Бүкіл әлемнің берекетін алған бәлекет індеттің беті қайтар түрі жоқ. Бейдауа дертке қарсы тұрар қуатты «қару» – вакцина ғана. Бүгінде дүние жүзінде Covid-19 індетіне қарсы түрлі вакцина әзірленіп, оның ішінен әбден сыналып, тиімділігін көрсеткендері бар. Соның бірі – Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасы биыл 1 ақпаннан бастап Қазақстанда азаматтарға егіле бастайды. Бұл ретте бұрыннан бері екпеге қатысты екіұдай пікірдегі бұқара арасында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау қызу талқылануда.
Халық ішінде вакциналауға қатысты түсінбеушіліктің басы оны міндетті, әрі мәжбүрлі дегеннен туындайды. Алайда заң жүзінде Қазақстанда вакциналау ерікті болып саналады. Дәлірек айтсақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакциналау егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Елімізде вакциналаудан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету – заңсыз.
Қазір індет қайта өршіп, қауіп-қатері зорайып бара жатқан шақта вакциналауды мейлінше тезірек жүргізудің маңызы артты. Өткен аптада Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, 1 ақпаннан бастап медициналық ұйымдардың халықты жаппай вакциналауды бастауға дайын болуын пысықтауды тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша вакциналаудың алғашқы кезеңінде 100 мың адам қамтылмақ. Алдымен КВИ-ға қарсы Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасы егіле бастайды. Одан әрі 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық өндіріс – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазір клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен өтуде.
Вакциналау вакцинаның келіп түсуіне қарай кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте бірінші кезекте коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары қамтылады. Одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қосылады. Жалпы, халықтың осал топтары үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау тегін ұсынылады.
Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлеріне және санэпидқызмет қызметкерлеріне вакцина салынады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтері, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет қызметкерлері вакциналаумен қамтылады. Үшінші кезеңде мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтеріне, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарға вакцина егіледі. Сондай-ақ халықтың қосымша осал топтары – ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқаларды қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда.
Вакцинаға күдікпен қарайтын жұрт оның жанама әсерлерінен қауіптенетіні белгілі. Бұған қатысты мамандар адамның организмі кез келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын айтады. Медицина қызметкерлері кез келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салу медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әртүрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцина алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін. Одан әрі екпе алған адам 3 күн бойы тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа вакцина салдырған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері бар арнайы жадынама беріледі.
Бір айта кететін жайт, «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек 60 жасқа дейін кәмелетке толған азаматтар ғана ала алады.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізіледі. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Жалпы, аталған вакцина Ресейде мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресейдің Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Беларусь, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.
Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі Ресейден басқа да коронавирус инфекциясына қарсы вакцина өндіруші бірқатар мемлекетпен келіссөздер жүргізуде. Оның ішінде Қытай («Sinovac», «Sinopharm» вакцинасы) және АҚШ («Phizer» вакцинасы) елдері бар.
Сондай-ақ вакциналауды халықты жаппай чиптеумен байланыстырудың ақылға қонымсыз қате ақпар екенін айта кеткен жөн. Вакцина салынбай тұрып, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.