Кино – өндіріс. Яғни Голливуд кинотудырушыларының ұстанымына сай саралар болсақ, фильм жасауда көркемдік талаптардан бұрын, ең әуелі табыс табу үрдісі басты нысанда болуы тиіс. Осыны желеу еткен отандық режиссерлеріміздің дені һәм жекеменшік студиялар өнімі негізінен Голливуд өнімдеріне еліктегісі келіп тұрады. Яғни өнер жасауды емес, миллиондап табыс табудың жолында бәрін сарп етуге бар. Тіпті осы мақсатқа жетуге мемлекеттен қаржылық қолдау көруден дәмелілері де жетерлік.
Соңғы уақытта: «Қазақ кинематографиясының аяқ алысы жаман емес. Бір жылдың ішінде бәленбай фильм түсіріліп, көрерменіне жол тартып үлгеріпті. Осының өзі-ақ ұлттық киноөнеріміздің көсегесі көгергенінің айқын айғағы емес пе?!» деген сарындағы пікірлерді жиі естіп жүрміз. Бірақ жүргізіліп жатқан сол сансыз есеп сапаға да дәл сол деңгейде жауап бере ала ма? Міне, мәселе осында!
Мысалы, осыдан екі жыл бұрын отандық кинематография қоржынына бір жыл ішінде 36 көркем картина қосылса, оның 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Бұл қарқын соңғы бір жыл көлемінде карантин тәртібіне байланысты сәл тежелгенімен, жалпы «кассалық» кино түсіріп, пайдаға шаш-етектен кенелгісі келетіндердің қатары көбеймесе, еш сиреген жоқ.
Керісінше, кино өнері жүктейтін көркемдік талаптар мен кәсіби біліктілікті былай ысырып қойып, үлкен өнерден дәмелілер қатарына қалтасында қаржысы бар кез келген әуесқой адам, оның ішінде әсіресе шоу бизнес өкілдері де жиі ортақтасатын болып жүр. Осының өзі-ақ көркемдік қуаты мол кәнігі кәсіби мамандар ғана атсалысатын талғампаз өнердің сапасын сейілтіп, қадірін қашырғандай. «Махаббаттың да соқыр болатыны», «бәріне ер адамдардың кінәлі екені», «соңғы қалыңдық», «келіннің де адам екені», «қазақ жігітіне ғашық болмаудың бес себебі», «бизнестің қазақша түрі», «бай-оғландар ұрпағының да мейірімді әрі кең жүректі болатыны» сынды бір-бірінен көп ерекшелене қоймайтын түбі сарындас айналдырған бес-алты оқиғаның шеңберінен шыға алмайтын аясы тар жеңіл сюжет, тілі дүбәра, ойы арзан фильмдердің кинотеатрлар желісін жаулап алғанын көріп бір күмілжісек, һәм осы комедиялар көрсетілетін уақытта кинотеатр кассасы алдындағы қызған қалың кезек және ойландырмай қоймады.
