бірі өзіммін. Өмірдің өзіндей табиғи әңгіме, хикаяттары жүрекке жылы тиіп, дәл сол жылдары ол маған қазақтың Гайдары боп көрінетін. Бұл ойым мені алдаған жоқ, жасөспірімдерге арнап жазған «Күн ұясы», «Алғашқы сабақ», «Саяқ», «Бөген ауыл балалары» кітаптары дереу таралып кетті. Ауылдың қара домалақ балаларының мінез-құлқы, әрекеті, қиялға тұнған өршіл мақсаты сол кезеңдегі жас ұрпақтың тұлғасын қалыптастыруға тікелей әсер еткені рас еді. Жақаудың бұл орайдағы ізденісі еш толастаған емес. Балғын кейіпкерлері заман талабына сай өсіп-өніп, небір қызықты қылықтары күні бүгінге дейін шынайылықпен суреттеле жалғасуда. Соның шағын айғағы – автордың «Тәтәй бала және оның достары» атты қиял-баяны. Технологияның тым шарықтап кеткен бүгінгі жағдайында бүлдіршін сана-сезімінің қалай дамып, қай бағытта өрбитіні жазушы Жақау Дәуренбековті қатты алаңдататынын аңғарамыз бұл шығармасынан. Дәл қазіргі уақытта Тәтәй баланың бейнесі жас оқырманға аса қажетті деп санаймын. Қазақтың ұл, қызын қатқылдыққа, жасандылыққа құрылған шетелдік шытырман шырғалаңынан құтқару қаншалықты қиын десек те оған төтеп берудің бір амалы Жақаудың Тәтәй баласын неғұрлым кеңірек насихаттап, бүгінгі ортаға ‘жан-жақты таныстыру болса керек. Балдырғандарымыздың ұлттық сипатын сақтап, ой өрісінің шарықтауына бүкіл әлем жұртшылығы құлап-сүріне жақсы көретін Гарри Поттер емес, Б.Соқпақбаевтың Қожасы, Ж.Дәуренбековтің Тәтәй баласы әсер етуін армандайтыным да сондықтан. Бала жанын түсініп, тереңіне бойлай білуі Жақаудың көп қырлы талантының бір ғана көрінісі. Шығармашылық беташарын осы тақырыптан бастаған жазушының балалар әлеміне әлі де адалдық танытып келе жатқаны қазақ әдебиетінің ортақ игілігі.
Жақаудың публицистикасы жастар газетінде күн сайын жаңалықтай жарияланып жарқырап көрінді. Осы ретте қай тақырыпқа қаламын салса да соны соқпақпен жүруге, формалық ізденіске баруға, өзіндік стильді сақтауға, оқшау оймен түйіндеуге, жанрға тән ерекшелікке көркемдік нәр беруге, тосын түйіндеулерге баруға, деректерді өзіндік сөз сарабымен сөйлетуге, ұтымды сөзбен ұшқыр жазуға ұмтылысы, жазудағы жұлқынысы әрбір очеркінде, публицистикалық дүниелерінде айқын көрінді. Оқырманға ой тастап қана қоймай, назарын аудартты. Журналистикадағы танымал дара есімге айналды. Оған сол жылдарда өте сирек берілетін Журналистер Одағының сыйлықтарын алуы, «Шұғылалы шақ», «Ауылым – алтын бесігім» публицистикалық кітаптары куә. Оның осы ізденімпаздығын «Сөз киесі» кітабындағы публицистиканың түрлерімен байыта жазған (Ойтолғақ, қаз-қалпында, сыр-сұхбат, әліптеме, байымдама, жөргемсөз, марқайыс, серкесөз, мұңайыс, сипаттама, лебіз, дәуір дауасы, орайы келген әңгіме, ғұмырнама, дабылды ойлар, әуезе, очерк, бірауыз сөз, ойөрім) дүниелері даралай түседі, ондағы тіл, стиль, форма дегеннің не екенін жас журналистер үлгі аларлықтай қалыпта қаздай тізілуінен қаламының алымы мен қарымы жарқыл салып жатқандай. Бұл мақтау сөз емес, бардың мәнін ашып нақтау сөз, нықтау ой...
