Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі мен өңір әкімдеріне халықты жаппай вакциналау мәселесін басты назарда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz
«Бұл мәселе бойынша тек Денсаулық сақтау министрі ғана емес, әкімдердің бәрі мына жайды ескеруі керек: жалпыға ортақ вакцинация – өте маңызды мәселе. Бізге азаматтарды вакцинациядан өткізуде өте салмақты, ойластырылған, қыр-сыры ескерілген жоспар керек. Дүрбелең болмас үшін ол салада ескеретін өте көп ньюанс бар. Вакцинация эпидемиялық ахуалды түзеуі керек. Алда жұмыс көп», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Онлайн форматтағы жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары пысықталып жатыр.