Бір қызығы, ұлттық рухты асқақтататын «Қазақ хандығы» немесе «Томирис», болмаса халықаралық талай фестивальдің алдын бермейтін Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам», Францияның Канн фестивалінде қандасымыз Самал Есләмова үздік актриса деп танылған режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмдеріне жиналмайтын халық, Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес», Нұртас Адамбайдың «Сәбина келін», Әсел Сәдуақасованың «Келін де адам», Баян Алагөзованың «Абайлаңыз, сиыр!», Ернар Нұрғалиевтің «Брат или брак» сынды арзанқолдау комедияларына билет таппай сандалады. Кинотеатр кассасы алдындағы осы көріністің өзі-ақ бүгінгі көрерменнің талғамы мен деңгейін анықтауға нақты айғақ болса керек. Одан бөлек, аталған фильмдердің прокаттан тапқан табысы да қазіргі арзан әзіл, жеңіл оқиғаға құрылған кассалық кинолар дәуірінің өрістеп тұрғандығын көрсетеді. Мәселен, кинотеатрлар жасаған өткен жылдардың табысты фильмдер тізбегіне көз жүгіртсек, онда мынадай деректерге кезігеміз. Прокатка шыққаннан-ақ ең көп талқыға түскен комедияның бірі режиссер Асқар Ұзабаев түсірген Баян Алагөзованың «Абайлаңыз, сиыр!» картинасы болса, ал нарықта ең көп кассалық табыс тапқан фильмдер көшін Нұртас Адамбайдың «Сәбина келіні» бастайды. Комедия прокатка шыққан алғашқы бес күннің ішінде 112 миллион теңге табыс тауып, өз бюджетінен екі есе артық пайдаға кенеліпті. Сол секілді Қайыржан Орынбековтің «Қазақша тонауы» бас-аяғы 2 миллион теңгеге түсіріліп, прокаттан 13 миллион табыс тауыпты. Ал Нұрлан Қоянбаевтың «Африкадағы қазақша бизнес» комедиясының отандық прокаттағы табысы 573 883 750 теңге болса, «Құдалар» – 390 617 555, «Бизнесмендер» – 195 559 200, «Ұлы дала комедиясы» – 183 463 410, «Мен – күйеумін» – 161 742 400, «Гудбай, мой бай» – 146 089 950, «Тайландтағы демалыс» – 127 101 927, «Сиситай» – 99 408 465, «Свадьба.kz» фильмі 73 028 323 теңге көлемінде пайда тапқан.
Демек, қанша мін артқанымызбен де, аталған туындыларға сұраныс басым. Егер осы есеп көрермендер талғамы мен жалпы кино өнері деңгейіне таразы болса, онда ойланатын сұрақ та көп. Бұл жөнінде режиссер Ермек Тұрсынов: «Қазіргі көрерменнің деңгейі өте төмен. Олар жаман киноларға әбден үйреніп қалған. Жаман кино дегенім – көрерменіне ой салмайтын, мағынасыз, адамның ойын өшіретін кино. Киноға барып, поп-корн жеп, ештеңе ойламай, күліп отырып кино көресің. Бір жарым сағаттан соң «кино не жөнінде?» деп біреу сұраса, жауап бере де алмайсың. Жеңіл туынды көрерменін демалдырмайды, уақытын зая кетіреді. Мен көрерменнің деңгейіне түскім келмейді, керісінше, көрерменнің деңгейін көтергім келеді. Ағарту жолы қиын, әрине. Мен фильмдерді «мынау кино», «мынау кино емес» деген екі топқа бөлемін. «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» – бұлар кино. Ал «Қайрат – чемпион», «Алматыда пәктікті жоғалту» дегендер кино емес», деп пікір білдірген болатын бір сұхбатында.
Рас, қазір «кассалық» фильмдерге әуес режиссерлердің дәурені жүріп тұр. Олар тіпті ешқандай көркемдік кеңессіз-ақ өз өнімдерін көрерменге ұсынып жүр. Бұл үшін оларды жазғыра алмайсың. Өйткені коммерциялық фильм түсірудегі басты мақсат – қаражат табу. Ал көркемдік сапа жайлы әңгіме басқа. Ол олқылықты әлі күнге дейін бір жүйеге түсе алмай отырған Қазақстан Республикасының «Кино туралы» заңынан іздеу әділетті болады, біздіңше. Талай жыл талқылауға түсіп, талданып жатса да, басымдыққа ие бола алмай отырған кино заңнамасын жолға қойып алмай, аталған мәселенің шешілмегені – шешілмеген. Бұл турасында Мемлекет басшысы да республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында тоқталып, өз көңілтолмаушылығын білдірген болатын. «Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографистер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай», деді Президент.
Әлбетте, бұл пікір коммерциялық фильмдерден бұрын, мемлекеттік тапсырыспен түсірілетін кинотуындыларға қатысты айтылған сын болғанымен де, кино мәселесі сөз болғанда ескерілмей қалмауы керек түйткіл. Өйткені соңғы уақытта киноның айналасында өрбіген дау-дамай, тартыс үдемесе, титтей де толастаған емес. Соның негізгісі – жақында Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Ұлттық киноны қолдау орталығының өз ішінен шығып жатқан дау-дамай. Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, актер Нұржұман Ықтымбаев, режиссерлер Сатыбалды Нарымбетов пен Ермек Тұрсынов бастаған кино өнері майталмандарының наразылығы, негізінен, осы Ұлттық киноны қолдау орталығы бөлетін қаржының 95 пайызы ұлттық өнерге емес, жекеменшік студиялардың коммерциялық фильмдеріне басымдық берілгенінен туындаған қарсылық болатын.