Жақаудың жазу мектебінің шеберлігін сезіну, публицистикалық потенциалын пайымдау – оқыған жанның өресіне өзі-ақ ой салады, белгілі бір байыпқа ұйытады, үлгі-уәжге иландырады.
Тағдыр бәрімізді «Лениншіл жас» газетіне топтастырды. Алғашқы күннен-ақ жинақы, кез келген тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын ерекшелігімен бас редактор Сейдахмет Бердіқұловтың сеніміне кіріп үлгерді. Мерекелік газет нөмірлерінің басы-қасында Жақау жүретін. Әсіресе макет сызуды, материалдарды орналастырып, тиімді ұсынуда алдына жан салмайтын. Бұған қоса бұрқыратып очерк, әңгіме, проблемалық мақалалар жазады. Соның бәріне қалай үлгереді екен деп таңғалатынмын. Енді ойласам, құдай берген талантына өз-өзіне талап қойғыштығы, тәртіпке темірдей беріктігі, әділдіктен таймайтын турашылдығы айнымас серік болғандай екен.
Несін жасырайын, көңіл-күйдің сан құбылар жағдайында жүретін мен үшін Жақаудың нендей мәселеде де айтқанынан қайтпайтыны, ешқашан жолдан таймайтыны, өз идеясын жүзеге асыруда ешкімнен тайсалмайтыны пәлендей ұнамайтын. Қай-қайсымызға да тапсырылған шаруаның қалайда орындалуын қадағалап, қылтың-сылтыңымызды әсте көтермейтін. Күн сайын шығатын газеттің талабын Жақаудай түсінбейтінім рас еді.
Ол үшін газеттің ұсақ-түйек шаруасына дейін маңызды болатын. Азды-көпті жазған дүниелерімнің буына марқайып, кейде артықтау кеткен сәттер де өтті. Ал Жақаудың тоқмейілсігенін көрген емеспін. Ертелі-кеш макет сызу, баспаханаға жүгіру, оқырманы асыға күтетін шығармаларын да жариялап, қайнаған жұмыстың ортасында жүргені.
Жақау – нақтылы іс-әрекеттің адамы. Сырттай қаталдау көрінгенімен жүрегі жұмсақ, ниеті таза, қайырымды.
Қаламдастарының не жазып, не қойғанынан ұдайы хабардар, әсіресе бұйығылау тірлік кешіп, кітаптарын жарыққа шығара алмай қиналған әріптестеріне көмектесуге әрдайым дайын. Замандастарымның арасынан Жақау Дәуренбековті айрықша атауымның себебі көп. Ең алдымен оның адалдығы, әділдігі, қай ортада жүрсе де жүйелі тәртіп орнатып, төңіректегілерді жұмысқа ұйымдастыра білуі қайран қалдырады. Бұл көбіміздің қолымыздан келмейді. Екіншіден, жеке басыма Жақаудың жасаған жақсылығын айтпауға дәтім шыдатпайды. Қиналып, қысылғанда ақыл-кеңесімен, ұсыныс, тілегімен демейтінін былай қойғанда, кітаптарымның толыққанды тұңғыш рет жарық көруіне тікелей ықпал етті. Өзі басқарып отырған «Ана тілі» баспасы арқылы ел, жұртқа танылдым, ұзақ жылдар еш жерде шығара алмаған «Жантәсілім» атты романымды екі том етіп, қалың жұртшылыққа ұсынды. «Адам-құпия» кітабымды қалай безендіріп шығарды десеңізші! Мұны қалай ұмытайын. Мен сияқты ондаған, жүздеген автор Жақауға қарыздар болса керек.
Жақаудың қызметіне, жұмыс істеу тәсіліне қызыға қараймын. Бос сөзге, жадағай мақтау, көлгірсуге оның титтей уақыты жоқ. Қарамағындағылармен, авторлармен қарым-қатынасынан еріксіз үлгі, өнеге аласың. Ішкі мазасыздығы, тиянақтылығы былайғылардың арқаны кеңге салған бейқамдығын, дереу ысырып тастап, бірден мәселенің бе, шаруаның ба, түйінін шешуге ықпал етеді. Сондықтан Жақаумен жұмыс жасау үлкен ғанибет.
