• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 28 Қаңтар, 2021

Заманауи заңдар дамуға серпін береді

220 рет
көрсетілді

Биыл еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы Қазақстан Парламентіне – 25 жыл. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұрынғы КСРО құрамында болған республикалармен экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан елімізде орын алған дағдарысты еңсеру және төл экономикамызды қалыптастырудың алғашқы кезеңі болды. Бұл көптеген өнеркәсіп орындары жұмысын тоқтатып, жұмыссыздық көбейген, халық үшін ауыр соққан уақыт еді. Дәл осы кезде Қазақстанның алғашқы кәсіби Парламенті Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев қолға алған түбегейлі экономикалық реформалардың заңнамалық негізін қалауда аса маңызды рөл атқарды.

Осы кезеңде Қазақстандағы кіші және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Өндірісті қолдауда бірқатар заңнамалық, нормативті-құқықтық актілер қабылданды. Ауыл шаруашылығындағы, өнеркәсіптегі жеке­меншік – нарықтық жолға түскен еліміз үшін тың үрдіс болды. Алғашқы уақытта экономикада қаржылық ресурстың жетіспеушілігі өткір сезілді. Өндірісте айналым қаражатының үлесі төмендігіне қарамастан, көптеген проблеманың шешімін бірден табуға тура келді.

Елбасының бастамасымен қабыл­данған сол кездегі реформалар нәтижесін берді. Экономиканы дамыту, әлеуметтік саланы қолдау, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мақсатында көптеген маңызды шаралар уақтылы ұйымдастырылды. Кәсіпкерліктің қалыптасуы оңайға соққан жоқ: әр жасалған қадам мемлекеттің бақылауында болды. Кіші және орта кәсіп үшін бұл ауыр кез еді. Осыған орай, Елбасымыз кіші және орта кәсіпті тексеруге мораторий жариялады. Бұл шешім Парламенттен қолдау тапты және экономикалық реформаны іске асы­рудың көптеген жаңа тетіктері қалып­тас­тырылды. Солардың бірі әрі бірегейі – «Бизнес-2020» мемлекеттік бағдар­ламасы Парламент енгізген заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде табысты іске асырылды. Аталған бағдарламада кіші және орта кәсіптің, кәсіпкерлік пен микробизнестің дамуына қажетті құрал­дар қарастырылды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып жүрген кезімде мен көршілес Ресей Федерациясының Тю­мень облысының губернаторы В.Якушевтің шақыруымен «Кіші және орта кәсіпті қолдау» тақырыбындағы дөң­гелек үстел отырысына қатыстым. Оның модераторы ретінде Ресей Феде­ра­циясы Мемлекеттік думасының төр­ағасы Е.Нарышкин сөз сөйледі. Екі жүзге жуық адам жиналған кездесуде Тюмень облысының инвесторлары­нан бөлек, шетелдік азаматтар да жи­нал­ған салиқалы аудитория болды. Губер­натордың кіріспе сөзінен кейін, келесі сөз кезегі маған берілді.

Мен ресейліктерге Қазақстанда ша­ғын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғанын айттым. Даму қорының несие алу үшін 50-85 пайызға дейін кепілдік мү­лікті субсидиялауға құқығы және инвес­ти­ция­лық жобаларға 5-7 пайыздық несие беруі туралы ақпараттармен бөліс­тім. Сөзімнің барысында аудитория жан­данып кетті. Тіпті дөңгелек үстелге қаты­су­шы­лардың бірі Ресей Федерациясында менің айтқаныма ұқсас бағдарлама енгі­зуді ұсынды.

Өз басым автомобиль жолдары инженер-құрылысшы маманы ретінде біздің Парламент автомобиль жолдарын дамытуға қажетті заңнамалық база жасады деп сеніммен айта аламын. Өйткені өткен ғасырдың 90-шы жылдарында еліміздегі автомобиль жолдарын жөндеуге 10 жылдай уақыт қаржы бөлінбей қалғаны есімізде. Соның салдарынан жолдардың жағдайы нашарлап кетті. Осыған орай 2001 жылы Парламент «Автомобиль жолдары туралы» заңды қабылдады. Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып, мемлекеттік желілік ауқымды жол жөндеу жұмыстары бас­талды. Осы кезең аралығында елімізде алғашқы сапалы әрі қауіпсіз автобандар пайда болып, республикалық маңызы бар жолдардың 80 пайызы қалпына келтірілді. Бұрын қазақстандықтардың сүйікті демалыс орны Бурабай курортына бару да қиын болғаны жадымызда. Қазір оны ең жақсы жол ретінде үлгі етеміз. Жол жөндеу Астана-Алматы бағытынан басталып, Павлодар, Көкшетау, Қостанай жолдарын жаңғыртуға жалғасты. Кейінгі жылдары да еліміздің автомобиль жолдарын жақсарту ісі заңнамалық тұрғыдан уақтылы да сапалы қамтамасыз етіліп, бірқатар реформа жүзеге асты. Соңғы кезеңде қолданыстағы заңнамаға көптеген өзгерістер енгізілді.

Қазақ жері ұлан-ғайыр. Жетпіс мың шақырымға жуық жергілікті автомобиль жолдарын жөндеу қазіргі таңда қолға алынып, Парламент алыстағы елді мекендерге апаратын жолдарды қалпына келтіруге барынша жағдай жасады.

Ширек ғасыр ішінде Парламент ауқымды заңнамалық база жасап, елі­міздің ілгері дамуына аса қажетті заң­дарды қабылдады. Олардың ішінде Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Әкімшілік, Салық, Кеден кодекстерін атап өткен жөн. Жалпы, қазақстандықтардың өмірінің барлық саласының жақсаруына Парламенттің қосқан үлесі зор.

Бұл туралы еліміздің Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз», деп атап өткен болатын. Жолдауда елі­міздің саяси жүйесін дамытуда «Күшті Пре­зидент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы ұсыны­лып, осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жі­ге­рі­мізді салуымыз қажет екені айтылған болатын. Бұл саяси жүйе формуласы – мемлекет тұрақтылығының негізі саналады.

Бүгінгі Парламентте мемлекетіміздің дамуына, еліміздің саяси-экономикалық өркендеуіне аса қажетті сапалы заңдар қа­былданып келеді. Тек өткен жылдың өзін­де еліміздің заңнамалық базасы ны­ғая түскені кәміл. Ол туралы Сенат Төр­ағасы М.Әшімбаев: «Парламент жыл бойы Мемлекет басшысының рефор­ма­ларын және еліміздің стратегиялық сая­сатын заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Жал­пы, биыл Парламент 110 заң қа­был­дады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды», деген болатын.

Мұның өзі депутаттардың қарқынды қызметінің көрінісі екені даусыз. Эко­номиканы қалпына келтіру, бизнесті қол­дау және азаматтарды әлеуметтік қор­ғауды қамтамасыз ету бойынша көп­теген заң қабылданды. Бұл туралы Се­нат басшысы «Жұмысымыздың негізгі басымдығы – ел экономикасын өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Пар­ла­ментте демократиялық процестерді нығай­туды, адам құқықтарын қорғауды және қор­шаған ортаны қорғауды көз­дей­тін бір­қатар құжат қабылданды. Әри­не, ауыл­дық жерлерді дамыту, шағын және орта биз­неске қолдау көрсету жә­не ұлт­тық құн­дылықтарды дәріптеу мәсе­лелері де күн тәртібінен түскен емес. Өткен жы­­лы Сенатта ұйымдастырылған бір­не­ше Пар­ламенттік тыңдау осы маңыз­ды бағыт­тар бойынша атқарылып жатқан жұ­мыс­­тардың нақты көрінісі болып табылады.

Таяуда ғана сенаторлар еліміздің аймақ­тарында жұмыс бабындағы сапарда болып, жергілікті жерлерде заң­дар­­дың орындалу, реформалардың жүзе­ге асырылу барысымен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Өңір­лердегі тұрғындардың айтқан талап-тілектері мен ұсыныстары заң жобаларын талқылау барысында ескерілетін болады. Мемлекетіміздің даму қарқыны мен экономиканың өркендеуіне сай қолда­ныстағы заңнамаға да тиісті өзгерістер енгізіліп, жетілдіріліп отырады. Заңдар заман талабына сай болуы керек. Бұл – біздің басты міндетіміз.

 

Ерік СҰЛТАНОВ,

Парламент Сенатының депутаты