«Ұлттық киноны қолдау орталығы ашылғанда ұлттық киномыздың көсегесі көгереді деп қатты қуандық. Отандық киногерлердің басын қосқан сарапшылық кеңестің төрағасы етіп мені тағайындапты. Қолдау орталығының шарттарымен танысып, талқылаған кезімізде онда мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы коммерциялық бағыттағы фильмдерге емес, ұлттық фильмдерді қолдауға бөлінетіндігі анық көрсетіліпті. Алайда жеме-жемге келгенде орталықтың бұрынғы басшысы Гүлнәр Сәрсенова шарттағы талапты ескерместен, 95 пайыз қаржыны коммерциялық фильмдердің қанжығасына байлап берді. «Қазақфильм» киностудиясының тек қана бір фильмінің қаржылық қолдауы мақұлданды. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, Шәкен Айманов ағамыздың есімін иеленген еліміздегі жалғыз киностудия «Қазақфильм» – қарашаңырағы үлкен ұжым. Ұлттық киномыздың көсегесін көгертіп, шырақшысы болып отырған да осы өнер ошағы. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығын ашудағы мақсат не? Жекеменшік киностудиялардың жағдайын жасап, өзіміздің ұлттық киностудиямызға өгейдің күйін кештіріп қою ма? Бұл қаншалықты әділетті? Осы әрекет- терімен кейбіреулердің жалпы «Қазақфильм» киностудиясын құрдымға кетіріп, сол арқылы ұлттық өнеріміздің де тамырына балта шапқысы келетінін көруге болады. Аталған қауіпті сейілту үшін жанұшырып жүрміз. Ал коммерциялық фильмдер мемлекеттің қолдауына зәру емес. Көздегені көркемдік сапа емес, пайда табу болғандықтан, олар қандай жолмен болса да өз есесін жібермейді. Бір күндік фильм түсіріп, жылтырақ эффектісімен онсыз да қыруар табысқа кенеліп отырған жекеменшік студияларды мемлекет тарапынан бөлінетін ақшамен суаруға мен түбегейлі қарсымын. Еліміздің ертеңін ойласақ, ең әуелі кино талаптарына толыққанды жауап беретін сапалы ұлттық фильмдерімізді қолдауымыз керек», деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің алаңы ұлттық өнерді өркендетуді ойлайтын кез келген киногерді бейжай қалдырмауы керек деп санаймыз.
Хош, әңгімеміздің әлқиссасына қайта оралсақ, коммерциялық киноның басты мақсаты – ұлттық мүддеден бұрын, қаржы табу екендігі анық. Бұл жерде кино тілінің кәсіби айшықтары мен жалпы көркемдік сапа турасында сөз қозғау тіпті артық. Кассалық табысты басты орынға қойған мұндай фильмдердің көптігі соншалық, дәл қазіргі қазақ киносы өнерден гөрі кәдімгі бизнеске айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Және ең қызығы, фильм түсіру үшін арнайы кинематографиялық білім мен тәжірибенің мүлдем керек болмай қалғанын соңғы бесжылдықта түсіріліп жатқан коммерциялық фильмдердің қарқынынан байқау қиын емес. Бірақ нағыз өнер табыспен өлшенбесе керек. Киноны коммерциялық тауар емес, таза өнер туындысы деп түсінетін, сол деңгейде өнер тудыратын кезіндегі Луй Бунуэль, Ингмар Бергман, Федерико Феллини, Микеланжело Антониони, Роберт Брессон, болмаса өзіміздің Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев сынды нағыз арт-киноның алпауыттарына бүгінгі қазақ киносы шын зәру.