Бір жолы сәті түсіп, халқымыздың белгілі ақыны Мәриям Хакімжанованың үш томдық шығармалар жинағы Жақау басқарып отырған баспадан жарық көруге тиіс болды. Құрастыруға өзім ниет еткен кітаптардың қалай тез шыққанын байқамай да қалдым. Қыруар жұмыстың бас-аяғының жымдасып, екі томның жып-жинақы қолға тигені алдымен Жақаудың ерек еңбегі. Жүздеген, мыңдаған жазба қағаздар мұрағатта сақталып, шаң басқан қолжазба арасынан бұрын жарияланбаған дүниелерін іздеймін деп, уақытты әбден оздырғанымда, Жақаудың ымырасыз қатаң сын, ескертпе жасағаны дереу есімді жиғызды. Соншалықты сырласып, рухани жақын араласқанымызбен нақтылы іске байланысты ол ешқашан айтқанынан қайтпайды. Қарсыласуға титтей мұршаңды келтірмейді, өйткені қойып отырған талабы орынды.
Жауапкершілік жүгін дәл Жақаудай көтеретін жан сірә де сирек шығар. Қоғамның, елдің, үкіметтің бе, оқырманның, отбасының ба, әйтеуір кім-кімнің де алдындағы парызын, қарызын азаматтықпен атқарып келе жатқаны ақиқат. Жақау жүрген жерде қашан да тап-таза, киімінің, тіпті таққан галстугының түр-түсіне дейін жоғары талғамнан хабар беріп, төңірегіндегілерді де соған баулығандай әсер етеді. Оның қасындағылар қалай болса солай, алқам-салқам, бей-берекет, тірлік кеше алмаса керек. Үлкенді де, кішіні де бағалай отырып, тұлға ретінде өзі түйе білген қағидаға бағындыра білетіні кез келгеннің өресі жете бермейтін қасиет. Жеке басының қадіріне, қабілетіне, күшіне сенетіндердің ғана қолы жетер жайт қой бұл.
Біздің толқын өкілдеріне тән ортақ ерекшелік еңбекқорлық, жалтақтамау, ешқашан ешкімнің ала жібін аттамау, қиянат жасамау, алайда талантына сай атақ, даңқ иемденгендері саусақпен санарлықтай ғана. Жалған дақпырт, даңғаза қуған бір де бірі жоқ, бәрі де үздіксіз ізденіс үстінде. Қаламдарының қуатымен қарапайым ғұмыр кешіп, ұлтымыздың зиялы қауымын құраған ірі тұлғалар арасында Жақау Дәуренбеков те бар.
Журналист, жазушы ретінде Жақаудың өзіне ғана тән қолтаңбасы болса, баспагер, басшы ретінде Жақау қалыптастырған дара мектеп бар. Шүкір, сол сирек мектептің игілігін көріп жатқандар уақыт өткен сайын көбеюде. Міне, отыз жылдық тәуелсіздігімізде отыз жыл бойы рухани қазынамызды насихаттап келе жатқан, атап өткелі отырған отыз жылдығымызбен құрдас «Ана тілі» баспасының авторлары қазір тұтастай бір зиялы қауымды құрайды. Қазақ тілінің уызына қандырып, әдебиет, өнер тылсымына бойлатқан, туған тарих, мәдениетімізге үңілтіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-жоралғыларымыздың логикалық жемісін табуға бағышталған дүниелерді Жақау алғаш шығара бастады. Қаламгерлік қуатына қайраткерлік батылдығы қосылып, оқырманның ой-өрісін кеңейтуге көл-көсір ықпал етуде.
Ол уақыт талабын да сергектікпен қабылдауға бейім. Қоғам мен адам сұранысын сондықтан да еш қиналмай айырып, анықтай алады. Бұл Жақаудың баспагерлік тұлғасын одан әрмен биіктете түскендей. Халыққа не қажет, рухани мұқтажының қандай екенін ол жақсы біледі. Авторлар аясын кеңейтіп, тақырып таңдаудағы талғампаздығы да ел игілігіне айналып жатады.
