• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
19 Желтоқсан, 2013

Федерация кубогы – Астана боксшыларында

236 рет
көрсетілді

Желтоқсанның 15-і күні Астанада Қазақстан Бокс федерациясының кубогы үшін Астана қаласы мен Маңғыстау облысы құрамалары арасында финалдық кездесу болып өтті. Онда елорда жасағы 6:4 есебімен жеңіске жетті.

 

Желтоқсанның 15-і күні Астанада Қазақстан Бокс федерациясының кубогы үшін Астана қаласы мен Маңғыстау облысы құрамалары арасында финалдық кездесу болып өтті. Онда елорда жасағы 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу бастан-аяқ тартысқа толы болды. Ол соңғы екі ұрыс қалғанға дейін есептің 4:4 болып тұрғанынан да көрінеді. Ал рингке бірінші болып шыққан 49 килодағы Азат Қамзин (Астана) мен Қуанышбай Сәрсенбаев (Маңғыстау) арасындағы айқаста бұлардың біріншісі 3:0 (29:28, 29:28, 30:27) етіп ұтты. Келесі кезекте оның жеңісін Ілияс Сүлейменов (52 кг) жалғастырды. Ол Нұржан Қошановты 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен тізе бүктірді. Ал 56 килоға дейінгі Мейірболат Тойытов бұл есепті 3:0-ге дейін өсірді. Оның Қанат Көптілеуовпен шайқасы да жоғарыдағы есепті айна-қатесіз қайталады.

Осыдан кейін ғана мұнайлы түбектің жампоздары өз сөздерін айта білді. Атап айтқанда, алдымен 60 килодағы Берік Әбдірахманов қарсыласы Дархан Жұмсақбаевты 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) есебімен ұтса, сосын 64 ки­лодағы Жәнібек Әжібай визавиі Дәу­лет Дәу­кеновті дәл осындай есеппен тізе бүктірді.

Ал 69 килоға дейінгі салмақта астаналық Мейірім Нұрсұлтанов маңғыстаулық Сулейман Бердукаевты екінші раундта тех­никалық нокаутпен жеңді. Келесі сал­мақта (75 кг) маңғыстаулық Ерік Әлжанов осы нокауттың есесін қайтарды. Ол Асланбек Дәрбекті екінші раундта қайтып өзіне беттетпей қойды. Осылайша есеп 4:3-ке тоқтады. Ал 81 килодағы Әділбек Ния­зымбетов астаналық Дәурен Елеусіновті 3:0 (29:28, 29:28, 30:27) етіп қапы қалдырып, командалық есепті 4:4-ке жеткізді.

Енді бәрін соңғы екі жекпе-жек шешетін болды. Мұнда Астана былғары қолғап шеберлерінің абыройлары асып кетті. Әуелі 91 килоға дейінгі салмақтағы Василий Левит өз әріптесі Азамат Әбілевті бірінші раундта техникалық нокаутпен алаңнан шығарып тастады. Соңынан 91 килодан ауыр салмақта Ермек Үсенов қарсыласы Мағжан Базарбайдан басым түсті.

Сөйтіп, Астана құрамасы екінші мәрте Кубокқа қол жеткізді. Ал өткен жылы ғана Кубокты арқалап қайтқан Маңғыстау мар­қасқалары осымен 4 мау­сымның 3-уінде финалда шайқасып отыр.

Тағы бір дерек, Астана командасы жартылай финалда Оңтүстік Қазақстан құра­ма­сынан 6:5 есебімен асып түссе, Маңғыстау об­лысы Қарағанды жасағын 7:3 етіп еңсерген еді.

Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.

Соңғы жаңалықтар