• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қаңтар, 2021

Білім саласында заңсыздық белең алып тұр

1428 рет
көрсетілді

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен қанша күрес жүргізілсе де, оны түбегейлі тоқтату мүмкін болмай отыр. Қазіргі кезде қоғамда қызу талқыға түскен мәселенің бірі де осы. Сыбайластық қай саланы жайласа да, оны жегіқұрттай түбірімен жеп тынатыны анық. Ал «бармақ басты, көз қысты» әрекет болашақ ұрпақты тәрбиелейтін, қалыптастыратын білім саласында орын алып жатса, тіптен сорақы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда мұғалім мәртебесін көтеру керектігін айтып, оларға тиісті жағдай жасауды тапсырған еді. Бірақ мемлекет тарапынан қанша қолдау болса да, Жамбыл өңіріндегі білім саласында заңсыздық белең алып тұр.

 

Бір сөзбен айтқанда, заңға қайшы әрекет көп. Жалпы, облыс бойынша білім саласында серпінді әрекеттен гөрі, сыбайластық басым болуда. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық де­партаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, аймақтың білім саласындағы бірқатар заңсыздықты анықтаған. Мұндай жағдай, әсіресе, аудандардағы мектептер мен балабақшаларда көп орын алған.

Соңғы екі жыл ішінде, яғни 2018-2020 жылдар аралығында білім саласында 34 қылмыстық іс тіркеліпті. Мәселен, 2018 жылы Жамбыл ауданы білім бөліміне қарасты Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің директорына, Жамбыл аудандық білім бөліміне қарасты «Нұршуақ» балабақ­ша­сының меңгерушісіне, атал­ған ауданның Қостөбе ауылдық округі аппаратының «Жансая» бала­бақ­шасының меңгерушісіне және Бай­зақ аудандық білім бөліміне қа­рас­ты «Жансая» балабақшасының меңгерушісіне, аталған аудандағы «Дәулет» балабақшасының меңге­ру­шісіне қатысты қылмыстық істер анықталған. Ал 2019 жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы 15 қылмыс тіркелген. Аталған келең­сізд­іктер өңірдің Жуалы, Байзақ, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудан­дарындағы бірқатар мектептер мен балабақшаларда, сондай-ақ өзге де білім беру нысандарында орын алған.

Бұл жерде аталған аудандардағы бірқатар білім беру мекемелерінің бас­шыларымен қатар, кейбір мекеме­лер­дің есепшілерінің де қатысы болып отыр екен. Сонымен қатар былтыр облыстық білім басқармасына қарасты «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының» директорына, Шу аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына және аталған бөлімнің бірқатар есепшілеріне, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысына, Меркі аудандық білім бөлімінің бас маманы – аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы сияқты лауазымды тұлғаларға қатысты да 14 қылмыстық іс тіркелген.

«Жоғарыдағы көрсетілген қыл­мыс­т­арға талдау жүргізетін бол­сақ, білім саласында орын алған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде жұмысқа қабылдау үшін алы­натын пара, одан кейінгі кезекте мемлекеттік сатып алуға және қыз­меткерлерге артық ақша төлеуге бай­ланысты мемлекет қаражатын жымқыру деректері бірінші орында тұр. Сонымен қатар кейбір аудан­дық білім бөлімдерінде бір жыл­дың ішінде сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарының әртүрлі деректері бір­неше рет тіркелген. Яғни аудандық білім бөлімдеріне қарасты бірнеше мекеме қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мұндай жағдайды, әсіресе, Жуалы және Мо­йынқұм аудандарының білім бө­лім­дерінен байқауға болады», дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жо­ба­лық офисінің басшысы Назима Дәрменқызы.

Сонымен қатар жұмысқа орналасу, ақша жинау мәселелері бо­­­йынша да Тараз қаласындағы №32, №34, №43 және №53 мектептерде сауалдама жүргізілген. Аталған білім ошақтарында кейбір қызметкерлер ақша жинау дерегі кездесетінін айтса, кейбірі ішінара, ал кейбірі мүлде кездеспейді деп жауап берген. Сол сияқты бірқатар мұғалім жұмысқа орналасу үшін ақша бергенін айтса, енді кейбірі таныс арқылы жұмысқа орналасқанын жеткізген. Тараз қала­лық білім бөлімінің мәліметі бо­йын­ша соңғы 6 айда әртүрлі санаттағы 783 қызметкер қала мектептеріне жұ­мыс­қа қабылданған. Тәртіп бойынша мектепке бос ваканттық орынға қызметкер алу үшін міндетті түрде бос орын туралы хабарландыру қажет екен. Мәселен, қаладағы №3 мектеп соңғы жарты жыл уақытта 22 мұғалім, 6 техникалық қызметші және 1 есепші лауазымындағы адамдарды жұмысқа қабылдаған. Алайда аталған білім ошағы ешқандай орын бойынша хабарландыру бермеген. Сондай-ақ №34 мектепте жалған қызметкерлер анықталған. Яғни атал­ған білім ошағында электрик қызметіне қабылданған азаматтың бұдан бөлек өнеркәсіптік ауқымда күн және жел электр стансаларын жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен әрі пайдаланумен айналысатын ECAP Services Kazakhstan компаниясында 2015 жылдан бері вахталық әдіспен жұмыс істейтіндігі анықталған. Бірақ он бес күн бойы жұмыста болмағанына қарамастан, қызметкердің уақытты есептеу табе­ліне 7 сағаттық жұмыс уақыты то­лық деп көрсетілген. Мектептің ди­­ректоры мен есеп бөлімі 15 күн бойы Жуалы ауданында жұмыста болған адамға толық жалақы төле­ген. Мұндай жағдай барлық айда қайталанып келген. Сол сияқты атал­ған мектептің медбике және пси­холог қызметкерлерін жұмысқа қабылдағанда да осындай жағдай орын алған. Алайда медбикенің Тараз қалалық №6 емханада, ал психологтың облыс орталығындағы «Кардиохирургия және трансплан­тология ғылыми-клиникалық орта­лығында» жұмыс істейтіндігі анық­тал­ған.

«Көрсетілген фактілердің барлығы қазіргі таңда мектеп қабырғасында сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын көрсетеді. Осыған орай облыстық білім басқармасына анық­талған барлық фактілер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүр­гізіп, жауапты қызметкерлерге шара қолдануды ұсынамыз», дейді Назима Дәрменқызы. Келтірілген деректерге зер салсақ, өңірде білім саласын сыбайластықтың жайлағаны көрінеді. Мемлекеттің мекемесін өз меншігіндей билеп-төстейтін басшылар да жетерлік. Қазына қаржысына қол салу, қосымша жұмысы бар адамдарды қызметке қабылдап, оған толық айлық жазу және басқа да кемшіліктер қазіргі кезде білім саласының көкейкесті мәселесіне айналып отыр. Мұны, әрине, бір күнде тоқтату да мүмкін емес.

Біз аталған деректердің мән-жа­йын білу үшін облыстық білім бас­қармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергеновамен кездескенімізде, ол бұл мәселе бойынша зерделеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ бос орындар бойынша ешқандай хабарландыру бермей-ақ 29 адамды жұмысқа қабылдап жіберген №3 мектеп директорына сөгіс беріліпті. Ал өзге мекемелерде жұмыс істеп жүрген адамдар­ды жұмысқа алған №34 мектеп директорының мәселесі істің заңдылығын тексеру үшін про­ку­ратураға жолданды. Сонымен қатар өңірдің бас педагогі егер облыс­та­ғы білім ошақтарында қан­дай да бір заңсыздық орын алса, оның бас­шыларының жазасыз қалмай­тынын жеткізді.

«Қоғамда мектеп директор­ла­рының жұмысқа қабылдау үшін ақша сұрайтыны жиі айтылады. Бірақ ақша бергені туралы нақты бізге ешкім шағымданған жоқ. Егер осындай жағдай орын алып, директордың кінәсі дәлелденсе, оны қызметінен босатамыз. Өзге де жағдайлар бо­йынша шаралар қолданылады», дейді Г.Ходжабергенова. Әрине, кінәлі басшылар тиісті жазасын алар. Бірі сөгіс арқалап, бірі қызметінен босатылар. Бірақ тұтас ұлттың болашағын тәрбиелейтін, оқытатын білім сала­сының өзегінде жемқорлық дейтін жегі құрт болса, бұл да қоғамның, адамның дамуын тежейтін кеселдің бірі бола бермек.

Мектеп ешкімнің жекеменшігі емес. Білім ошағының басында отырған әр адам таза әрі әділ жұмыс істеуге міндетті. Егер осындай жағ­дайлар қайталана беретін болса, салаға деген сенімсіздік, мамандыққа деген құрметсіздік артуы мүмкін. Бұл ретте мемлекет сеніміне селкеу түсірмей, ұрпаққа білім беру міндетін мойнына алған әрбір азаматтың адал болуы маңызды дер едік.

 

Жамбыл облысы