Өз ұлтына адал еңбек етіп жүрген Жақаудың шығармашылық көкжиегі арнайы талдап-зерттеуді қажет етеді. Жан дүниесінің ішкі беймаза, тынымсыздығы жазушылық келбетін айқындап, соны жаңалық, оқыс тұжырымдарға жетелеуде. Соңғы кезде басылым беттерінде үзік-үзік жарияланған көркем ой-суреттері, көзқарас-пайымдары мүлдем өзгеше, кең тыныстың нәтижесі іспеттес. Бұл Жақаудың ұдайы ізденіс үстінде екенін дәлелдейді. Қысқа да нұсқа сөз маржандарының берері мол, философиялық астары қалың, тәрбиелік мәні терең, тәжірибелік тағылымы көл-көсір.
Мұншалық телегей-теңіз ой тасқынының қопарыла ақтарылуына не себеп болғанын түсіндіру, әрине мүмкін емес. Жазушы Жақаудың жан қойнауында жасырынған жанартаудың алапат күшін енді-енді ғана болжағандаймыз. Талант болмысының жарқырай көрінуі, міне осындайдан басталады.
Біз бір-біріміздің табысымызға ұдайы қуанып, ашық пікірлесуді ежелден дағдыға айналдырғанбыз. Газет, журналдарда арагідік жарияланар мақалаларымызға дейін талдап отырамыз. Соңғы жылдары сан алуан өзекті маңызды мәселелерге қатысты батыл да оқыс ойларымен Жақау баспасөзде жиі көрінуде. Бұл да оның белсенділігінің, азаматтық позициясын ашық білдіре алатынын аңғартады. Көз алдыңда өтіп жатқан жағымды, жағымсыз өзгерістерге қайраткер ретінде ол бейжай қарап отыра алмайды. Мен үшін Жақаудың осы қаламгерлік қасиеті аса қымбат. Өзім күмәнданар қайсыбір жайттарға катысты сыр бөліскенімде, оның кесіп айтар пікірлері шешуші мән атқаратыны рас. Жазған-сызғаным туралы жылы сөздері әрдайым мерейімді өсіріп, қанаттандырып жіберетінін де айтсам деймін. Жазу әдісіміздің дүниетанудағы көзқарасымыздың, хал-жағдайымыздың мүлдем ұқсамайтынына қарамастан, қашан да бір бағыт, бір ендікте қатар келе жатқаны әріптестерміз. Ағартушылық қызметімен құбылыс жасаған белгілі қаламгер Құрманғазы Қараманұлы бастап, жан-жақты жаңалығымен оқырманын таңғалдырар Жанат Елшібеков қостаған топтың ішінде Жақаудың да жұлдызы жарқырай жануда. Өзіне ғана тән қолтаңбасы, мінезі, өзі ғана таңдап бағындырған кеңістігі бар.
Таптаурын жолды шиырлай бергеннен сақтасын бізді. Жақау мұны асқан нәзіктікпен түсінеді. Қай тақырыпқа қалам тербеп, қандай істі бастаса да шынайылығымен, шеберлігімен әлдеқашан өзін мойындатып үлгерген Жақау Дәуренбеков қаламының қалыбы бар, қарымының өз кеңістігі бар, өз ойы бар өрелі сөз иесі.
Пешенесіне жазумен тірлік кешу жазған қаламгердің жан мұраты да осы – сарабдал сөз иесі бола білу.
Осы эссемді аяқтап редакцияға ұсынар сәт туғанда Жақаудың өзінен хабар келді.
– Мағира! Қуанышты хабар, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан құттықтау хат алып, төбем көкке жетіп отыр. Мың алғыс Президентімізге!
Президент өз хатында халықтың Жақауды қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы, сондай-ақ қоғам дамуына белсене араласып келе жатқан іскер азамат ретінде білетінін атап өткен. Замандасымыздың талғамы жоғары оқырмандарға тағылымды дүниелер ұсыну арқылы рухани саланың кең қанат жаюына қосқан үлесі мен «Ана тілі» баспасына ширек ғасыр бойы басшылық жасағанда полиграфия ісінің өркендеуіне зор еңбек сіңіргенін айтып, алдағы уақыттағы бастамаларына сәттілік тілепті.
Мен де толқып кеттім.
Бұл әділетті айқын мақсат тұтқан, халық үнін тыңдай білер Президентіміздің үлгі боларлық ізгі ұлық қасиеті деп білемін!
Бәрекелді!
Қуаныш көп болсын!
Мағира Қожахметова,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері